Маңғыстау облысында өңірлік инвестициялық штабтың отырысы өтті

Маңғыстау облысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Асхат Ораловтың төрағалығымен өңірлік инвестициялық штабтың отырысы өтті.
Мемлекет басшысы биылғы жылдың 8 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында инвестиция тарту жаңа әрі тиімді тәсілдерді енгізуді талап ететін басым міндеттердің бірі екенін ерекше атап өтті. Президенттің тапсырмасына сәйкес, Маңғыстау облысында жергілікті атқарушы органдардың инвесторларды сапалы әрі нәтижелі қолдау мәселелеріндегі қызметін үйлестіру мен бақылауды күшейтуге бағытталған өңірлік инвестициялық штаб құрылды.
Бүгінгі отырысқа мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, қала және аудан әкімдері, облыстық прокуратура, квазимемлекеттік ұйымдар, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асырушылар қатысты.

Облыс әкімі Нұрдаулет Қилыбайдың тапсырмасы бойынша кеңес барысында инвестициялық жобаларды сүйемелдеу процесін жетілдірудің негізгі тетіктері талқыланды. Инвесторлармен өзара іс-қимылдың сапасын арттыру, кері байланысты нығайту және туындайтын мәселелерді қарау рәсімдерін жеделдетуге ерекше назар аударылды.

Жыл басынан бері өңірде жалпы құны шамамен 230 млрд теңгеге 17 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Жыл соңына дейін жалпы сомасы 38 млрд теңгеге тағы 5 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

Отырыста сөз сөйлеген облыс әкімінің бірінші орынбасары Асхат Оралов өңірдің инвестициялық саясатын одан әрі жетілдірудің маңыздылығын атап өтті.
"Басты міндет – инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасау, туындайтын мәселелерді жедел шешу және барлық рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету. Әрбір жоба өңір үшін маңызды. Өйткені оның артында жаңа жұмыс орындары, экономикалық өсім және тұрақтылық тұр", – деді ол.
“Не үшін тудық, не үшін бақтық?”: Ата-ананың балаға өзін асырау міндетін жүктеуі қазақстандықтар арасында қызу талқыланды