Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстауда биліктен жұмыс талап еткен бір топ ер адам ереуілге шықты

Маңғыстау облысында биліктен жұмыс талап еткен бір топ ер адам ереуілге шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Видеодан скрин

Ереуілге шыққандар жергілікті басшылар мен үкімет мүшелерінің арасында сыбайлас жемқорлық әрекеттері бар екенін айтады. 

"Бүгін 30 қаңтар, таңғы 6:30, билік өкілдерінен ешкім келмеді, не болып жатқанын сұрамады. Біз – жұмыссыздар, шамамен 300-дей адам бармыз, әлі келеміз дегендер де бар. Біраз уақыттан бері осылай сандалып жүрміз. Бізге келіп, көмек көрсететін билік өкілдерінен, басшылықтан ешкім жоқ. Мен өзім Қаражанбаста жұмыс істеймін, жүргізушімін. Біздің жүйе туралы қысқаша айтып берейін – Қаражанбаста 13 жыл бойы кәсіпорынды тонап келген адамдар әлі басшылықта отыр. Егер сен біреудің жерлесі болмасаң, таныстарың жоқ болса, қызметте өсуге, жұмысқа орналасуға еш мүмкіндік жоқ, осылай шығып, талап қоюға тура келеді. Талап қойған кезде көмек көрсетіп, басшылықтың жіберген қателіктерін тексеріп, халық үшін осы мәселелермен айналысса, онда басқа әңгіме. Бірақ, өкінішке қарай, олай болмай жатыр. Тек бір ғана күдік бар – басшылар мен үкімет өкілдеріің сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар, өз адамдарын орналастырады, бәрі содан болып жатыр", – дейді желіде тараған видеодағы ер адам. 

Кадрлардан алаңға көп адам жиналғанын көруге болады. Ер адамның сөздерінен кейін көпшілік "Талап етеміз!" деп дауыстайды. 

"Біз мұның бәрін тоқтатып, талап қоюымыз керек. Дұңға кәсіпорны бойынша облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай мен "ҚазМұнайГаз" басқарма төрағасының орынбасары Есқазиев арасында меморандумға қол қойылған, бірақ әлі күнге дейін басқа өңірлердің кәсіпорындарымен жұмыс істеп, сол жақтан адамдар алады. Мысалы, Дұңғаның өзінде түгелдей дерлік атыраулық кәсіпорындар жұмыс істейді. Сондықтан біз өзімізді жұмысқа алуды талап етеміз. Жақсы, Атыраудың адамдары да жұмыс істесін, бірақ айтқанымыздай, бізге де назар аударсын", – дейді ер адам.

Маңғыстау облысының әкімдігі әзірге жағдайға қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. 

Еске салсақ, 2024 жылдың желтоқсанында "Қазақмыс" корпорациясының кеншілері басшылықтан жалақыларын көтеруді талап етіп, ереуілге шыққан еді. 

Талқылау