Маңғыстаудың төтенше жағдайлар департаменті 1,3 млрд теңгеге бір ғана өрт сөндіру көлігін сатып алмақ
Желіде Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті 1,3 миллиард теңгеге бір ғана өрт сөндіру көлігін сатып алатыны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: yaplakal.com
Ақпарат Мемлекеттік сатып алулар сайтында жарияланған. Онда алынатын тауарлардың техникалық ерекшелігі де көрсетілген.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен мән-жайды сұрап білді.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Ақтауда көпқабатты үйдің жоғары қабатында тұратын адамдарды төтенше жағдай кезінде құтқару үшін өрт сөндіру техникасын сатып алу қажеттігі туындады.
Фото: Скрин goszakup.gov.kz
"Ақтауда көпқабатты үйлер көбейген. Соған байланысты жоғары қабаттардағы адамдарды құтқару, эвакуациялау және өртті сөндіру жұмыстарын жүргізу үшін өртке қарсы баспалдақ, арнайы өрт сөндіру техникасын сатып алу қажеттігі туындады. Төтенше жағдайлар министрінің жарақтандыру нормалары туралы бұйрығына сәйкес, Ақтау қаласында ұзындығы 50 метрден асатын 2 бірлік әуе сатысы қажет. Қазіргі уақытта облыста биіктігі 35 метрге дейінгі 10 бірлік және 54 метрге дейінгі 1 бірлік техника бар. Оның ішінде 3 бірлік стандартты пайдалану мерзімінен (15 жылдан астам) жұмыс істеп тұр. Осыған байланысты, апаттық-құтқару жұмыстарын жеделдету үшін жылжымалы лифтпен, өртті сөндіру үшін тұрақты су беру үшін бақылау шүмегімен, түнгі уақытта авариялық-құтқару және эвакуациялау жұмыстарын жүргізуге арналған жарықтандыру құрылғысымен, зардап шеккендерге арналған зембілмен, қажетті электр қуатымен жұмыс істейтін 202 В көзі бар заманауи көпфункционалды арнайы техника сатып алу қажеттігі туындады", – делінген хабарламада.
Департамент мәліметінше, отандық өндірушілер талап етілетін техникалық сипаттамалары бар әуе сатыларын шығармайды. Сондықтан құрал жабдықтарды шетелдік өндірушілерден сатып алу жоспарланып отыр, дейді.
"Бұл қала тұрғындарының қауіпсіздігін және төтенше жағдай кезіндегі әрекеттердің тиімділігін арттырады. Арнайы әуе сатысының бағасы өндірушілер ұсынған баға ұсынысы бойынша бәсекелестік жағдайында мемлекеттік сатып алу порталында жарияланды", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Қызылорда облыстық филармониясы картинаны сегіз есе қымбат бағаға сатып алмақ болған ы туралы жазған едік.