Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстауда қаза тапқан сарбаз Марат Барқұловтың өліміне қатысты кімдер жазаланды

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қарулы күштер Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы Мереке Көшекбаев Маңғыстау облысында мерзімді қызметін өтеп жүрген кезде қаза тапқан сарбаз Марат Барқұловтың өліміне қатысты қызметтік тергеу нәтижелері туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото Марат Барқұловтың отбасы архивінен

Спикердің айтуынша, бұл факт бойынша қызметтік тергеуді қорғаныс министрлігінің басшылығы, министрдің орынбасары жүргізген. Қазір іс бойынша сот Астанада өтіп жатыр. 

"Қылмыстық іс бойынша айыпталушы ретінде взвод командирі лейтенант Дамир Досов танылды. Бұл офицер – 2024 жылғы әскери оқу орнының түлегі. Өткен жылы тамыз айында әскери бөлімге қызметке келіп, қыркүйек айында "Оймаша" полигонына жіберілген", – деді Мереке Көшекбаев. 

Генерал-майордың айтуынша, лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Қорғаныс министрінің бұйрығы негізінде "Батыс" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал Бауыржан Артықов жазаланған, "Батыс" өңірлік қолбасшылығының әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің бастығы атқарып отырған қызметінен босатылған. Үш лауазымды тұлғаға қызметке толық сәйкес емеc екені жайында ескерту жасалған. Ал төрт офицерге түрлі тәртіптік жаза түрлері тағайындалған.


"Қарумен мақтанғым келді": Әскерде оққа ұшқан Марат Барқұловтың өліміне қатысты күдікті сот алдында жауап берді


"Біз, офицерлер ретінде, лейтенант Досовтың қарамағындағыларға және жалпы өз қызметтік міндеттерін орындауға қатысты тәртіпсіздігі мен қылмыстық салақтық көзқарасын мойындаймыз", – деп түйіндеді Мереке Көшекбаев. 

Еске сала кетсек, қазір Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотта Қорғаныс министрлігінің "Батыс" өңірлік қолбасшылығының 25744 әскери бөлімінің бұрынғы взвод командирі Дамир Досовтың ісі қаралып жатыр. Ол 18 жастағы мерзімді қызметтегі сарбаз Марат Барқұловты қасақана өлтірді деп айыпталып отыр. 22 жастағы Дамир Досов сотта оқты қасақана атпағанын айтқан еді.

Талқылау