Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстау облысында 47 жастағы мұғалім сегіз айдан бері табылмай жатыр

Фото: Видеодан скрин

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында 47 жастағы мұғалім Дина Жарылғасова сегіз айдан бері із-түссіз жоғалып кеткен. Жалғызбасты ананың қайда кеткені әлі күнге дейін белгісіз. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Туыстарының айтуынша, әйел өткен жылдың қыркүйек айында Бекет атаға барып, құран бағыштағысы келетінін айтқан. Қыздары оны таңертең жолға шығуға көндірмек болғанымен, келіншек күндіз үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Ең алаңдатарлығы, ол ұялы телефонын да үйде қалдырған.

Кейін такси жүргізушілері мұғалімді Қызылсай ауылының маңында көргендерін айтқан. Алайда аталған аумақта жүргізілген іздестіру жұмыстары нәтиже бермеген.

Жоғалған әйелдің 13 және 23 жастағы екі қызы бар. Олар құқық қорғау органдарынан іздестіру жұмыстарын қайта жандандырып, қосымша күш жұмылдыруды сұрайды.

Дина Жарылғасованың қызы Несібелі Қобыланның айтуынша, анасы соңғы уақытта сыныптастарымен араласқан.

"Анам соңғы кезде сыныптастарымен араласып жүрді, қарым-қатынастары жақсы еді. Қазір түрлі болжамдар айтылып жатыр, бірақ нақты не болғанын білмейміз. Сол күні таңертең жолға шығу мәселесіне байланысты аздап келіспеушілік болды. Егер анам өкпелеп кеткен болса, біз оны күтеміз. Қандай жағдай болса да, бәрін бірге еңсереміз", – дейді қызы Несібелі Қобылан.


 


Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе облысының Темір ауданында орналасқан Еңбекші ауылында 2002 жылы туған жас мұғалімнің мәйіті табылғанын жазған едік. Ол тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген, еңбек жолын Маржанбұлақ ауылында бастап, 2025 жылдың ақпан айынан бері Еңбекші ауылындағы мектеп-балабақшада қызмет атқарған.

Айым Атамбаева
Сенбі, 21 Наурыз, 2026 09:28