Майғазиев: Батырхан Шүкенов “ішімдік ішкен әйелден жеккөретінім жоқ” деуші еді
Бүгін Алматы қаласының сауда орталықтарының бірінде Батырхан Шүкеновтың 100-ге жуық суреті қойылған көрменің ашылу салтанаты өтті. Аталған көрме 15 қыркүйек пен 15 қазан аралығында жұмыс істемек.
Бұл туралы Stan.kz хабарлайды
Бүгін, 15 қыркүйекте “Батырхан Шүкенов атындағы қор” қоғамдық қоры артистің бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған суреттерін көпшіліктің назарына ұсынды. Дәлірек айтсақ, Esentai Gallery залында “BATYR.LIVE” атты бір ғана суретшінің туындыларынан құралған көрме өтті. Көрмедегі 100-ге жуық сурет Батырхан Шүкеновтың қасында 20 жылдан астам уақыт жүрген Николай Постниковке тиесілі.
Артистің суреттерін тамашалауға туған анасы мен ағасы Бақытжан Шүкенов те келді. Мұнымен қатар, Сәкен Майғазиев, Жанна Орынбасарова, “Дервиши” тобының әншілер келіп, өнердегі әріптесі, ағасы Батырхан Шүкенов туралы естеліктерін бөлісті.
“Батырхан ағамызды танымайтын қазақ жоқ шығар. Ол кісі ұстаз, аға, өнердегі үлгі тұтар азамат ретінде көп дүниелер жасады. Батырхан ағамызбен сөйлесудің өзі бір ғанибет еді. Себебі, ағамыздың мәдениеті өте жоғары. Биік белестерді бағындырып ұлық болса, соншалықты кішік бола білетін еді. ТМД елдерінің барлығы мойындаған әншінің біз секілді жандарға мойын бұрып, ақыл-кеңесін берген кезде шын мәнінде елжірейсің. Әлі күнге дейін сағынамыз. Жақсы көреміз. Тіпті келіншегім “Батырхан аға әлі күнге дейін тірі сияқты” деп айтып отырады. Қандай да бір салтанатты кешке барсам, Батырхан ағамның сөздері есіме түсіп кетеді.
Ол кісі “ішімдік ішкен әйелді жек көремін” дейтін. Сол сөзі әлі күнге дейін есімде қалыпты. Маған берген ақыл-кеңестері де өте көп. Әсіресе, мені Эстрада және цирк колледжіне ұстаз ретінде ұсынған кезде. Бірінші Роза Рымбаева, Батырхан Шүкенов, Медеу Арынбаев сынды ағаларымнан барып кеңес сұраған болатынмын. “Мен ұстаз болуға жарамайтын сияқтымын, өзімді әлі де шәкірт сезінемін” деген кезде, олар қанат беріп, шабыт сыйлап, қолтығымнан демеген еді. Ол кісіге айтар алғысым шексіз”, – дейді Сәкен Майғазиев.
Көрме кезінде келушілерге түрлі тағамдар ұсынылып, ыстық шай берілді. Қонақтар көрмені осылайша еркін аралап, суретке түсіп жатты. Ыстық лебіздерін бөлісіп, ұйымдастырушыларға алғыс айтты. Руслан Пашаев есімді студент жігіт Батырхан Шүкеновтың “Отан Ана” әнін жанды дауыста орындады.
“Көрменің ашылуына атсалысып, бүгін тамашалауға келіп отырған жандарға алғыс айтамын. Осы шараны көптен бері аңсап жүр едік. Батырдың қасында 20 жылдан астам уақыт бірге жүріп, оған білдірмей осыншама сурет түсіріп үлгерген Николайға рахмет. Ол өмірінің бір бөлшегін Батырға арнап, қызықты инсталляциялар жасады. Бұлар жәй ғана сурет емес, біздің мәдениетіміздің көрінісі. Эстрадамыздың артистерінің 20 жыл бұрын қандай болғанын, қандай шаш үлгісін қойып, қандай киімдер кигенін көрсетіп тұр. Ал суреттегі жандардан “еркіндіктің самалы” есіп тұрғандай. Олардың әндері де еркіндікті ту еткен еді”, – дейді Бақытжан Шүкенов.
Өз кезегінде Жанна Орынбасарова да өнердегі ағасы туралы естелігін бөлісті. Мұнымен қатар, суреттерді көріп қатты қобалжып тұрғанын, көрменің өте дұрыс ұйымдастырылғанын айтып өтті.
“Көрмеге кіре салысымен Олжасқа шараның өте орында ұйымдастырылғандығын, идеяның да дұрыс болғандығын айтып өттім. Суреттерді көріп қатты қобалжып тұрмын. Ол кісі кеткелі бір жылдан астам уақыт өтсе де, әлі күнге дейін сағынып жүрміз. Қазақта Батырхандай батыр жоқ. Бәлкім, алдағы уақытта дәл осындай жан дүниеге келетін шығар. Бірақ дәл қазір бұл әншімен ешкім де теңдесе алмайды. Ол өзінің ерекше талантымен, көзқарасымен есте қалды”, – дейді Жанна Орынбасарова.
Көрмеге қойылған суреттер Батырхан Шүкеновтың A-Студио тобының құрамында ән айта бастаған сәтінен бастап түсірілген. Бұдан өзге әншінің ең сүйікті аспаптары қойылды. Келушілер осы аспаптарда түрлі туындыларды орындап көру мүмкіндігіне ие болды.
Жасы үлкендер өздерімен бірге балаларын да ала келген екен. Олар да өз кезегінде әншінің суреттеріне қызығушылық танытып, әсерлерін бөлісіп жатты. Бірі суретке, енді бірі видеоға түсіріп әлеуметтік желіге жүктеуге асықты.
Аталған көрме Esentai Mall сауда орталығының 2 қабатында өтіп жатыр. Келушілерге 15 қыркүйек пен 15 қазақ аралығында есік ашық. Мұнымен қатар, қонақтар өздері ұнатқан суретті сатып ала алады. Көрменің әрлеу жұмыстарымен белгілі дизайнер Нұрлан Төреханов айналысып жатыр.
Жіберіп алмаңыз:
Батырхан Шүкенов Сафар Шәкеевтің кіндік әкесі болған
Батырхан Шүкеновтің соңғы арманы орындалды
Рымбаева: Батырхан кей жерде үнсіз қалып, басын изеуге мәжбүр болды