Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мазақ қылу": "Итті 500 теңгеге сипау" қызметі қазақстандықтарды ашуландырды

Желіде Алматыдағы Арбатта кішкентай тор ішінде отырған иттердің суреті тарады. Бұл иттерді сипауға болады, бірақ ол ақылы – 500 теңге тұрады. Қазақстандықтар бұған наразылық білдіріп, иттерді бұлай қорлау заңға қайшы екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Дана Серікбекованың желідегі парақшасынан

Фото жақында Threads әлеуметтік желісінде жарияланды. Жазбада бірнеше үлпілдек шпицы мен мысық кішкентай торда отыр. Пост авторының айтуынша, бұл тор қаладағы басты жаяу жүргіншілер көшесінде орналасқан.

Айта кетейік, Қазақстанда 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап кез келген жануарлармен байланыста болатын хайуанаттар бағы мен жылжымалы көрмелерге тыйым салынатын заң қабылданған. Сондықтан мұндай "қызметтердің" заңдылығы әлі белгісіз.

Осы ретте желі қолданушылары иттің күтімі мен олардың жағдайына қатысты пікір білдірді.

"500 теңгеге сипау? Расымен бе? Адамдар есінен адасты ма? Бұл иттерді мазақ қылу ғой!", "Сұмдық! Қоғам қайда бара жатыр? Егер әр адам күшіктерді лас қолмен сипаса, олар инфекция жұқтырып, ауырып қалады. Кейбіреулер олардың тамақтанып, күтім көргенін айтып жатыр. Қалай білесіздер, олар аш емес деп?", "Мынау жиіркенішті... Жүрек ауырады", – деп жазды қолданушылар.

Дегенмен иттің иелерін қорғағандар да табылды. Пост авторы бұл белгілі Нелли атты асыл тұқымды иттерді өсіруші болуы мүмкін деп болжады.

"Олар несіне бейшара? Айдалаға тасталған жоқ қой. Ал иесінің дене бітіміне қарасақ, кім екенін білуге болады. Егер бұл Нелли болса, оларға жақсы күтім жасайды, тамағын да береді. Тұқымды иттерге сұраныс әрдайым болған", – деп жазды бір қолданушы.



Еске салайық, бұған дейін Шымкентте ер адам итті көлікке байлап, көшелерде сүйреткенін жазған едік. Видеоны жануарларды қорғау ұйымдарының бірі жариялап, иттің иесін жауапқа тартуды және жануарды тартып алуды талап етті. Жануарларды қорғаушылар полиция мен прокуратураға арыз түсіріп, мұндай әрекеттерді "төбелеске үйрету" деп ақтауға болмайтынын мәлімдеді. Олар итті қамқорлыққа алып, емдеуге дайын екенін жеткізді. Полиция ер адамның жеке басын анықтағанын және оны әкімшілік жауапқа тартқанын хабарлады. Алайда белсенділердің айтуынша, ол тек 10 АЕК (39 320 теңге) көлемінде айыппұл төлеген, ал ит өзінде қалған. Бұдан бөлек, шағымданушылар өздерінің қауіпсіздігіне алаңдайды, себебі олардың жеке деректері ит иесінің қолына түскен.

Талқылау