Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстауда ер адам өзіне қол салғаннан кейін ғана 13 жастағы өгей қызын зорлағаны туралы арыз түскен

Фото: eanews.ru

Маңғыстау облысында 13 жасар қызға қатысты жантүршігерлік зорлық-зомбылық дерегі күдікті ер адам өз-өзіне қол жұмсағаннан кейін ғана белгілі болды. Қайтыс болғанына төрт күн өткен соң полицияға түскен арызда қылмысқа қыздың өгей әкесі күдікті ретінде аталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәліметтерге сенсек, ер адам қайтыс болғаннан кейін төрт күн өткен соң полицияға оның 13 жасар өгей қызын зорлағаны туралы хабарлама түсті.

Полицияның мәліметінше, 2026 жылғы 20 қаңтарда Маңғыстау облысы Шетпе ауылында 42 жастағы жұмыссыз ер адам өз үйінің аумағындағы ғимаратта мылтықпен өзін-өзі атып өлтірген. Қару оның денесінің жанынан табылған.

24 қаңтар күні "102" жедел желісіне 13 жасар қызға қатысты зорлық-зомбылық дерегі бойынша хабарлама келіп түскен. Тексеру барысында полиция күдіктінің аталған қыздың өгей әкесі екенін және оның бұған дейін көз жұмған сол ер адам екені анықталған.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодексінің 120-бабының (Зорлау) 4-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Полиция өкілдері баланың құқықтары толық қорғалып жатқанын, сондай-ақ тергеу мүддесіне байланысты қосымша ақпарат жарияланбайтынын хабарлады.



Еске салайық, бұған дейін Астанада 7 жасар шөбересін зорлаған атаға үкім шыққанын жазған едік. Қылмыс баланың туған күніне туыстары жиналған кезде үйде болған. Үлкен атаны оқиға орнында отбасы мүшелері ұстап алған. Бұл мән-жайлар куәгерлердің айғақтарымен және сот-медициналық сараптама нәтижелерімен, соның ішінде генетикалық тестімен расталды. Сот айыпталушыны Қылмыстық кодекстің 121-бабының 4-бөлігі "Жыныстық зорлық-зомбылық көрсету" бойынша кінәлі деп танып, 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 27 Қаңтар, 2026 15:24