Маман ыстық күні тәтті сусын ішудің қаупі туралы ескертті
Фото: pixabay.com
Росбиотех университетінің ашытқы өндірісі және шарап жасау кафедрасының профессоры Марина Мойсеяк ыстық ауа райында тәтті сусындарды тұтыну қауіпті болуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, мұндай сусындар қандағы глюкоза деңгейінің күрт жоғарылауына әкелуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lenta.ru басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
"Салқын, тәтті әрі газдалған сусындар дәм сезу рецепторларының сезімталдығын төмендетеді, сол себепті адам ішіп жатқан сусынның қаншалықты тәтті екенін байқамай қалады. Ал мұндай сусындардағы глюкоза, фруктоза мен сахароза керісінше, шөлді күшейтеді. Сондықтан адам өзіне қажетті мөлшерден әлдеқайда көп ішіп қояды. Бұл қандағы қант деңгейінің күрт өсуіне, одан кейін энергияның секірмелі ауытқуына және шаршауға әкелуі мүмкін", — деп түсіндірді сарапшы.
Мойсеяктың айтуынша, рецепторларда қалған тәтті дәмнен арылу үшін адам көп су іше бастайды, ал сұйықтықтың шамадан тыс мөлшері жүрекке қосымша жүк түсіреді. Бұған қоса салқын тәтті газдалған сусындар асқазанға жағымсыз әсер етіп, II типті қант диабетінің дамуына себеп болуы мүмкін.
"Егер сіз табиғатқа демалуға бара жатсаңыз және тәтті бірдеңе ішкіңіз келсе, сәл ғана газдалған, шырын қосылған сусындарды таңдаңыз. Ондай сусындарда табиғи қант болады және оларды ағза дұрыс сіңіреді. Мұндай сусындардағы қант мөлшері әдетте 5–7 пайыздан аспайды. Қалыпты тәтті дәм адамға тойынғандай әсер беріп, артық тамақтанудан сақтайды, сол арқылы артық салмақ қосудың алдын алады. Ең қауіпсіз таңдау — жай ғана су", — деп түйіндеді Мойсеяк.