Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстаудағы 19 жастағы сарбаздың өлімі: Сотта куәгерлер оқиға болған күнгі жайтты айтып берді

Астанада Ақтаудағы "Оймаша" полигонында оқ тиіп көз жұмған сарбаз Марат Барқұловтың өліміне қатысты сот отырысы басталды. Іске қатысты лейтенант Дамир Досов күдікті деп танылған. Сот отырысының алғашқы күнінде жәбірленуші тарап – марқұмның ата-анасы мен куәгерлерден жауап алынды. Дегенмен судья Тамара Королевская отырыс ашық өткенімен, фото және видео түсірілім жүргізуге тыйым салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Марат сарбаз

Фото: Stan.kz 

"Қоңырау шалып, ақша сұрауы жиіледі"

Сот отырысында алғашқы болып марқұмның анасы Асия Барқұлова жауап берді. Оның сөзінше, ұлы Марат Барқұлов әскерге өз еркімен аттанған. Дегенмен денсаулық жағдайына байланысты әскерде борышын өтеуге жарамсыз болса да, хирург жарамды деп медициналық тексерістен өткізіп жіберген. Сондай-ақ ұлы әр жексенбі сайын қоңырау шалып тұрғанын жеткізді. 

"Әр жексенбі сайын маған қоңырау шалатын. Алыста болған соң жағдайын сұрағанда, менде бәрі жақсы деп айтатын. Командирі бірден чат ашып берді. Сол жерге фотоларын жіберетін, тікелей сұрақ қоя алатын едік. 18 мамырды ант қабылдады, өзім де қатыстым. Барғаныма қатты қуанды. Ұлым пысық болатын, бір орында тұрмайтын. Баламның жағдайы жақсы екенін көріп, командирлермен сөйлесіп, көңілім орнына түсті. Телефонмен сөйлескенде "барған соң бәрін үтір нүктесіне дейін айтып беремін" деп уәде берген", – дейді ол.

Ал шілде айында Марат Барқұлов анасына командирі ауысқанын, оның орнына басқа адамның келгенін айтқан. Асия Барқұлова осы кезден бастап ұлының ақша сұрауы жиіледі дейді.

"31 шілде туған күнінен кейін ақша сұрауы жиіледі. Менен болмаса, әкесінен не әпкесінен ақша алған. Кейін достарынан да ақша алғанын білдік. Қыркүйектің алғашқы күндерінде белгісіз нөмірден қоңырау шалып, әкесінің байланыс нөмірін беруімді сұрап, тұтқаны қоя салды. Кейін тексергенімде бұл нөмірдің Дамир деген адамға тиесілі екенін анықтадым. 7 қыркүйекте де қоңырау шалып, әпкесінен ақша сұраған екен. Бұдан кейін әкесі қоңырау шалып, Мараттың әскерде атылып өлгенін айтты. Тұтқаны тастай салдым. Сосын командиріне қоңырау шалып едім, олар тұтқаны алмады. Демалыста болған Ақылжан есімді командиріне хабарласып, "Ұлым қайда?" деп сұрадым. Ол демалыста болса да, жұмысқа шақырғанын және не болғанын білмейтінін айтты. Сосын Ақылжанға хабарласып едім, Маратты атып тастағанын білдім", – дейді ол. 

Сот алдында Мараттың әкесі Ербол Кунтинов та жауап берді. Кунтинов та марқұм Марат Барқұловтың қоңырау шалып, ақша салып жіберуін сұрағанын айтады. Ұлы казарма аумағындағы дүкеннен азық-түлік алатынын жеткізген көрінеді. Алайда 7 қыркүйекте ұлының мерт болғаны жайлы суыт хабар келген. 

"Шатырға кіргенімде, сарбаздың сол жақ бетіне оқ тигенін көрдім"

Сотта куәгер, бөлім басшысы Бағдат Майлиев жауап беріп, қайғылы оқиға болған күнгі оқиғаны баяндап берді. Оның айтуынша, күдікті лейтенант Дамир Досов кезекшілік атқаруы керек болған. Сондықтан Макаров тапаншасын тексеріп, Досовқа тапсырған екен. 

"7 қыркүйекте 16:00-де нұсқаулық болуы керек еді, сол күні сарбаздан моншаға түсетінін. Кезекшілікке енді түсетіндерге 15:50-де нұсқаулық өткіздім. Содан кейін кезекшілікті тапсыратын әскери 9 миллиметрлік Макаров тапаншасының нөмірін жазып, лейтенант Досовқа берді. Сол кезде Досовқа таманшаны шығармауды, онымен ойнамауды және адамға қарай көздемеуді ескерттім. Оқсалғышты тапаншаға салып, тапаншаны мылтыққапқа салды", – дейді ол. 

Бағдат Майлиевтің айтуынша, санаулы уақыттан соң Досовтың борышын өтеп жүрген сарбазды атып тастағанын естіген. Шатырға жүгіріп кіргенде, жерде Барқұловтың жатқанын көріпті. 

"Шатырға кіргенде сарбазды көрдім, сол жақ бетіне оқ тиген. Ал Досов бетіне орамал басып, қанды тоқтатуға тырысып жатты. Тағы екі сарбаз болған. Сарбаздардың бірі тамыр соғысы бар-жоғын тексеріп тұрды. Полигонда байланыс нашар болғандықтан, жүгіріп дивизия командирін шақырмақ болдым. Бұл кезде командирдің өзі келе жатыр екен. Сосын көлік шақыру керегін айттым. Мен ауруханаға бірге бармадым. Әскери тергеу өкілдері келгенше тапаншаны алып, оқтың бар-жоғын тексердім. Сарбаздар тарапынан офицерлер мен сержанттарға шағым болмаған", – деп түсіндірді Майлиев. 

Сот отырысында Батыс аймақтық қолбасшылығының аға офицері Абдувахид Садиков пен үшінші сынып сержанты Алтынбек Карис, взвод командирі Нұрәлі Мақсұтов куәгер ретінде жауап берді. Мақсұтовтың айтуынша, ол Досовтың тапаншаны өзге сарбаздарға тақағанын естіген. Ал мерзімді қызметкер Балтабаев Досовтың тапаншаны басына кезегінен айтыпты. 

"Соттың әділ өтуін талап етемін"

Марат сарбаз

Фото: Stan.kz

Журналистерге пікір білдірген марқұм Марат Барқұловтың әкесі Ербол Кунтинов қылмыстық іске қатысты түсініксіз тұстардың көп екенін мәлімдеді. 

"Неге тек бір лейтенант сотталып жатыр, ал лауазымы жоғары басшылар қайда? Қарапайым кеңседе жұмыс істейтін қызметкерлерді алайық. Оған бірдеңе болып қалса, басшысы жауап береді ғой. Ал Досов көшеде жүрген адам емес, 5 жыл әскери білім алды. Оның да басшылары бар. Бұл іс менің балама ғана қатысты емес. Соңғы жылдары жүздеген сарбаз көз жұмып, мүгедек болып оралуда. Тәуелсіздік жылдары ешқандай соғыс болмаса да, жастарымыз өліп жатыр. 14 қаңтардағы сот отырысында бірқатар даулы жайттар орын алды. Мен сот отырысында видео және фото түсірілім жүргізілгенін талап етемін. Күдікті Досовты түсірмей-ақ қойсын", – деп ашынады Ербол Кунтинов. 

Айта кетері, сот отырысына жәбірленуші тарапқа қолдау білдіру үшін борышын өтеп жүріп көз жұмған Алмас Шахимовтің анасы Ииндира Туғанбаева мен өзге де ата-аналар келді. 

"Біз Ербол Кунтиновті қолдау үшін келіп отырмыз. Тергеу әділ жүріп, соттың әділ өтуін талап етеміз. Ақтау, Атырау, Шымкенттен келгендер бар. Бейбіт күнде баламызды әскерді жіберіп, неге табытпен қарсы алуымыз керек? Алмас та Марат секілді менің жалғыз ұлым еді. Сарбаздардың өлімі үшін ешкім жауап бермеді. Тек бір офицердің жазаға тартылуы қанағаттандырмайды. Ұлымды басқа адамдар өлтіруі үшін 19 жыл өсірдім бе?" – дейді Индира Туғанбаева. 

Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысындағы "Оймаша" полигонында "Батыс" өңірлік қолбасшылығы бөлімдерінің жиыны кезінде сарбаз көз жұмғаны жайлы хабарлаған едік. 

Ақпаратқа сәйкес 17:10 шамасында лагерь бойынша кезекші, гвардия лейтенанты ПМ 9 мм тапаншасынан оқ атқан. Салдарынан оқ қатардағы жауынгер Марат Ерболұлы Барқұловтың бетіне тиген. Сарбаз жедел ауруханаға жеткізілгенімен, 17:40 шамасында көз жұмды.

Талқылау