Майқайың тұрғындары алтын қалдықтарын өңдеу кезінде экологиялық заңбұзушылықтар орын алғанын мәлімдеуде
Фото: freepik.com
Павлодар облысындағы алтын құрамды кен орындарымен танымал Майқайың кенті күрделі экологиялық қауіп-қатерге тап болуы мүмкін. Бұған себеп – байланысы көзге бірден байқалмайтын екі алтын өндіруші компанияның экологиялық заңнама талаптарын сақтамауы. Олардың бірі – экологиялық нормаларды елемесе, екіншісі – қауіпті өндіріс бойынша қоғамдық тыңдауларды жергілікті тұрғындардың қатысуынсыз өткізіп, олардың пікірі мен мүддесін ескерусіз қалдыруда.
Заңды байланыс: екі компания – ортақ мүдде
Оқиғаның өзегінде – “SA Minerals” ЖШС және “IBM Gold” ЖШС компаниялары тұр. Сырттай қарағанда бұл екеуі бір-бірінен тәуелсіз, алтын өндіру нарығында жеке-жеке жұмыс істейтін кәсіпорындар сияқты көрінуі мүмкін. Алайда шын мәнінде екеуінің арасында өзара байланыс бар. “SA Minerals” компаниясы Майқайың байыту фабрикасына тиесілі №1 техногендік минералдық түзілімдері (ТМТ) бар қалдық сақтау қоймаларының бірін басқарады. Ал “IBM Gold” осы қоймадан өндіріс жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Назар аударарлық бір жайт – 2021 жылы “IBM Gold” компаниясы дәл осы аумаққа қатысты өндіру келісімшарты таралатын жер телімін жалға алу құқығын “SA Minerals” компаниясына берген.
Екі компания заң жүзінде дербес болғанымен, олардың іс-қимылы өзара келісілген әрекет тәрізді көрінеді. Бұл жағдай рұқсат алу рәсімдерін жеңілдетіп, экологиялық салдарға қатысты толық жауапкершіліктен жалтаруға бағытталған болуы мүмкін.
Майқайың маңындағы экологиялық қауіп
“IBM Gold” компаниясынан жер учаскесін жалға алғаннан кейін, “SA Minerals” өңдеу зауытын салып, оны бір жылдан соң іске қосты. Зауыттың жұмыс істеп тұрғанын Statsnet сайтындағы анықтамада көрсетілген пайдалы қазбаларды өндіруге арналған салықтың тұрақты төленуі дәлелдейді.
Ашық дереккөздер мен жобалық құжаттамаларға сүйенсек, бастапқы құқық иеленуші өндірістік қалдықтарының түзілуін көздейтін гравитациялық және флотациялық байыту технологиясын таңдаған. Жер учаскесін басқа жалға алушыға бергеннен кейін де технология өзгермей қалды. “SA Minerals” осы әдісті үш жыл қатарынан қолданып келеді.
Айта кетерлігі, рұқсат алу мақсатында ұсынылған ресми хабарламалар мен есептерде қолданылып отырған технологияның қалдық түзетін сипаты туралы ешбір мәлімет көрсетілмеген. Ал бұл әдіс зиянды заттардың топыраққа және жерасты суларына өтуін болдырмау үшін арнайы қорғаныс қоймасының болуын талап етеді. Дегенмен жергілікті тұрғындардың бақылауы мен қолда бар фото видео материалдар қалдықтардың қорғаныс құрылғылары орнатылмаған ашық шұңқырларға төгілетінін көрсетіп отыр. Ауыл халқы бұл жағдайға алаңдаулы.
“SA Minerals” компаниясының өндірістік кешені Майқайың кентінің шетінде орналасқан. Бұл – қалдықтарды тұрғын аймақтарда көмуге тыйым салатын Экологиялық кодекстің 350 бабын тікелей бұзу болып саналады.
Ұзақ жылдар бойы өндірісте жұмыс істеген ауыл тұрғыны химиялық заттардың иісі, әсіресе зауыт жақтан соққан жел күндері жиі сезілетінін айтады.
“Жақын маңнан өтіп бара жатқанда, жағымсыз иіс қатты сезіледі. Мен оны жақсы білемін, себебі өзім де өндірісте жұмыс істегенмін. Егер олар концентрат дайындап жатса, демек, реагенттер қолдануда. Ал ондай технологияда арнайы қалдық сақтау орны болуы керек. Бірақ ондай нысан жоқ, әйтпесе көзіміз шалатын еді. Қалдықтар топыраққа сіңіп жатқандығы анық”, - дейді ол.
“Олардың өндірісі қызу жүріп жатқан кезде ауаға улы шаң тарайды. Бұл – жай ғана шаң емес. Қыста қардың түсі қызғылттанып кететіні соның айғағы. Топырақ та уланған. Төгілетін өндірістік сулар арнайы қоймада жиналып, тұндырылып, кейін техникалық мақсатта қайта пайдалануы керек. Ал бізде оларды еш өңдеусіз тікелей ауыл аумағына ағызып жібереді. Мұны бәріміз білеміз, адамдар өзара айтады”, - дейді Төлеген Р.
Оның пікірінше, қажетті инфрақұрылымның болмауы экологиялық апатқа әкеп соғуы мүмкін.
“Бұл зауыт жайылымның дәл жанында орналасқан, мал сол жерде жайылады. Жақын маңда стадион бар. Кешкісін ол жерде балалар да, ересектер де жүреді. Жеке өз басым кәсіпорынның құқықтық мәртебесіне күмәнмен қараймын. Бірде департамент қызметкерлері келгенде: “Бұл нысан тексеріле ме?” деп сұрадық. Олар: “Кәсіпорын тіркелмеген” деп жауап берді. Ал бұл – қауіпті өндірістік объект. Ешкім ештеңені қадағалап отырған жоқ сияқты әсер қалыптасады”, - дейді кент тұрғыны.
Зауыт тұрғын үйлерге тым жақын орналасқан. Арасы бір шақырымға да жетпейді. Ал санитарлық нормаларға сәйкес, қалдық сақтау қоймалары мен шлам жинақтағыштар секілді I дәрежелі қауіпті нысандар үшін санитарлық-қорғау аймағы кемінде 1000 метр болуы қажет.
“Қауіпсіздік талаптары бұзылып жатқаны анық, бірақ бұл мәселеге ешкім назар аударып отырған жоқ. Қыста қардың үсті қызғылт-қоңыр шаңмен басылып қалады, ал біз сол ауамен тыныстаймыз. Өндірістен шыққан шаң-тозаң ауаға тарап, айналадағы көпқабатты үйлер мен жеке секторларға жетеді. Денсаулығымызға айтарлықтай зиян келіп жатыр. Аллергия, бронхит секілді дерттер жиілеп кетті. Бұл компания үшін заң атаулының құны жоқ секілді”, - дейді ауылдың тағы бір тұрғыны Мақсат.
Оның сөзінше, көктем сайын Майқайың тұрғындары еріген қар суының ашық шұңқырлардан тұрғын үйлер орналасқан аймаққа қарай ағып жатқанын байқайды. Бұл – қоршаған ортаның ұзақ мерзімді ластануына әкелуі мүмкін. Майқайыңдықтардың пікірінше, ең үлкен қауіп – қалдықтардың жерасты су қабаттарына өтіп кетуінде. Ал тазарту құрылғылары мүлдем жоқ (және олар болмаған соң). Бұл жағдай болашақта ауыз су көздерінің ластануына және халықтың денсаулығына тікелей қауіп төндіруі мүмкін.
Жасырын заңдастыру: асығыстықтың себебі неде?
“SA Minerals” компаниясы кент іргесіндегі зауыт жұмысын жалғастырып жатқан уақытта, “IBM Gold” ЖШС Майқайың байыту фабрикасының №2 қалдық сақтау қоймасынан техногендік минералдық түзілімдерді (ТМТ) өндіру жобасын іске қосты. Кәсіпорын жұмысын заңдастыру мақсатында компания 2025 жылғы 17 наурызда қоғамдық тыңдау өткізіп, жобаның қоршаған ортаға әсерін бағалау жөніндегі есебін ұсынды. Алайда бұл шараға мүдделі жұртшылықтың толыққанды қатысуы қамтамасыз етілмеген. Ауыл тұрғындарының басым бөлігі тыңдау өткенін кейін білді. Шамамен 10 мың халқы бар елді мекенде жиынға бар болғаны 14 адам қатысқан. Осыған байланысты майқайындықтар тыңдау процедурасының заңдылығына күмән келтіруде, себебі ұйымдастыру барысына қатысты сұрақтар көп.
Мәселен, 2021 жылғы 3 тамызда қабылданған №286 қаулыға сәйкес, бекітілген қоғамдық тыңдаулар өткізу қағидаларының 16-тармағында компания жиынды алдын ала бұқаралық ақпарат құралдарында және қоғамдық орындарда жариялауға міндетті. “IBM Gold” бұл талапты орындағанымен, оны формалдық сипатта ғана жүзеге асырғаны байқалады.
Хабарландыру жарияланған негізгі ақпарат құралы – “Обозрение недели” газеті. Алайда бұл басылым Майқайыңда мүлде таратылмайды, ол тек жазылушыларға ғана жеткізіледі. Ауыл ішінде бұл газетке жазылған екі-ақ адам бар. Екінші ақпарат көзі ретінде “Ertis” телеарнасы пайдаланылған. 2025 жылғы 7 ақпанда бұл арнада қоғамдық тыңдау өтетіні туралы жүгіртпе жол көрсетілген (эфирлік анықтамамен расталған).
Бірақ арна тек Otau TV абоненттеріне ғана қолжетімді. Хабарландыру ауыл әкімдігі ғимаратының есігіне ілінгенімен, бұл тәсіл де халықтың кеңінен хабардар болуын қамтамасыз ете алмаған.
Кент тұрғындары мұндай маңызды мәселеде әлеуметтік желілер неге пайдаланбағанын түсінбейді. Мысалы, жергілікті әкімдіктің Instagram парақшасында 3,5 мыңнан астам, ал ауылдық мәдениет үйінің 5,5 мың жуық жазылушы бар. Жобаға қатысты құжаттар ecoportal.kz платформасына қоғамдық тыңдауға небәрі 8 күн қалғанда ғана жарияланған. Ал заң бойынша бұл құжаттар кемінде 30 күн бұрын қолжетімді болуы тиіс еді. Бұған қоса, аудан әкімдігінің ресми сайтында бұл туралы ешқандай ақпарат жарияланбаған. Бұл – заң талабын тікелей бұзу болып есептеледі.
Жергілікті тұрғындардың бірі қоғамдық тыңдаудың өткенінен екі аптадан кейін ғана білгенде, қатты таңғалғанын жасырмады. Айтуынша, ол бұрын-соңды мұндай кездесулердің бірде-бірін жібермеген. Себебі бұл мәселе оның өзі үшін өте маңызды. Ол Майқайыңда туған, қазір мұнда балалары өсіп келеді.
“Мен бұл тыңдаудың болғаның наурыз айының аяғында ғана естідім. Естуімше, хабарландырулар теледидарда, облыстық газетте жарияланған екен. Бірақ қазіргі таңда оны кім оқиды, кім қарайды? Аудандық газет болса бір жөн. Бәрі әдейі солай ұйымдастырылғандай әсер қалдырады. Бұл – мен үшін өте маңызды мәселе. Өз көзіммен көріп, олар не істемек, қандай реагенттер қолданбақ, бәрі қайда кетеді – соның бәрін білгім келеді. Әсіресе бізде жел үнемі соғып тұрады. Бұл тыңдаулар тек “есеп беру үшін” өткізілгендей”, - дейді Татьяна К. ашынған күйде.
“Біз Майқайыңның тіршілігі өндіріспен тығыз байланысты екенін жақсы түсінеміз. Біз тек бізбен санасуды сұраймыз. Бізде әңгіме тез тарайды. Егер халыққа ақпаратты шын жеткізгісі келсе, оны еш қиындықсыз жеткізер еді. Қазіргідей жағдайда бұл не әдейі жасалған, не мүлде хабардар еткісі келмеген. Демек, бәрі соншалықты қауіпсіз емес. Әйтпесе жұрттан жасырар себеп болмас еді”, - дейді Талғат К. сенімді түрде.
Алтын өндіруші компаниялар жер қойнауынан пайда көріп жатқанда, кент тұрғындары экологиялық жағдайдың нашарлауымен бетпе-бет келуде. Майқайыңдықтар бұл әрекеттерден заңды рәсімдердің бұзылуын және жобаны толыққанды қоғамдық талқылаусыз заңдастыруға жасалған әрекетті байқап отыр. Олар “SA Minerals” ЖШС-ның қызметін жобалық құжаттама дайындалғанға, арнайы қалдық сақтау қоймасы салынғанға және мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізілгенге дейін уақытша тоқтату қажет деп санайды.
Сондай-ақ 2025 жылғы 17 наурызда өткен қоғамдық тыңдаудың нәтижелері күшін жоюы тиіс деген талап қойып отыр.

"Артында төрт баласы қалды": Қаңтар оқиғасы кезінде мерт болған азаматтың отбасы 5 жылдан бері пәтер ала алмай жүр
