Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутат Бақытжан Базарбек МӘМС бойынша бас прокуратураға төрт арыз дайындап жатқанын мәлімдеді

Бақытжан БазарбекФото: t.me/mazhilis_kz

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек "СК-Фармация" мен ірі фармацевтикалық компанияларға жүргізілген тексерулер барысында анықталған түрлі фактілерге байланысты бас прокуратураға арыз дайындап жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Маусым айының басында депутат "СК-Фармация" басшылары қылмыстық құқықбұзушылық белгілеріне қарамастан, жауапкершілікке тартылмай, тек қызметінен босатылғанына таңданыс білдірген еді. Сол кезде ол арыз жазатынын айтып, оларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне, қаржы мониторингі агенттігіне және бас прокуратураға жолдауды талап еткен болатын.

Үкімет кулуарында журналистер одан сол арыздардың жазылған-жазылмағанын сұрады.

"Қазіргі уақытта жоғары аудиторлық палатаның фармацевтика саласында жүргізген тексерісінің нәтижесі бойынша бас прокуратураға арыз дайындап жатырмын – нақты айтқанда "СК-Фармация" мен ірі фармацевтикалық компаниялардың қызметіне қатысты", –  деді Бақытжан Базарбек.

Депутаттың бұған қоса басқа да арыздар әзірлеп жатқаны мәлім болды.

"Бұдан бөлек, МӘМС бойынша бөлек арыз дайындалып жатыр – ол қаржыны жымқырған субъектілер бойынша. Сондай-ақ ауылшаруашылығы саласындағы субсидиялар бойынша арыз және үкіметтің есебі бойынша жеке арыз әзірленуде. 27 маусымда біз үкіметтің есебін бекіттік. Осыған байланысты да шілде айының соңында арыз жолдаймын", – деді ол.

Депутат барлығы төрт арыз әзірленіп жатқанын атап өтті.

"Осы төрт арызды мен бесінші сессия басталғанға дейін соңына дейін жеткіземін, бас прокуратурамен тығыз жұмыс жүргіземін. Қылмыстық істер қозғалып, тергеу, әшкерелеу, тұтқындаулар болғанға дейін барамыз", – деді Базарбек.

Аида Тақабаева
Дүйсенбі, 30 Маусым, 2025 13:45
Талқылау