Маңғыстау тұрғындары сирек кездесетін құбылыстың куәсі болды

Әлеуметтік желіде Маңғыстау облысында тараған видео тарады. Кадрдан түнгі аспанның қызыл жолақтармен боялғанын көруге болады. Аталған құбылыс Үштаған және Таушық ауылдарының үстінде байқалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кадрлар әлеуметтік желілерде тарап, қызу талқыға түсті. Көпшілік мұндай көріністі алғаш рет көргенін айтып жатыр.
“Қазгидромет” мамандарының мәліметінше, түнгі аспанда көрінген қызыл жарқыл Күн белсенділігінің артуынан пайда болған. Күннен тараған зарядталған бөлшектер Жердің магнит өрісімен әрекеттескенде атмосфераның жоғарғы қабатындағы оттек атомдары жарқырап, қызыл түсті сәуле шығарады. Сол себепті аспан қызыл түске боялған.
Мұндай қызыл жарқыл жасыл полярлық шұғыладан өзгеше болады. Ол анық жолақтар емес, біркелкі жайылған жарық ретінде көрінеді. Сонымен қатар бұл құбылыс солтүстік аймақтарда ғана емес, әдетте сирек өңірлерде де көрінуі мүмкін.
Фото: lada.kz
Құбылыстың пайда болу себебі неде?
Мамандардың айтуынша, 20 қаңтар күні таңертеңнен бастап Жердің геомагниттік өрісінде айтарлықтай ауытқулар тіркелді. Алдымен оның күші шамамен 7 бал бола, түстен кейін 8 балға дейін күшейіп, түн ортасына дейін сақталған. Бұған X1.95 класындағы өте қуатты күн жарқылы себеп болыпты. Бұл өткен жылдың соңынан бері тіркелген ең ірі жарқылдардың бірі. Ғалымдардың дерегінше, жарқыл Күннің орталық бөлігінде шамамен жарты миллион шақырым аумақты қамтып, Жерге қарай плазма бұлты тараған.
Сонымен қатар Күн бетіндегі протуберанцтар бұзылып, ғарышқа тараған. Бұл үдеріс спутниктік суреттер арқылы байқалған.
Неліктен мұндай құбылыстар жиілеп барады?
Ғалымдар мұны Күн циклінде Күн белсенділігінің жоғары болуымен түсіндіреді. Соның салдарынан геомагниттік ауытқулар жиілеп, полярлық шұғылалар бұрын сирек байқалатын өңірлерде де көріне бастаған.
Мамандардың айтуынша, Күн белсенділігі осы деңгейде сақталса, алдағы түндерде де осындай құбылыстар қайталануы мүмкін.
TikTok LIVE Fest 2025: Қазақстандық креаторлар әлемдік деңгейде топ жарды