Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мәскеуде Путиннің АҚШ-тың арнайы өкілімен әңгімесі үш сағатқа созылды

Мәскеуде Путиннің АҚШ-тың арнайы өкілімен әңгімесі үш сағатқа созылдыФото: Александр Казаков/РИА Новости

Ресей президенті Владимир Путин Мәскеуде АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткоффпен кездесті. Олардың әңгімесі үш жарым сағаттан астам уақытқа созылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі РБК басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Кездесуге Ресей тарапынан Ресей президентінің арнайы өкілі Кирилл Дмитриев пен оның көмекшісі Юрий Ушаков қатысты.

Ал АҚШ тарапынан АҚШ президентінің күйеу баласы Джаред Кушнер және АҚШ-тың Жалпы қызметтер басқармасына қарасты Федералдық сатып алу қызметінің комиссары Джош Грюнбаум қатысты. Грюнбаум жуырда Дональд Трамп құрған Бейбітшілік кеңесінің атқарушы комитетінің аға кеңесшісі болып тағайындалып, Мәскеумен өткен келіссөздерде алғаш рет бой көрсетті.

Кездесудің қорытындысы туралы ресми ақпарат жоқ. Басылымның мәліметінше, келіссөздер барысында Украинамен байланысты реттеу мәселелері мен оған қатысты өзге де тақырыптар талқыланған. Бұған дейін Путин тараптардың Мәскеуді Бейбітшілік кеңесіне шақыру мәселесін және Ресейдің мұздатылған активтері тақырыбын қарастыратынын мәлімдеген еді.

Кейінірек ресейлік БАҚ Ушаков “Кремльде өткен кездесу барлық тұрғыдан Ресей үшін де, АҚШ үшін де пайдалы болды” деді.

“23 қаңтарда Абу-Дабиде қауіпсіздік мәселелері бойынша Ресей Федерациясы, АҚШ және Украинаның үшжақты жұмыс тобының алғашқы отырысы өтетіні жөнінде келісімге келдік. Ресей тарапынан келіссөздер тобын Барлау басқармасының басшысы Игорб Костюков басқарады”, –  деді Ушаков.

ТАСС агенттігінің мәліметінше, келіссөздер барысында Ресей аумақтық мәселе шешілмейінше Украинадағы ұзақ мерзімді реттеуге үміт артудың қажеті жоқ екенін мәлімдеген. Сондай-ақ Ресей түпкілікті келісімге қол жеткізілгенге дейін соғысты тоқтатпайтынын айтқан. Путиннің Кремльде америкалықтармен кездесуінде Бейбітшілік кеңесі, Гренландия және бірқатар өзге тақырыптар да қозғалған.

Кремльдегі келіссөздер Дональд Трамптың Давоста Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесуінен кейін араға көп уақыт салмай өтті. Көшбасшылар бұл байланысты оң бағалағанымен, Киевке кепілдіктер беру жөніндегі құжаттарға қол қойылған жоқ.

Бұған дейін Владимир Зеленский Ресей, Украина және АҚШ арасындағы үшжақты келіссөздер 23-24 қаңтарда БАӘ-де өтетінін хабарлаған еді. Financial Times басылымының дерегінше, тараптар “энергетикалық бітім” мүмкіндігін талқылап жатыр, ал америкалық делегация бұл мәселені Кремльдегі кездесуде көтеруді жоспарлаған.

Айым Болатқызы
Жұма, 23 Қаңтар, 2026 08:31