Мәмбетовтың ақиқаты, Жаманқұловтың “шындығы”: Тұңғышбай Желтоқсан оқиғасында мені тастап қашып кетті
Мені қайран қалдырған сот та, соттың үкімі де емес. Тұңғышбай Жаманқұлов мырзаның 1 маусым күні соттан кейін бұқаралық ақпарат құралдары алдында айтқан өкпеге толы сөзі болды.
Бұл туралы abai.kz хабарлайды.
Сол сөздердің ішіндегі «Мен Желтоқсан көтерілісінде қаным төгіліп, таяқ жеп, жастарға араша түстім» дегені әсіресе ашу-ызамды оятты. Бір үлкен апайымыз айтқан екен «мен сахнада әртіс болғанмен, өмірде әртіс болған емеспін» деп. Бұл кісі өмірде де әртіс екен. Себебі, мен «Халық Қаһарманы», КСРО және Қазақстанның халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, театр, кино және опера режиссері, педагог, қоғам қайраткері Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетовтың Тұңғышбай Жаманқұлов туралы айтқан сөздерін өз құлағыммен естіген адаммын.
Сол сөздерге дәйек болсын деп ерінбей жүріп кітапханадан «Info-Цесна» газетінің №11 (17 желтоқсан, 1999 жыл) нөмірінде жарияланған сұхбатты да тауып алдым.
Ол жерде Әзірбайжан Мәдиұлы дәл осы Желтоқсан оқиғасына қатысты былай дейді: «Өзі қорқақ, намысы жоқ біреу (Тұңғышбай туралы айтады.-авт.). Желтоқсан оқиғасында Жаманқұлов менің қасымда болған. Алаңға мені машинамен әкелген де сол. Жастарды ұрып-соғу басталғанда мені тастап қашып кетті. Кейін сот процесінде судья оған: «Сен неге ұстазыңды тастап кетесің?» дегенде, ол беті бүлк етпестен: «Мен қорықтым» дегені. Сондықтан ол барып тұрған «трус». Вот, қарағым, сатқындықты намысы жоқ адам жасайды». Мінекейіңіз.
Тұңғышбай Жаманқұлов жақында берген сұхбатында «Басқа республикаларда театр институты баяғыдан болған, ал біз 1978 жылы ғана бөлініп шықтық. Хадиша Бөкеева, Рабиға Қаныбаева, Фарида Шәріпова, Ыдырыс Ноғайбаев, Кәукен Кенжетаевтар берік іргетасын қалап, шаңырағын, уығын бекітіп берген еді» деп есімдерін ардақтап атап тұрған жандардың кейбірін кезінде өзі «проф. не годный» деп театрдан шығарып жіберген болатын.
Бұл сөзімізге де дәйекті Әзекеңнен алайық: «Қазақтың маңдайына біткен бірден-бір өнер храмы – асыл Мұхаңның қасиетті іздері қалған театрды анау директоры Тұңғышбай Жаманқұлов тоз-тоз қылып жатса, қайтіп күйінбейсің, ә? Қай елден көрдің, театрдың ішінен ресторан ашқанын, оны арақ-шарап ішетін жын-ойнақтың ортасы еткенін. Анау солай етті. Тек өз қалтасын ойлаудан басқаны білмейді. Баюды мақсат еткен. Бетіне қарсы келгендерді, көңіліне жақпағандарды қуғынға ұшыратуда. Осыдан жарты жыл бұрын есімдері елге танымал, 20 актерді аттестациядан өткізбей, жұмыстан шығарған. Сылтауы: кәсіби шеберліктері төмен көрінеді. Сонда олар кімдер дейсің ғой? Барлығы – КСРО және Қазақстан Республикасының Халық әртістері. Қапан Бадыров, Асанәлі Әшімов, Хадиша Бөкеева, Бикен Римова, Торғын Тасыбекова, Фарида Шәріпова, Меруерт Өтекешова, Рахилям Машурова және тағы басқалар «қызметтеріне лайық емес» екен. Міне, Жаманқұлов мырзаның қылығы». Бұған не дейсіз?
Жаманқұлов айтады: «Мен ешкімнің ыңғайына жүрмеймін (Мәмбетов туралы айтады. – авт.). Өздері театрда бас режиссер болып жүргенде, талантқа емес, танысқа бой ұрған кездері көп болған. Өздеріне жақын адамдар ғана үлкен-үлкен атақ алды, шын таланттар тасада қалды. Жабыны жүйрік деп таныған кез болған. Кешегі аттестациядан өтпеген «жұлдыздардың» көбі осы тамыр-таныстықтың жемісімен театрға кіріп алып, азды-көпті еңбек еткендер. Меруерт Өтекешова осыдан отыз жыл бұрын жұлдыз болған. Рахилям Машурова, Жұмагүл Мейрамова, Нұрзада Тәшімова деген «өнер жұлдызын» естуіңіз бар ма? Мысалы, Қапекең – Қапан Бадыров зейнетке шыққалы 36 жыл болды. Әрі штатта қызмет етеді. Бұл жолғы комиссия шешімі бойынша, ол кісіні де аттестациядан өткізбеген едік. Жабыны қанша алтынмен аптап, күміспен күптесең де жүйрік бола алмайды. Рас, көбінің атақтары бар. «Халық әртісі» деп көкірегіне белгі таққаннан не пайда, оларды ел арасында ешкім танымайды. Ал, отыз жыл бұрын жарқыраған жұлдыз қазір сөнген» («Оларды театрдан босатқан мен емес – уақыт» сұхбатынан. №2, 14-20 қаңтар, 2000 жыл, «Түркістан» газеті)
Ал қазіргі Жаманқұловтың жыры: «Халық біледі, мен театрға тоғыз жыл директор болғанда, бүкіл бет-әлпетімді, бүкіл жинаған абырой-атағымды сол театрға жұмсадым! Төбесін қайтадан жаптым! Құлап жатқан мраморларын қайтадан өргіздім, оның бәріне үкімет ақша берген жоқ!.. 1993 жылдан 2001 жылға дейін – ең қиын замандар болды. Жұмыскерлер айлығын ала алмай қалған кездерде мен Мәдениет министрлігін айналып өтіп, Қаржы министріне барып, «бірінші Әуезов театрына – Ата театрға жіберіңдер ақшаны» деп сұрап алып, сондай жағдайға жеткем. Басқа театрлар, мекемелер айлап-жылдап айлықтарын ала алмай жүргенде, біздің театрдың адамдарының айлығы бір күн де кешігіп көрген жоқ. Басқа театрлар гастрольге бара алмай жүргенде, біздің театрымыз тоғыз жыл бойы ылғи да гастрольдерге шығып жүрді. Сонда мен бет-әлпетімді әкімдерге сатып, жалынып, алдарына барып, «әй, мынау – Ата театр ғой!..» деп, бар мүмкіндігімді, керек десең, қалтамдағы барымды театрға төккен адаммын, құйған адаммын!..».
Ал ұлы суреткер Әзірбайжан Мәмбетовты тыңдаңыз: «Кезінде мен оған «сен ауру адамсың» дегенмін. Әуезов театрында худрук болып істейтінмін. Бірде министрліктен телефон соғылды. «Солай да солай директорлыққа Жаманқұловты ұсыну ойымызда бар». Мен қарсы екенімді білдірдім. «Өзі қайда? Маған ертең келсін» дедім. Ертеңіне келді ол. Оған: «Сен неге менің артымнан жұмыс істеп жүрсің? Не деп бағалаймыз, мұны?» дедім. Сонда айтқаны: «Олар мені директорлыққа барасың деп қинады, өтінді, Әзірбайжанның жасы келіп қалды, театрға жастау адам керек деп отыр». Сол кезде, Тұңғышбайдың бетіне тура қарап айттым: «Сен түсінесің бе, мен неге қарсымын саған: Өйткені сенің характеріңде мемлекет қазынасын жеке пайдаңа жарату «қасиеті бар». Бұны директор еткен Мәдениет министрі болған Рахмадиев. Кейін Жаманқұловты министр Мамашев қолдап әкетті. Міне, оның карьерасы осылай болған». ..
Ұлы Әзірбайжан Мәмбетовтың мінезін, кесек тұлғасын там-тұмдап болса да білетін бірде бір жан ол кісінің еш адам жайлы ғайбат айтпайтынын, ал айта қалса, әбден қыстығып, үзілер шағына жеткенде ғана тек шындықты сөйлейтінін біледі.
«Бұл жылпос. Кіретін жерге кіріп кеткен. Тахауи Ахтанов айтқандай, «анаудың» өзі. Мықтылардың алдында бар өнерін салады. Конферансье болады оларға. Абылайханды мүлдем нашар ойнайды. Соны неге көрмейді екен осы жұрт»… Бұл Мәмбетовтың Тұңғышбай туралы пікірлерінің бірі. Осыдан он алты жыл бұрын «Сатқындықты намысы жоқ адам жасайды» деген тақырыппен шыққан сұхбаттың да толық нұсқасын жариялайтын күн алда. Сол кезде Жаманқұловтың шынайы болмысын, өмірде де «әртіс» екендігін тани жатарсыздар. Сонымен бірге «Түркістан» газетіне шыққан Жаманқұловтың «Оларды театрдан босатқан мен емес – уақыт» сұхбатын оқысаңыздар (№2, 14-20 қаңтар, 2000 жыл) жыбырлаған тіршіліктің барлығына өкпелі, кінәмшіл Тұқаңның, Әшірбек Сығайдың пайымдауымен айтсақ, «Айғайшыл Абылай-Тұңғышбайдың» ішкі рухының сондай лас пен кірге толы екендігіне көз жеткісіз.
Мен бұның бәрін не үшін айтып отырмын? Мақсатым – Тұңғышбай Жаманқұловтың екіжүзділігіне халықтың назарын аударту. Алданбауға шақыру. Ол өзінің тиісті жазасын алды. «Фәнидікі бақиға өтпейді» деген халық өзінің көрегендігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Сондықтан, Тұңғышбай мырза, осы күніңізге тәубе етіңіз. Енді жалған сөйлемей, бетіңізді Аллаға бұрыңыз. Бұны сізге тілектес жан ретінде айтып отырмын.
Ғ.Сәрсен
Тағы да оқыңыз:
Журналист Сәуле Әбединова өзіне қарсы уәж айтқан Меруерт Өтекешованың сынына жауап берді
Меруерт Өтекешова: Жаманқұловпен бірге оқығаныма ұяламын деп айтуымның өз себебі бар
Қазақтың халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловқа сот үкімі шықты