Мамандар: Тұзды шамадан тыс пайдалану өлімге әкеледі
Қазақстандықтар тәулігіне 10-12 грамм тұзды пайдаланады. Бұл – адам өміріне өте қауіпті. Себебі, тұзды шамадан тыс пайдалану қан қысымын жоғарылатады.
Салдарынан азамат инфаркт және инсультқа шалдығуы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық салауатты тағамтану орталығының бас маманы, м.ғ.к., нутрициолог Жанар Толысбаева айтты, деп хабарлайды Baq.kz.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы» мамандарының кеңесі бойынша тәулігіне ас тұзының мөлшері 5 грамнан аспау қажет. Ал статистикалық мәліметтер бойынша қазақстандықтар орташа есеппен тәулігіне 10-12 грамм тұзды тұтынады. Бұл көрсеткіш отандастарымыздың тұзды шамадан тыс тұтынатындығын көрсетеді. Өз кезегінде бұл денсаулығымызға қауіп төндіреді», – дейді ол.
Маманның айтуынша, тұзды артық мөлшерде пайдалану адамның қан қысымын көтереді.
«Қазақ тағамтану академиясының зерттеу нәтижелері бойынша қазақстандықтардың басым бөлігінің қан қысымы жоғары. Алайда олар бұл жағдайға мән бермейді, тек денсаулығы сыр бергенде ғана дәрігерге қаралады. Ал, қан қысымының жоғары болуы инфаркт пен инсультқа шалдықтырады. Сондықтан құрамында тұздың мөлшері көп кездесетін тағамдар мен азық-түлікті тұтыну деңгейін азайту қажет», – деді Жанар Толыспаева.
Осы орайда ол ел тұрғындарын дүкен сөрелеріндегі азық-түліктердің құрамына назар аударуға шақырды.
«Дүкендердегі рафинадталған азық-түліктің құрамына көңіл аударсаңыз, онда не қанттың, не тұздың, не майдың үлесі басым екенін байқайсыз. Ал, бұл жағдай адамдардың осы тағамдарға тәуелділігін туындатып, нәтижесінде азық-түліктердің құрамына аталмыш ингредиенттер аз қосылса, тұтынушыларға ол тамақ дәмсіз сияқты көрінеді», – деді маман.
Жанар Толыспаеваның айтуынша, адам тұзды не қантты ұзақ уақыт бойы нормадан артық пайдаланса, жүрек-қантамыр, диабет, артық салмақ сынды ауруларға шалдығып, салдарынан, тіпті, өліп кетуі мүмкін.
«Тұз да, қант та адамның тамырларына кері әсерін тигізеді. Мысалы, жоғарыда біз тұз, қан қысымының жоғарлауына алып келеді дедік. Себебі, ол суды өзіне сіңіріп алады. Салдарынан адамның қан қысымы жоғарылайды. Ал адамның тамырлары мұны көтере алмай, салдарынан тамырлар жарылуы мүмкін. Бұл өз кезегінде адамды мүгедектікке немесе өлімге алып келуі мүмкін. Сондықтан, дұрыс тамақтану адам денсаулығының кепілі екенін ұмытпайық», – деп түйіндеді сөзін нутрициолог маман.
Тағы да оқыңыз:
Жаңғақтардың адам денсаулығына пайдасы қандай