Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстауда жол апатынан қаза болған жеті әйелдің кім екені анықталды

Маңғыстау облысыФото: Марқұмдардың туыстарының дерекқорынан алынды

Маңғыстау облысында жол апатынан қаза тапқан адамдардың кім екені анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қайғылы оқиға 11 қыркүйекте Бекет ата қорымына барар жолда болған. Toyota Hiace көлігінің қатысуымен болған жол апатында 10 адам қаза тауып, тағы үшеуі жарақат алған. Қайтыс болғандардың көпшілігі әйелдер екені белгілі болды.

Мәліметке сәйкес, анықталған жеті марқұмның бәрі әйел кісілер. Олардың арасында Астана, Жаңаөзен, Қарағанды, Теміртау тұрғындары мен Қазақстан азаматтығын алған Ресей тумасы бар.

Сатыбалдиева Рахима Сардарқызы (02.03.1960), Түркіменстанда туған, Жаңаөзенде тұрған.

Аманжолова Гүлсім Қосайқызы (25.08.1969), Жаңаөзен тұрғыны.

марқұмФото: Instagram Ақмарал

Оның қызы Ақмарал Instagram желісінде анасына жазба арнады.

"Бүгін өмірімдегі ең ауыр күн! Жүрегім езіліп тұр… Алла анамның күнәларын кешсін", – деп жазды ол.

Джимбаева Агорн (15.12.1958), Қазақстан азаматы, Жаңаөзен тұрғыны.


Оразбаева Ғалия Қайнулинқызы (04.07.1989), Ақмола облысының тумасы, Астанада тұрған.

Измайлова Сәуле Әбілқасенқызы (14.11.1968), Қарағанды тұрғыны.

Виденская Лариса Александровна (10.12.1969), Ресейде туған, Қазақстан азаматы, Қарағандыда тұрған.

Вострецова Наталья Николаевна (26.06.1974), Теміртау тұрғыны. 30 жылдан астам уақыт бойы "АрселорМиттал Теміртау" металлургия комбинатында токарь болып жұмыс істеген. Жеті бала тәрбиелеген. Қайғылы оқиғаға дейін жергілікті басылымға сұхбат беріп, еңбегі мен отбасы жайлы айтып берген екен.

Жол апаты қалай болды?

Қайғылы оқиға 11 қыркүйектен 12 қыркүйекке қараған түні, Қарақия ауданындағы Сенек ауылынан 90 шақырым жерде болды. Жолаушылар отырған Toyota Hiace шағын автобусы жол жиегіне аударылып кеткен. Алдын ала болжам бойынша, жүргізуші рөлге ие бола алмаған.

Апат салдарынан 10 адам қаза тапты. Сегізі оқиға орнында, тағы екеуі ауруханаға барар жолда көз жұмған. Тірі қалған үш адамның жағдайын дәрігерлер ауыр деп бағалап отыр.

Жүргізушінің кінәсі бар ма?

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қылмыстық істі тергеуді жеке бақылауына алды. Тергеу аясында жүргізушінің әрекеті, көліктің техникалық жағдайы, бағыт және жолаушыларды тасымалдау шарттары зерттеліп жатыр.

Қаза тапқандардың отбасына көмек

Ішкі істер министрінің тапсырмасымен Маңғыстауға Ұлттық ұлан авиациясының ұшағы жіберілді. Бортта марқұмдардың туыстары болды. Оларды мәйіттерді тану рәсіміне алып келді. Сол ұшақпен қаза тапқандардың денелері туған өңірлеріне жеткізіледі.

ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешевтің айтуынша, марқұмдардың бесеуі – Қарағанды облысының, бірі – Астананың тұрғыны. Ол:

"Бұл қадам марқұмдардың отбасыларына жедел көмек көрсету үшін, соның ішінде денелерді тану, жеткізу және жерлеу рәсімдеріне қатысу мақсатында жасалып отыр", – деді.

Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысында жол апаты болып, 10 адам қаза тапқаны туралы жазған едік.

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 12 Қыркүйек, 2025 17:56
Талқылау