"Өздерін бала ретінде таныстырған": Алаяқтар қазақстандықтарды миллиондаған теңгеге алдап кетті
Батыс Қазақстан облысында үш адамнан құралған алаяқтық топ адамдарға өзін баласы деп таныстырып, бар ақшасын ұрлап кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Polisia.kz
Күдіктілер WhatsApp қосымшасы арқылы педагогтердің іс-шарасын өткізу үшін құрылған жалпы чатқа кірген. Чаттың мазмұны мен хаттарды зерттегеннен кейін ол ондағы адамдардан ақша аударуды сұрап, жекелеріне шыққан.
“Олар өздерін адамдарға баласы ретінде таныстырған. Телефоным сөніп қалды деп сылтауратып, басқа нөмірден жазған. Күдіктілердің сөзіне сеніп жәбірленушілер карта деректері мен CVV кодтарын жіберген. Содан кейін алаяқтар қаражатты қолма-қол ақшаға алмастырған”, – дейді Қаратөбе полиция бөлімінің тәртіп сақшылары.
“Қате шығып тұр, мама. Басқа карта бар ма?”, “Хабарлама келді ме, мама?”, “Менің жаңа нөмірім, сақтап қойыңыз”, “Осы нөмірде боламын” деп жазған алаяқтар.
Фото: Polisia.kz
Қазір алаяқтықтың 17 фактісі бойынша полиция тергеу жүргізіп жатыр. Алданғандар арасында басқа өңірдің тұрғындары да бар болып шықты. Келтірілген залалдың жалпы сомасы шамамен 10 миллион теңгеге жеткен.
Полиция азаматтардан бөгде адамдармен телефонмен сөйлесу кезінде ғана емес, жалпы чаттарда хат алмасу кезінде де абай болуды ескертеді.
Бұған дейін ақшасын алмаз өндірісіне салған мыңдаған маңғыстаулықтар 9 миллиард теңгеге алданған еді.