Мәжіліс депутатының ағасы Медеудегі қонақүй құрылысына Қазақстан даму банкінен 8 миллиард теңге алған
Фото: Stan.kz
Қазақстанның даму банкі SADU Development компаниясына Алматы тауларында Ski & Spa Resort туристік базасын салуға 8 миллиард теңге несие берді. Бұл компанияның құрылтайшысы – Amanat партиясынан сайланған мәжіліс депутаты Руслан Қожасбаевтың ағасы Ерлан Қожасбай. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Kursiv.media желілік басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстанның даму банкі сайтында "SADU Development" ЖШС жобасының сипаттамасында "қала тұрғындары мен қонақтарының бос уақытын ұйымдастыруға, сондай-ақ коммерциялық негізде мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналған қызметтер кешені бар Ski & Spa Resort туристік базасын салу" деп жазылған
Жоба қонақүй кешенінің қызметтерін, тамақтану және тұру қызметтерін ұсынады.
Жобаның жалпы құны – 13 млрд теңге. Жобаны Қазақстан даму банкі 8 миллиард теңгеге қаржыландырса, 5 миллиардын қарыз алушының өзі шығарады.
Несие жылдық 6,5 пайыз мөлшерлемемен берілген. Несие мерзімі – 144 айға дейін (12 жыл).
Даму банкі сайтында "SADU Development" ЖШС-мен несие желісін ашу туралы келісімге 2024 жылы қол қойылғаны айтылған. Алайда Wayback Machine онлайн сервисінің мәліметі бойынша, 2024 жылғы 15 қарашадағы жағдайда Ski & Spa Resort туристік базасы Қазақстан даму банкі қаржыландыруға мақұлданған жобалар тізімінде болмаған. Платформада бұл парақшаның өткен жылдың желтоқсанындағы, сондай-ақ 2025 жылдың қаңтары мен ақпанындағы сақталған көшірмелері жоқ. Дегенмен 2025 жылдың наурызында Ski & Spa Resort тізімде болған.
Ол кезде жобаның жалпы құны 13 миллиард емес, 11,5 миллиард теңге болған. Несие сомасы өзгеріссіз – 8 млрд теңге. Наурыздан маусымға дейін қарыз алушы жобаға өз қаражатынан 1,5 миллиард теңге артық салуды ұйғарды деп болжауға болады.

"Күйеуім бала көтертпеу үшін вазэктомия жасатты": Екі баласымен корей азаматына күйеуге шыққан әйелдің өмірі қалай өзгерді
