Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маркетплейстердегі бөліп төлеу қызметі несиеге теңестірілмек – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі

Фото: pixabay.com

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі маркетплейстердегі тауарларды бөліп төлеу қызметін несие ретінде қарастырып, оны реттеуге кіріседі. Агенттік бұл реттеу арқылы тұтынушылардың құқықтарын қорғап, финтех және телеком компаниялары ұсынатын қаржы өнімдеріне банк сияқты ережелерді қолдануды жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі LS порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мадина Әбілқасымованың айтуынша, агенттік қаржы технологиялық және телеком компанияларының кейбір қаржы қызметтерін реттеуді жоспарлап отыр. Тиісті нормалар құжатта көрсетілмек.

"Біз банктер туралы заң жобасын әзірлеу барысында қаржы технологиялық және телеком компаниялары, сонымен қатар кейбір маркетплейстер мен сауда алаңдары кредиттік қызмет атқаратынын талқыладық. Яғни олар қарыз береді. Егер бұл қызмет "несие" ұғымына толық сәйкес келсе, онда қарыз алушылардың құқықтарын қорғау үшін тиісті реттеу қажет", – деді агенттік басшысы.

Мадина Әбілқасымованың айтуынша, келесі жылы маркетплейстердегі бөліп төлеу қызметін реттейтін жаңа ережелер әзірленіп, қабылданатын болады. Қазір банкке жатпайтын кейбір тауарлар мен қызметтер маркетплейстерде несие немесе бөліп төлеу түрінде ұсынылады. Яғни бұл қызмет кредиттің барлық белгілеріне ие және егер ол шын мәнінде несие болып есептелсе, оны несие ретінде реттеу қажет.

Осындай қаржы өнімдері үшін үстемақы мөлшерлемесінің шегі белгіленеді және тұтынушылардың құқықтары қорғалатын болады. Мадина Әбілқасымова атап өткендей, бұл реттеу телеком және финтех компанияларының барлық қызметіне емес, тек агенттіктің бақылауына жататын қаржы қызметтеріне қатысты. Мұндай жағдайда оларға басқа кредит ұйымдарына арналған ережелер қолданылады.

Сонымен қатар агенттік басшысы XIII Қаржыгерлер конгресінде хабарлағандай, қазірге дейін телеком және қаржы технологиялық компанияларының ұсынған осы қаржы өнімдері бақылауда болмаған.


Банктер қазақстандықтардың шоттары мен несиелері туралы ақпаратты мемлекеттік кірістер комитетіне береді


Депутат қазақстандықтардың заңсыз алынған кредиттерін есептен шығару туралы ұсыныс жасады


Еске салайық, бұған дейін Temu мен Apple биыл Қазақстанға ең көп салық төлеген компаниялардың үштігіне кіргенін жазған едік. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2022 жылдан бастап елімізде цифрлық қызметтерге салық енгізілгелі бері шетелдік компаниялар жалпы 118,4 миллиард теңге салық төлеген.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 17 Қараша, 2025 14:11
Талқылау