Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Марқұм кәсіпкер Александр Машкевичтің мұрасы кімге қалғаны белгілі болды

Фото: forbes.kz

Марқұм кәсіпкер Александр Машкевичтің қазақстандық компанияларындағы үлестерінің иесі ауысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

eGov деректеріне сәйкес, оның бірнеше активтегі үлесі шетелдік Central Asian DMCC компаниясына өткен. 

Үлескерлердің ауысуы Александр Машкевичтің Патох Шодиев және Ибрагимовтар әулетімен бірлесіп жұмыс істеген кәсіптерін қамтыды. Айта кетейік, 2019 жылғы бағалау бойынша байлығы шамамен 2,4 миллиард долларды құраған миллиардер, Израиль азаматы Александр Машкевич 2025 жылдың наурыз айында өмірден өткен еді.

2025 жылдың күзінде Central Asian DMCC компаниясы Александр Машкевичтің орнына “Еуразиялық өндірістік компанияның” құрылтайшылары құрамына кірді. Осыған ұқсас өзгерістер “Еуразиялық коллекторлық агенттік”, Advance kz және "Kazakhstan Mineral Resources Corporation Investment" ЖШС-терінде де орын алды.

eGov базасында Машкевич әзірге "Еуразиялық өнеркәсіптік компанияның" акционерлерінің қатарында көрсетіліп тұр. Алайда компанияның ресми есептерінде ірі акционер ретінде Central Asian DMCC компаниясы көрсетілген.

“Еуразиялық өнеркәсіптік компаниясына” “Альтаир Эйр” (жер телімдері мен қоймаларды жалға беру), “Боралдай әуежайы”, сондай-ақ “Жайлау” гольф-клубын басқаратын “Көкмайса” компаниясының 52% үлесі тиесілі. 

Central Asian DMCC компаниясы 2022 жылы Дубайда, DMCC арнайы экономикалық аймағында тіркелген (Қазақстанда 2025 жылдың қазан айында тіркеуден өткен). Kompra мәліметі бойынша, компанияның басшысы – Куген Фредерик Шарль Франуа Пьер. Қазақстанда компанияның мекенжайы ретінде Еуразиялық банктің штаб-пәтерінің мекенжайы көрсетілген. Central Asian DMCC-нің нақты иелері ресми түрде жарияланбаған.

“Еуразиялық өнеркәсіптік компаниясында” жаңа ірі акционердің пайда болуына байланысты Машкевичтің жұбайы Лариса, сондай-ақ қыздары Анна мен Алланың мәртебесі де өзгерген.

Бұрын олар акционердің жақын туыстары ретінде көрсетілсе, қазір жеке өздері дауыс беретін акциялардың 10%-ы және одан да көп бөлігіне иелік ететін тұлғалар ретінде тіркелген.

Сонымен қатар Машкевичтің өзге активтерінің тағдыры әзірге белгісіз. Ол “Еуразиялық қаржы компаниясының” 33% акциясына иелік еткен (оның құрамына Еуразиялық банк пен "Еуразия" сақтандыру компаниясы кіреді), сондай-ақ Eurasian Resources Group-та Патох Шодиевпен, Ибрагимовтар әулетімен және Қазақстан үкіметімен бірлескен үлесі болған.

Еске салсақ, 2025 жылдың 22 наурызында Eurasian Resources Group (ERG) пен Еуразиялық қаржы компаниясының иелерінің бірі Александр Машкевич 72 жасында көз жұмған еді.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 22 Қаңтар, 2026 22:30