Маңғыстау облысында сынып жетекшісімен бірге теңізге барған оқушылардың бірі суға батып, қаза тапты
Маңғыстау облысында оқушылар сынып жетекшісімен бірге автобуспен 63 шақырым жол жүріп теңізге барған. Теңізде жасөспірім суға батып, қаза тапты. Қазір сынып жеткшіге сөгіс жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі inaktau.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен брифингте білім бөлімінің басшысы Динара Жұмашева суға кеткен жасөспірімнің Мұнайлы ауданындағы мектептердің бірінің оқушылар тобының құрамында болғанын айтты. Жасөспірімдер сынып жетекшісімен бірге автобуспен теңізге барған. Салдарынан қайғылы оқиға орын алды.
"Мектеп оқушыларының жанында сынып жетекшісі болған. Ол өз міндетіне салғырт қараған. Ақырында өлімге әкелген мұндай өрескел қателікке жол бергені үшін біз оған қатаң түрде сөгіс беруге мәжбүрміз. Мереке алдында біз бірнеше рет брифингтер, алдын алу шараларын өткіздік. Алайда ата-аналар тыйымдардың маңызын мойындамайтын фактілерге тап боламыз. Біз оларға ең бастысы – қауіпсіздікке басымдық беру керектігін жеткізуге тырысамыз. Жаздың алғашқы айы әлі біткен жоқ. Бірақ қазірдің өзінде балалар мен жасөспірімдердің он өлім ісі тіркелді. Сондықтан, біз жаңа шараларды қабылдауға мәжбүрміз. Енді ата-ана тарапынан немқұрайлылық танытса, іс материалдары кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау комиссиясына жіберілетін болады. Ата-аналардың жұмыс орнына да тиісті хаттар жолданады", – деді Динара Жұмашева.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Нұрлыбек Айжарықовтың айтуынша, Маңғыстау облысында шомылу маусымы басталғалы алты адам, оның ішінде үш кәмелетке толмаған жасөспірім суға батып кеткен. Ал тек соңғы аптаның өзінде теңіз бес адамның өмірін қиған. Оның екеуі жасөспірімдер.
"Бәрі бір сәтте мәнсіз болып қалды": Таяу Шығыста қиын жағдайға тап болған қазақстандықтар көргендерін айтып берді