Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мәскеуде қазақ жігіттерін құл, қыздарын күң қылған дүкен жабылды

Шымкенттік Жәнібек Қаныбек пен Несібелі Ибрагимова тұтқында болғанын мәлімдегеннен кейін Мәскеудегі атышулы азық-түлік дүкенінің есігіне құлып салынған. Отандастарымыз онда күнкөріс қамымен барып, қара жұмысқа жегілген еді. Тіпті қожайындардан көрмеген қорлығы қалмаған, – деп хабарлайды КТК арнасы.

879808078756752701

Қарапайым жүкші болу үшін шекара асып, елге өлімші күйінде оралғандардың бірі – Жәнібек Қаныбек. 18 жасында құлдықтың құрбаны болған ол Мәскеуде өткен 2 жарым жылын тозаққа теңейді.

«Азаптайды, ұрады, соғады. Тамақ жоқ. Ұйқысы тыныш емес. Қыз баласын зорлайды, сөздің ашығы. Қоймада ұйықтайтынбыз ол жақта. Бетон да кәдімгі», – дейді Жәнібек Қаныбек.

Несібелі Ибрагимова да дәл сол қожайындардың алдауына түскен. Бастапқыда уәде етілген жалақыға қызыққан ол Мәскеуге өткен жылдың мамыр айында барыпты. Сөйтіп, 8 ай бойы қара жұмысқа жегіліп, кәдімгі жуындымен тамақтанған.

«Есіме алғым да келмейді. Бір айда бір рет сөйлестіргізеді. Өздері ұстап тұрады телефонды», – дейді Несібелі Ибрагимова.

Бұлар қашуға талай тырысқан. Бірақ онысы нәтижесіз болып, қара суық жертөлеге апталап қамалған кездері де болыпты. Қайта, құлдыққа түскен жігіттің бір әрекеті жүзеге асып, түрлі қиындықпен елге оралған. Ал Несібелінің бостандыққа шығуына мәскеулік еріктілер көмектескен.

«Несібелі менің үйімде 3 апта бойы тұрды. Дүкеннен алып шыққанда үстінің сау тамтығы жоқ. Дәрігерлерге көрсетіп, ем жасадық. 2012 жылы да осылай құлдыққа түскен бірнеше адамды құтқарғанбыз. Дүкен сонда да жабылмаған», – дейді «Альтернатива» қозғалысының мүшесі Алексей Никитин.

5 жыл бұрын да осы атышулы дүкенде құл болған отандастарымыз құтқарылған екен. Сөйтіп, еліміздегі құқық қорғаушылар ресейлік әріптестерімен бірігіп іс қозғапты. Бірақ сол күйі аяқсыз қалса керек. Енді, Несібелі мен Жәнібектің жағдайынан кейін мәселе қайта көтеріліп отыр.

«Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі қазіргі кезде Ресейдегі омбудсменға сондай сұраныс жіберіп, бірлесіп, бақылауға алу жөнінде іс жүргізілуде», – дейді Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталықтың басқарма басшысы Динара Оспанова.

Ал, осы шу шыққаннан кейін түрмеден бетер дүкен бірден жабылған. Есігіне мөр басылған нысанның айналасында тірі жан көрінбейді.

Дегенмен бұл қожайындардың құлдық жайлаған жалғыз дүкені емес. Азаптан құтылғандар Мәскеуде әлі талай қаракөздің қалғанын айтып отыр. Сондықтан бұл жолы да жабулы қазан жабулы күйінде қалмаса дейді. Айта кетсек, отандастарымызды құлдықта ұстағандар Ресей азаматтығын алған өзіміздің қазақтар.

Талқылау