"Марқұм 1,5 литр қан жоғалтқан": Шерзаттың қазасына қатысты сотқа Бишімбаев ісі бойынша танылған сарапшы Халимназаров шақырылды
Фото: Жоғарғы сот скриншот
Шеразат Полаттың өліміне қатысты сот отырысында жәбірленушілердің адвокаты Мейірман Шекеев сот-медициналық сарапшыны шақыру туралы өтініш білдірді. Оның айтуынша, сотқа Халимназаров атты сот сарапшысы келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін сотта мемлекеттік айыптаушылар сотталушылардың кінәсін растау үшін алғашқы сот-медициналық сараптама жүргізген сарапшыдан жауап алған еді. Оның сөзінен кейін адвокат Шекеев қосымша маман тарту туралы өтініш білдірді.
"Сондай-ақ біз қосымша сараптама жүргізген сарапшы Халимназаровты шақыруды сұрадық. Оның сотқа келуін қамтамасыз еттік. "Мемлекеттік сарапшының қорытындысынан кейін оның да қорытындысын тыңдағымыз келеді", – деді адвокат.
Сот қорғаушының өтінішін қанағаттандырды. Тахир Халимназаров сотта Шерзаттың өліміне себеп болған жарақаттарды мәлімдеді.
“Өлімге кеуде қуысындағы кесілген жарақат себеп. Жарақат арқылы өкпе жыртылып, ішіне көп мөлшерде қан кеткеннен көз жұмған. Қалған анықталған бетіндегі қанталау мен сызаттар сараптама әдістері бойынша, оны сыртқы жарақаттар деп айтады. Олар денсаулыққа зиян келтірмейді. Өлімге себеп бола алмайды. Олар жай ғана жарақат деп есептеледі. Тек ауырсыну тудырады, болды”, – дейді сарапшы.
Халимназаровтың айтуынша, мәйітті зерттеген кезде кеуде қуысынан 1,5 литр қан анықталған.
“Кесілген тамырлар мөлшері, жараға байланысты болады. Мәйітті зерттеген кезде кеуде қуысында 1,5 литр қан анықталған. Бұл көп мөлшерде. 500-600 милилитрден кейін адамның жағдайы ауырлайды. 1 литр қан тез жоғалса адам ауыр жағдайда болады. 1 литрге дейін қан кеткенше көмектескенде аман алып қалуға болар еді. Бұл жерде өкпе кесіліп, қан ішке кетіп қалған. Сол үшін аман алып қалу мүмкін болмаған. Оның үстіне кеуде қуысынан анықталған 1,5 литр қанға сыртқа аққан қандар қосылып, мөлшері көбейген. Адамды отырғызсаңыз да, жатқызсаңыз да жарадан қан аға береді”, – дейді Халимназаров.
Тахир Халимназаров кім және қалай танылды?
Еске салайық, өткен жылдың 9 сәуірінде сот сарапшысы Тахир Халимназаров Қуандық Бишімбаевтың сотында негізгі сарапшы болған еді. Ол марқұм Салтанат Нүкенованың алған жарақаттарының сипатын кәсіби сараптап, оның өлімінің себебі туралы сараптамалық қорытындысын жеткізді. Халимназаров адвокаттардың айыптау және қорғау тарапының сұрақтарына сенімді түрде жауап беріп, әрбір жауапты дәлелдейтін фактілермен келтірді.
Айта кетейік, бұған дейін Әйелін өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотында марқұм Салтанат Нүкенова қандай жарақат алғанын түсіндіру үшін сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров куәгер болғаны туралы жазған едік.

Қазақстандық баласына беделді мектепке оқуға түс деп қысым жасаған: Соңында жасөспірім өзіне қол жұмсамақ болған
