Маңғыстау облысында үйіне оқ атылған жәбірленуші әйелдің ұлы да күдікті ретінде ұсталды
Маңғыстау облысының Жетібай ауылындағы тұрғын үйге жасалған қарулы шабуылға қатысты жаңа деректер шықты. Ұсталған бес күдіктінің ішінде жәбірленуші тараптың да ұлы бар екені анықталды.
Бұл жайында бізге Сандуғаш Милғалиеваның өзі телефон арқылы айтты, деп хабарлайды Астана арнасы.
“Олар менің ұлым оқ атты деп жазып жатыр. Бұл бұрын болған сияқты. Сондықтан баламды қорқыту үшін, олар біздің үйге келген. Олар барлығын сатып алды. Органдардың да қатысы бар, өйткені олар ана бұзақыларды отырғызбау үшін барын салуда”, – дейді жәбірленуші Сандуғаш Милғалиева.
Ішкі істер қызметі жәбірленушінің баласының құрықталғаны жайлы ешқандай ақпарат бермей отыр. Алайда, Сандуғаш Милғалиеваның айтуынша, қаскүнемдердің әрекетін тергеушілер қарапайым өш алуға жатқызған. Яғни бұған дейін ұлы күдіктілердің бірімен жанжалдасып қалған. Қазір барлығы уақытша қамау изоляторында.
“Қарақиян ауданының 5 тұрғыны ұсталды. Жастары 23 пен 27 аралығында. Қазірде тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер уақытша қамау изоляторына тоғытылды”, – дейді Маңғыстау облыстық ІІД баспасөз қызметінің басшысы Жазира Әбіл.
Еске салсақ, бұл оқиға өткен аптада болған. Қарулы шабуыл кезінде үйде екі ересек адам мен үш бала болған. Таңғы бестер шамасында қаруланған бір топ жігіт баспананы оқтың астына алады. Үй иесінің сөзінше, бұзақылардың бәрі бетпердеде болған. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Кейін шабуыл жасағандардың жәбірленушінің көршілері екені анықталған.
Тағы да оқыңыз:
Алматыда көлік жүргізген мас әйел өзін тоқтатпақ болған екі полицейді қағып кетті (видео)
Министр зейнетақының үш кезеңде қалай және қаншаға өсірілетінін айтып берді