Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мәжіліс депутаты жекешелендіруге қатысты: Бұл не мазақ?

Омархан Өксікбаев өзін-өзі ақтап отырған, тиімділігі жоғары мекемелер неге жекенің қолына сатылуы керектігін түсінбейтінін айтты.

ҚР мәжілісінің депутаты Омархан Өксікбаев үкіметке нысандарды жекешелендіруге туындап отырған бірқатар мәселеге тереңірек үңілуге кеңес берді, деп хабарлайды Sputnik.

Халық қалаулысы бүгінде өзін-өзі ақтап, мемлекетке пайда келтіріп отырған тиімді мекемелер неге жекешелендіруге шығарылғанын түсінбейтінін айтты.

“Бүгін біз бәрін жекешелендіреміз деп жатырмыз. Жалпы жекешелендіру нарықтық экономикада керек шығар, бірақ қай мал иесі сүтті мол беріп отырған сиырын сатады? Қарап отырсақ, сатылуға беріліп отырған нысандардың көбісі – бүгінгі таңда өзін-өзі ақтап отырған, рентабельдігі өте жоғары, мемлекетке тиімді, жүйелі басқарудағы мекемелер. Сонда оларды не үшін, кім үшін, неге сатамыз? Бұл сұрақты халық та қояды, мен де қоямын… Жаңа әріптестерім айтып кетті, кезінде біз әлеуметтік мекемелерді, балабақшалардың бәрін сатқыздық. Мұның бәрі халықаралық институттардың ұсынысымен сатылды. Ауыл шаруашылық нысандарын түгелдей саттық. Ақыр аяғында жекеге кеткендердің басын қоса алмай отырмыз қайтадан”,- деді Өксікбаев мәжілістегі үкімет сағатында.

Депутат өткенге талдау жасап, қателікті қайталамаудың жолын қарастыру керектігін атап өтті.

“Бүгін, сіздер бар дүниені сатып, енді тағы да тиімді жолын іздейік деп жатырмыз дейсіздер. Қаулы шықты, нысандардың барлығын жария еттіңіздер. Қаншама ресурс кетті, сараптама жасалды, нысандар бағаланды. Енді “Эйр Астананы” қайтадан қарайық дейді. Жаңағы “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін” тағы да қарап көреміз деп айтып жатырсыздар. Бұл не деген мазақ сонда? Неге біз қайтадан оралуымыз керек. Сендер соның бәрін қаулыға кіретін кезде зерделеп, сараптаған жоқсыңдар ма? Кім сараптады, кім ұсыныс берді? Онда соны шығарыңыздар, сол жауап берсін бүгін. Ал енді қазір сіздер кері оралатын болсаңыздар, онда мынау тізімнің бәрін қайтадан қарау керек”, — деп ашуланды депутат.

Өксікбаев осы орайда сенімгерлік басқаруға берілгелі жатқан “Сарыағаш” шипажайының тағдырына алаңдады.

“Кеше ғана маған хат келді. Өзін-өзі ақтап отырған, әлеуметтік “Сарыағаш” шипажайы сенімгерлік басқаруға он жылға берілгелі жатыр екен. Бұл Қазақстандағы ең арзан жолдама беретін, халыққа қолжетімді, емделетін шипажай. Өзін-өзі ақтап отыр, бюджеттен ақша сұрап отырған жоқ. Енді келіп, біз он жылға сенімгерлік басқаруға бермекпіз. Сол кезде не қалады? Біздің ұтарымыз не? Мұның барлығы үкіметтің жекешелендіру мәселесіне қайта оралуын талап етеді. Қайтадан қараңыздар, сараптаңыздар, бұл мәселе тереңдікті, жауапкершілікті талап етеді”, — деді халық қалаулысы.

Өксікбаев ұлттық экономика министрінен квазисектордағы нысандардың балансында қалған ақшаның қайда жұмсалатынын сұрады.

“Квазимемлекеттік секторда қаншама нысан сатылды, соның жүз миллиардқа жуығы толықтай өздерінің балансында қалды. Ал олар кеше ғана бюджеттің ақшасымен қалыптасқан квазисектор. Біз онсыз да оларға бүкіл дивидентті қалдырып отырмыз. Тимур Мұратұлы (ұлттық экономика министрі – (ред.ескерт.), сіз экономистсіз ғой, сол ақша қандай бағытқа кетеді ертең? Квазисектор ол қаржыны не мақсатта пайдаланады? Неге біз сол жағын айтпаймыз? Ертең халық та ақшаның қайда жұмсалғанын, кімнің қалтасына кеткенін сұрайды. Оны басшылар тағы да бонус қылып өздерінің қалтасына салатын шығар?! Мұның бәрін көріп жатырмыз ғой. Неге соның алдын алмаймыз?”, — деп қапаланды депутат.

Тағы оқыңыз:

Оралда қонақ үйден алматылық жігіттің өлі денесі табылды

Назарбаев: Наурыз түбінде біздің жаңа жылымызға айналады

 

 

Талқылау