Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мәскеуде қаза тапқан студент Томирис Байсафаның анасы Тоқаевқа жүгінді

Мәскеуде қаза тапқан студент Томирис Байсафаның анасы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгінді. Жанна Ахметова мемлекет басшысынан Ресей тарапына әділ сот талқылауын және алқабилерге ықтимал қысым жасалмауына қажетті шаралар қабылдау туралы өтінішін жеткізуді сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Жанна Ахметова Instagram-дағы парақшасында тергеу аяқталғанын, М. Меджидовтың кінәсі толық дәлелденгенін хабарлады. Айыптау қорытындысын прокуратура мақұлдады. Мәскеу қаласының Никулин аудандық сотында алдын ала отырыс 2021 жылдың 23 наурызына жоспарланған.

"Менің ойымша және тергеу тобының пікірінше, судьялар мен алқабилерге қысым жасалуы мүмкін деген нақты алаңдаушылық бар (мысалы, бірінші тергеу органы Мәскеу қаласының Никулин ауданаралық тергеу бөлімі, оның жетекшісі "суицид" бабы бойынша істі тез арада жабуға мүдделі болған кезде) және біздің барлық күш-жігеріміз бен РФ СК Бас тергеу басқармасының жұмысы құрдымға кетуі мүмкін", - деп жазды Ахметова.



Ол президентке жүгінгенін де атап өтті. Онда әйел Ресей тарапына әділ сот ісін жүргізу және алқабилерге ықтимал қысым жасалмауын қадағалау туралы өтінішін жеткізуді сұраған.

"Қазір маған сіздердің көмектеріңіз бұрынғыдан да қажет. Баланы өлтіру ісі әділ аяқталуы үшін немқұрайды қарамайтын балалары бар барлық адамдардан, достардан, блогерлерден бір болуды және осы ақпаратты Ресей мен біздің елдегі БАҚ-қа таратуға көмектесуді сұраймын", - деп түйіндеді ол.

Еске салайық, 2018 жылдың 13 сәуірінде Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының төртінші курс студенті Томирис Байсафа белгісіз жағдайда ЖОО-ның төртінші қабатының терезесінен құлап кетті. Қыз бірнеше жері сынып, көп қан жоғалтты. Сол жылдың 3 мамырында Томирис Склифосовский ғылыми-зерттеу институтында көз жұмды.

Дағыстанның экс-премьер-министрінің ұлы қазақстандық Томирис Байсафаны өлтірді деген күдікті екі айға қамауға алынғаны белгілі болды.

Бұған дейін Мәскеуде қаза тапқан қазақстандық Томирис Байсафаның анасы Жанна Ахметова қызын өлтірді деген күдікпен Муртузали Меджидовтың ұсталуына түсініктеме берген еді.

Айта кетейік, кеше ғана Томирис Байсафаның ісі сотқа жіберілгені хабарланды.

Талқылау