Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Орамалмен келгені, мұғалімді балағаттағаны үшін": Қазақстандық оқушылар қандай жағдайда мектептен шығарылады

Фото: ЖИ

Қазақстанда оқушылар қандай жағдайда мектептен шығарылады? Күні кеше шу болған Назарбаев Зияткерлік мектебінен шығып қалған оқушының мемлекеттік мектепке ауысуы қаншалықты заңды? Stan.kz тілшісі еліміздегі жалпы білім беретін мектеп пен Назарбаев Зияткерлік мектебінің ережелерімен таныстырып, оқушыларға тыйым салынған әрекеттердің тізімін жариялады.

23 мамыр күні бітіру кешіне бір күн қалғанда Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11 "L" сынып оқушысы Сұңқар Майқанды мектептен шығарып жіберді. Оқушы тоқсандық қорытынды бағалау кезінде академиялық адалдық ережесін бұзып, емтихан кезінде ұялы телефон қолданған. Телефон тәртіпке сай тәркіленген сәтте оқушы агрессия танытып, мұғалімге бейәдеп сөз айтып, балағаттаған. Сондай-ақ басқа оқушалырдың көзінше мұғалімге "ш...ва" деген. Назарбаев зияткерлік мектебі оқу жылының бітуіне бір күн қалғанда мұғалімді балағаттағаны үшін оқудан шығарылған 11-сынып оқушысын қайта қабылдаудан бас тартты. Кейін оқушыны басқа мектепке ауыстыру мәселесі қарастырылды.

Оқушының адвокаты Нұржан Мақсатовтың айтуынша, Сұңқар 12 жылдық білім беретін жекеменшік мектепке ауыстырылады, оның оқу ақысын НЗМ төлейді. Алайда оқушы Кембридж кеңесінің халықаралық емтиханын тапсыра алмайды.

Қарағандыдағы НЗМ-нен шығып қалған Әнел

Еске салайық, 2023 жылы Қарағандыда 13 жастағы Әнел есімді қызды сабақтан қалғаны үшін және орамалды шешуден бас тартқаны үшін Назарбаев Зияткерлік мектебінен шығарып жіберген еді. Қыздың сабақтан қалу себебі – оқушы діни сеніміне байланысты ақ түсті бас орамалды шешуден бас тартуы. Сол себепті ол сабаққа кіргізілмеген еді.

Оқушының ата-анасы жарты жылдан астам уақыт бойы түрлі мемлекеттік органдарға жүгініп, оны мектепке қайта қабылдауды талап еткен.

28 маусымда Қарағандыда әкімшілік сот қыздың әкесінің талабын қарастырып, оқушыны мектептен шығару заңсыз деп таныды.

"Сот бір күн ішінде ата-ананың талабын қарап, тараптардың уәждерін тыңдап, қыздың қалай киінгенін және басындағы орамалдың қандай екенін көріп, талапты ішінара қанағаттандырды: мектепті оқушыны қайта қабылдауға және оны 8-сыныпқа ауыстыруға міндеттеді, сондай-ақ мектептен шығару туралы бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жойды”, – деп жазды БАҚ.

Алайда мектеп әкімшілігі сот шешіміне қарамастан, қызды қайта қабылдау туралы өтінішті қабылдаудан бас тартты.

Оқушыны мектептен кім және қандай жағдайда шығарады?

Қазақстанда оқушыны мектептен білім беру мекемесінің жарғысын бірнеше рет өрескел бұзғаны үшін шығарады. Оқушыны мектептен шығару белгілі бір талаптар мен орта білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын қатаң сақтай отырып орындалуы мүмкін.

Оқушының мектептен оқу орнындағы жүріс-тұрыс тәртібі мен ережелерді жүйелі түрде бұзғандықтан шығарылады. Сынып жетекшісі оның лайықсыз тәртібі, үлгерімінің нашарлауы және істеген теріс қылықтары туралы баланың ата-анасын немесе басқа заңды өкілдерін (қамқоршы, қорғаншы, патронаждық тәрбиелеуші) уақытылы хабардар етуге міндетті.

  • Оқушы сабақтан 10 күн және одан көп уақыт дәлелді себепсіз қалған жағдайда ювеналды полиция бөліміне есепке алынады, ал ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
  • Бала мектепке барудан үзілді-кесілді бас тартса, ол соттың шешімімен әумесер мінез-құлықты балаларға арналған арнайы мектепке орналастырылуы мүмкін.

Ата-аналар мен мұғалімдер тарапынан уақытылы қабылданған педагогикалық шаралар бұл жағдайды баланың мектептен шығарылуына дейін жеткізбеуге көмектеседі.

Бала сабақтан шеттетілген жағдайда ата-анасы немесе басқа заңды өкілі (қамқоршы, қорғаншы, патронаттық тәрбиелеуші) мектеп директорына тиісті сұрақ бойынша арызбен жүгініп, шеттетілуді жазбаша негіздеуді талап етуге тиіс. Сабақтардан негізсіз шеттетілген жағдайда қалалық білім басқармасының аудандық бөліміне, қалалық білім басқармасының қамқоршылық және қорғаншылық жөніндегі бөліміне, қалалық прокуратураға арыз жазу қажет.

Он алты жасқа дейінгі балаларды білім беретін мемлекеттік ұйымдардан мынадай жағдайда шығарылады:

  1. Құқыққа қарсы әрекеттер жасаса;
  2. Білім беру ұйымдарының жарғысын өрескел және бірнеше рет бұзса.

Оқушыны мектептен шығаруға білім беру ұйымын мемлекеттік басқару органының шешімі бойынша ерекше жағдайларда рұқсат етіледі.

Жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды шығару туралы шешім қорғаншылық және қамқоршылық ұйымдарының келісімімен қабылданады.

Жалпы білім беретін мектептің ережесі

Мемлекеттік білім беру ұйымдарынан шығарылған балалар жалпы орта білім алуы түзеу мекемелері жанындағы жалпы білім беретін мектепте, кешкі және жекеменшік мектепте немесе экстернат нысанында оқуын жалғастыра алады. 

Мектеп оқушыларына тыйым салынады:

  • Қоғамдық тәртіпті, мектеп жарғысын, ішкі тәртіп ережелерін бұзуға;
  • Қару-жарақ, оқ-дәрілер, электрошокерлер, газ баллондары, пиротехникалық құралдар, спирттік ішімдіктер, темекі бұйымдары, кальян, психотроптық, улы және есірткі заттарды әкелуге, беруге немесе пайдалануға;
  • Оқу үдерісі кезінде мектеп ғимаратында мобильді байланыс құралдарын пайдалануға;
  • Мектепке лас, мыжылған киіммен, әдепсіз қысқа немесе ашық киіммен келуге, қандай да бір партияларға, діни ағымдарға және т. б. әр түрлі фан-қозғалыстарға жататынын ашық көрсетуге;
  • Айналадағылар мен білім алушының өзі үшін қауіпті салдарға әкеп соқтыратын кез келген өзге де іс-әрекеттерді жүргізуге;
  • Әңгіме кезінде әдепсіз сөздер қолдануға, қарым-қатынасты нақтылау үшін физикалық күш қолдануға, қорқытуға;
  • Мазмұны Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін және білім беру мен тәрбиелеудің мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келмейтін интернет ресурстарын пайдалануға.

Ал Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқушыны педагогикалық кеңестің шешімі негізінде мектептен шығарады.

"Өркен" білім беру гранты бойынша оқып жатқан оқушыларды келесі тәртіпбұзушылықтар үшін ұйымның жарғысына сәйкес мына жағдайда баланы оқу орнынан шығару көзделген:

  1. Әкімшілік немесе қылмыстық құқықбұзушылық жасаса;

  2. Жарғыны немесе білім алушыларға арналған ішкі тәртіп ережелерін өрескел немесе бірнеше рет бұзса;

  3. Сабаққа дәлелді себепсіз 10 оқу күнінен артық келмесе;

  4. Толық оқу жылы ішінде бір пәннен оқу жылын "қанағаттанарлықсыз" бағамен аяқтаса;

  5. Толық оқу жылы ішінде үш пәннен оқу жылын "қанағаттанарлық" бағамен аяқтаса;

  6. Қазақстан азаматтығынан айырылған жағдайда немесе Қазақстан азаматтығы жоқ болса.

Автономды білім беру ұйымынан шығаруға негіз ретінде білім алушының немесе оның ата-анасының (заңды өкілдерінің) себебін көрсете отырып берген өтініші де есептеледі. Оқушы педагогикалық кеңестің шешімі негізінде мектептен шығарылады. 

Назарбаев Зияткерлік мектебінің ішкі тәртіп ережелеріне сәйкес оқушыларға келесі әрекеттерге қатаң тыйым салынады:

  • Темекі және темекі өнімдерін, алкогольді ішімдіктерге арналған ыдыстарды (бөтелкелер мен банкалар), энергетикалық сусындарды, есірткі, психотроптық, химиялық және уландырғыш заттарды, жануарлар мен жәндіктердің уларын мектеп аумағына әкелуге, тұтынуға, сатуға және таратуға;

  • Мектепке немесе қоғамдық орындарға алкогольдік, есірткілік, токсикалық немесе басқа да мас күйінде келуге;

  • Бейәдеп сөздер мен қимылдарды пайдалануға, нормативтік емес лексиканы қолдануға;

  • Құмар ойындарға қатысуға, соның ішінде карта, бәс тігу, пари, лотерея және лотерея қызметіне, сондай-ақ оларды таратуға және жарнамалауға;

  • Кез келген қару түрлерін, өткір, кесетін және шаншитын заттарды мектепке әкелуге;

  • Діни көзқарастарды насихаттауға немесе мәжбүрлеуге, ұлтаралық араздықты қоздыруға;

  • Интимдік немесе жыныстық сипаттағы кез келген әрекеттерге баруға, соның ішінде фото және бейне түсірілім жасап, оларды қолданамын деп қоқан-лоққы көрсетуге;

  • Мектеп қауымдастығы мүшесіне, басқа жеке немесе заңды тұлғаға психологиялық зиян келтіруге (мысалы, мазақ ету, төбелес, бұзақылық, барлық түрдегі буллинг және кибербуллинг).

Басқа елдерде оқушыны қандай жағдайда мектептен шығарады?

Германия:

  • Оқушылар мен мұғалімдерді қорласа;
  • Оқушылар мен мұғалімдерге қатысты зорлық-зомбылық жасаса.

Ресей:

  • Оқушы ішімдік, темекі және есірткі қолданса;
  • Сабаққа үнемі себепсіз келмесе;
  • Нәсілге қатысты жанжал болса;
  • Емтихан кезінде оқушы шпаргалкамен ұсталса.

АҚШ:

  • Ішімдік, темекі және есірткі қолданса;
  • Оқушы бірнеше рет көшіргені үшін ұсталса;

Оңтүстік Корея:

Мектеп емтихандарында көшіріп жазу — ауыр құқықбұзушылық. Бұл тіпті қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Айыппұл салып немесе оқушыны түрмеге қамауы да ықтимал.

Еске салсақ, бұған дейін Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыны мұғалімді балағаттағаны үшін оқу жылының бітуіне бір күн қалғанда оқудан шығарып жібергені туралы жазған едік. Оқудан шығып қалған оқушы президентке үндеу жолдады.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 29 Мамыр, 2025 18:42
Талқылау