“Науқастың ағзасын кескілеп тастады”: Маңғыстаулық дәрігер ота үстінде жасаған әрекеті үшін тергелуде
Видеодан скрин
Маңғыстаулық дәрігер ота үстінде науқастың ағзасын кескілеп тастағаны үшін айыпталған. Аурухана әкімшілігі бұл істі бес күн бойы жақындарынан жасырып келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жұбайының айтуынша, сұмдық жағдай дәрігерлердің аудиожазбасынан кейін ғана әшкере болды. Жаңаөзендік Қаныбек Құлжанов бір ай бұрын аяқасты жүрегі ауырып, ауруханаға түскен. Дәрігерлер жоспарлы ота жасауға кіріскен. Бірақ сол кіргеннен бес күн жақындарын жолатпапты. Араға апта өткенде ғана дәрігердің күдікті сұрағы көбейген.
"Ассистент дәрігер шақырып алды. Апа өкпесі қарайып кеткен деді. Не үшін қарайған дедім? Ол темекі шеге ме деп сұрады? Бір түрлі, әртүрлі сұрақтар қойды. Қабырғасы майысқан, спортқа қатысқан ба деп сұрады? Жас кезінде қатысқан шығар, не болды дедім?” – дейді марқұмның жұбайы Роза Дыбысова.
Сөйтсе, медицина мамандары бүлдірген ісін білдірмеу үшін бар жағдайды жасырған екен. Науқасқа қастандық жасалғанын аурухана қызметкерінің бірі жайып салды деп отыр марқұмның әйелі.
"Апа, осы сәтті жиналыста көтердік. Ағаға қастандық жасалынды деді. Реаниматолог дәрігер екен. Не болды дегенімде маған “Мен жаңа жиналыста бастап айттым, осындай қылмыстық іс әрекет болды. Сіз қалай үнсіз отырсыз деді. Сөйтсе жиналыстың аудиожазбасы бар”, – дейді ол.
Осылайша, Роза Дыбысова басында өкпесі қарайған дегені кеспейтін жерді тілгілеп тесіп жіберген дейді. Спортпен айналыса ма дегені де бекер емес болып шықты. Қабырғасын күштеп қисайтқанына сенімді. Ал келіншектің қолына тиген құпия аудиожазба тіпті шошытады.
"Негізі қасақана адам өлтіру мақсатында. Ішінде дәрігерлердің айтқан сөзі бар. “Көп болса, Маңғыстаудың бір адамы өледі. Несіне қиналасың” деген. Мен оны өтірік шығарып тұрған жоқпын. Бізде аудиожазбасы бар. Сонда бар өмірімізді, Алладан кейін дәрігерге табыстаймыз. Оған мұндай қастандық жасауға кім құқық берді?” – дейді Роза Дыбысова.
Кардиохирургтің мұндай жағдайға не үшін барғанын денсаулық сақтау басқармасы айта алмады. Полиция әйелдің арызынан кейін қылмыстық іс қозғаған.
"Медициналық көмекті тиісті деңгейде көрсетпегені үшін Қылмыстық кодекстің 317-бабы, 2-бөлігі – Абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіру бойынша дәрігерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Кінәлі адамдар заңда белгіленген тәртіппен жауапқа тартылады”, – деп мәлімдеді Маңғыстау облысы полиция департаменті ақпараттық саясат бөлімінің бастығы Әйгерім Ибатуллаева.
Қазір 56 жастағы науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы әлі ауыр. Ал туыстары Гиппократ антына осындай опасыздық жасаған маманды қасақана адам өлтіру бабы бойынша тергелуін талап етеді.
Еске салсақ, осыған дейін Қызылордада дәрігерлер толғақ қысқан әйелге 11 сағат көмектеспей, рұқсатсыз жатырын алып тастағанын жазғанбыз.

Дженнифер Лопестен Real Madrid-ке дейін: Әлемдік жұлдыздардың келуі Қазақстанға қандай пайда әкелді
