Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Кейбір түрлерін пайдалануға тыйым салынады: Мәжілісте жасанды интеллектке қатысты жаңа заң жобасы мақұлданды

Фото: freepik.com

Мәжілістің жалпы отырысында “Жасанды интеллект туралы” және “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жасанды интеллект мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобалары бірінші оқылымда қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Жасанды интеллект туралы" заң жобасын мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Мәжіліс депутаттары әзірлеген, оны мәжілісте депутат Екатерина Смышляева таныстырды.

“Жасанды интеллекттің дамуы үлкен мүмкіндіктермен де, елеулі тәуекелдермен де жүреді. Осы салада құқықтық реттеудің болмауы – басты мәселелердің бірі болып қала береді. 
Бұл заң жобасы бірнеше міндеттерді шеше отырып, осы олқылықты жабады”, – дейді депутат.

Оның мәлімдеуінше, біріншіден, заң жобасы жасанды интеллект технологиясын пайдалану процесінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұнда біз пайдаланушылардың құқықтары мен бостандықтары, олардың жеке деректері туралы айтып отырмыз. Сонымен қатар, жаңа технологияны пайдалану кезінде барлық процестердің ашықтығы мен қауіпсіздігіне кепілдік беру өте маңызды. 

Екіншіден, заң осы саладағы әзірлеушілер мен инвесторлар үшін түсінікті және ашық "ойын ережелерін" жасайды. Бұл құқықтық сенімділікті қамтамасыз етеді, жасанды интеллект технологияларына деген сенімді арттырады және инвестицияларды тартуға ықпал етеді.

Үшіншіден, заң жобасы экономикада жасанды интеллектті енгізу кезінде мемлекеттің рөлін айқындайды. Сондай-ақ, біз жасанды интеллект саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу қағидаттарын белгілейміз.

Депутаттың айтуынша, заң жобасының маңызды бөлігі ұлттық жасанды интеллект платформасы болып отыр. 

“Бұл – жасанды интеллект өнімдерін әзірлеу мен қолдануға арналған бірыңғай инфрақұрылым. Аспаптық ортадан басқа, платформа жасанды интеллект модельдерін оқыту үшін деректер кітапханаларына әзірлеушілердің қол жетімділігін қалыптастырады және қамтамасыз етеді. 
Сондай-ақ, салаға қатысушылардың құқықтары мен міндеттері нақтыланады. Жасанды интеллект жүйе иелері өз жүйелерін пайдалану шарттарын белгілей алады, өз құқықтарын қорғай алады және тәуекелдерді басқара алады”, – дейді Смышляева.

Пайдаланушылар дербес деректерді қорғауға, жасанды интеллект жүйелерінің жұмысы туралы хабардар етуге және автоматтандырылған шешімдерге дау айту мүмкіндігіне ие болады.

Қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылады. Енді жасанды интеллект жүйелері тәуекел деңгейіне қарай жіктеледі – ең төменгіден бастап ең жоғарыға дейін. 

Жоғары тәуекел жүйелері аса маңызды ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектісіне жатқызылады. Бұл олардың қауіпсіздігін бақылауды қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, заң жобасы жасанды интеллект жүйелерін көмекшілерге, жартылай автономды жүйелерге және толық автономды алгоритмдерге бөледі. Соның нәтижесінде Қазақстан Республикасының аумағында кейбір жүйелерді қолдануға тыйым салынады.
Бұдан бөлек, жоба жасанды интеллектті пайдаланудың кейбір түрлеріне де тыйым салады:

  1. Адамдардың саналы келісімінсіз мінез-құлқына әсер ететін жасанды интеллектті қолдануға;
  2. Адамдардың осалдығын (жасы, мүгедектігі, әлеуметтік жағдайы) әдейі пайдаланатын жасанды интеллектті пайдалануға;
  3. Адамдарды әлеуметтік мінез-құлқы немесе сипаттамалары бойынша бағалауға немесе жіктеуге (әлеуметтік скоринг);
  4. Адамдардың эмоцияларын олардың келісімінсіз талдау үшін жасанды интеллектті пайдалануға;
  5. Заңмен рұқсат етілген жағдайлардан басқа кезде нақты уақыт режимінде қоғамдық орындарда бет-әлпетті тану үшін жасанды интеллектті қолдануға;
  6. Заңнамада тыйым салынған жасанды интеллект қызметінің нәтижелерін жасауға және таратуға тыйым салынады.

Депутаттардың айтуынша, заң жобасы Қазақстанда жасанды интеллекттің қауіпсіз және тұрақты экожүйесін құру жолындағы алғашқы, бірақ маңызды қадам болмақ.

Еске салсақ, бұған дейін Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның кезекті отырысында "Жасанды интеллект туралы" заң жобасы талқыланғанын жазған едік. 

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 14 Мамыр, 2025 15:55
Талқылау