Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстау облысында дәрігерді жұмыс орнында пышақтап кетті

ер адамды пышақтап кеттіФото: pixabay.com

Қайғылы оқиға 28 қаңтар күні Жаңаөзен қаласындағы медициналық мекемелердің бірінде болды. Алдын ала мәлімет бойынша, аурухана дәлізінде екі ер адам арасында жанжал шығып, соның барысында олардың бірі дәрігерге пышақ сұққан. Бұл туралы Stan.kz хабарлады.

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қылмысқа отбасылық-тұрмыстық жанжал себеп болған. Оқиғадан кейін күдікті Жаңаөзен қалалық полиция басқармасына өз еркімен келіп, жасаған ісін мойындаған.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі ("Адам өлтіру") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

"Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу шаралары жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады полиция өкілдері.

Ресми емес ақпаратқа сенсек, жанжалдың шығуына қызғаныш себеп болуы мүмкін.



Еске салайық, бұған дейін Талдықорғанда биыл 26 маусымда тұрғын үйлердің бірінің ауласында болған жанжал кезінде 22 жастағы Серікжан Өміртай пышақ жарақатынан қаза тапты. Сот істі "аса ауыр дене жарақатын келтіріп, абайсызда өлімге себеп болу" бабы бойынша қарап, айыпталушыға 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда марқұмның туыстары бұл қылмыс қасақана жасалған деп есептеп, үкімге қарсы апелляциялық шағым түсіруге ниетті.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 29 Қаңтар, 2026 10:11