Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Майра Ілиясова экс-күйеуін қазіргі жарымен өзі таныстырып, үйлендірген

Танымал әнші Майра Ілиясова бұрынғы жолдасының балаларымен араласып, қажет кезінде көмектесіп, сыйлығын беруді де ұмытпайтынын айтты. Әнші бір кездері жолдасына екінші рет үйленуге рұқсат беріп, тіпті, қазіргі келіншегімен өзі таныстырғанын жасырмады.

Бұл туралы «Астана» арнасының «Сырласу» бағдарламасына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

Ілиясованың мұндай қадамға баруына дүниеге бір ғана қыз әкелуі себеп болған. Әнші жас кезінде концерт, гастрөл деп жүріп көп бала тумағанына өкінетінін жасырмады.

«Жас болсақ та, атақ алғанымыз дұрыс шығар деп ойлайтынбыз. Ол пендешілік деп ойлаймын. Әйтпесе балаларды көбейтіп, солардың ортасында шұрқырап отырғанға не жетсін? Ол кезде біз білмейміз, айтатын адам жоқ. Ата-анам өмірден ерте қайтты, әпкелерім тұрмысқа шығып, жан-жаққа кетті. Содан өмірдің бір өкініші қалды.

Қазір әншілердің бәріне айтамын, жоқ дегенде 5 қара домалақ бала дүниеге әкеліңдер. Күйеуге шығатын кезде айтыңдар, 1 минут та ұстамаймын, жіберемін, уақытында шығыңдар деп айтып отырамын.

Қазір үш немерем бар, төртіншісін Алла қаласа күтіп отырмыз… Қызыма үнемі: «Шамаң келгенше көп балалы болуға тырыс», – деп айтып отырамын», – дейді өкініш өзегін өртеген әнші.

Бұдан бөлек, Майра Ілиясова не себепті бұрынғы жарының жаңа отбасымен жақсы араласатынын түсіндірді.

«Бұрынғы жолдасымның отбасымен араласатыным, ол ешқашан менің көңілімді қалдырған емес. Арақ ішу, бір-бірімізді ренжіту, ұрып-соғу деген жоқ. Осы уақытқа дейін бір-біріміздің алдымыздан көсе көлденең өтпейміз. Ол мені Мәке, мен оны Бәке деймін.

Уақыты келгенде өзім: «Тоғжан жалғыз. Сен әп-әдемісің, бойың 2 метрден жоғары. Үйленсейші, бауыр керек Тоғжанға», – деп айттым.

Оған себеп қызым бір күні: «Мама, сендер төрт қызсыңдар. Шуылдап, шай ішіп отырғанда қуанамын. Мен неге жалғызбын?» деп сұрақ қойғанда есімнен танып қала жаздағам. Сонда қатты ойланып қалдым. Сабақ қой. Басында жолдасым өзі түсінбей қалды. Артынан жарайды деп келісті.

Рұқсат бергенім емес, қазіргі келіншегін өзім таныстырып, отбасы құруына көмектестік. Қазір олар келіп тұрады, біз де шай береміз. Майгүл деген тамаша келініміз, 5 жасар Әлинұр деген ұлы бар. Отбасы өте жақсы, келіншегі де, балапаны да өте ақылды. Тоғжанның әкесі бақытты, әкесі бақытты болса менің Тоғжаным бақытты, Тоғжан бақытты болса, анасы да бақытты. Жай ғана формула ғой», – дейді Майра Ілиясова.

Жасы келсе де бойжеткендердің өзін жолда қалдыратын Майра Ілиясова талай азаматтың сөз айтқанын жасырмады. Бірақ әнші ешқашан екінші рет тұрмыс құруды ойлаған емеспін дейді.

“Құдайға шүкір, маған көңілін білдіретін адамдар бар. Бұрын да болды, қазір де бар. Бірақ қызым бар, күйеубалам бар. Жас қыз ұқсап күйеуге шығайын деп жатырмын деп ойлаудың өзі мен үшін қиын дүние», – деп түсіндірді ол.

Жіберіп алмаңыз:

Дастан Оразбековтің жүкті келіншегі күйеуінің “серілік” жүрістері туралы айтты

Айдана Меденова күйеуінің бірінші некеден туған балалары жайлы айтты

Айгүл Иманбаева ұлының әкесінен асқан режиссер болатынын айтып мақтанды

Мәди: Әкемнің көзі тірі болса, Рымбаев деген тегіме қарсы болмас еді

Талқылау