"Малды өріске шығарсақ тартып кетеді": Шибөріге таланған Жамбыл облысының тұрғындары биліктен көмек сұрады
Жамбыл облысы Талас ауданында жаппай шибөрі қаптап, тұрғындардың тынышын алды. Жергілікті халық шамадан тыс көбейген шибөрілердің ауылға кіріп, қорадағы малға ауыз салғанын айтып дабыл қақты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин
Кеш бата жалғыз жүруден қалған Талас ауданының тұрғындары шибөрі санын реттеу үшін жергілікті биліктен көмек сұрайды. Майтөбе ауылы маңындағы шаруашылықта қой бағатын Есенғали Кемелов күзден бері шибөрінің көбейіп, ұсақ малды жеп кетіп жүргенін айтты. Ол өлексемен қоректенетін түз тағысынан ауру жұға ма деп қорқады.
“Жыл басынан бері қырыққа жуық қой-ешкі белгісіз себептен қырылды. Ал ауыл іргесіне дейін кіріп жүрген шибөрі жаңа туған қозы-лақты қағып кетеді. Төлдеу мезгілі келді. Шибөрі төлге, қойға шауып жатыр. Не амал табарымызды білмей отырмыз. Ең қиыны қазір өріске шығара алмаймыз. Шығарсақ, малды тартып кетіп жатыр”, – дейді қойшы.
Тұрғындардың айтуынша, бұрын тек көл жағасын пана еткен түз тағылары қазір Қаратаудың басына дейін жеткен. Ауыл аңшылары қанша ит жүгірткенімен түз тағысының саны азаймай тұр.
“Тазымен шалып, ұстап та жүрміз. Кешкісін шулайды. Ауылға дейін кіріп кетеді. Батыстан да, шығыс жағынан да келеді. Бұрын ондайды көрмедік. Қазір қаптап кетті. Таудан өмірі көрмеуші едік, қазір тауда да жүр. Таудан түсіп шауып жатыр”, – дейді тұрғындардың бірі Ермахан Жолтаев.
Жергілікті жұрттың айтуынша, ауыл маңындағы қалған қалың қамыс пен қараусыз қалған тоғай – шибөрілердің көбейетін жері.
Аңшылық инспекциясы да кейінгі екі жылда шибөрілердің саны күрт өскенін растады. Биыл мыңға жуық аңды аулауға рұқсат берген. Алайда шибөрінің терісін еш жер қабылдамайтындықтан аңшылар олардың ізіне түспейтін көрінеді.
“Өсімі де жоғары. Бұлардың санын жыл сайын реттемесе, ауыл тұрғындарына, малға зиянын тигізуі мүмкін. Оларды аулау ауданның немесе ауыл әкімдіктерінің міндеті болғандықтан жұмысты солар жүргізеді”, – дейді Жамбыл облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Нұрғали Ниязқұлов.
Қазір өңірдегі биологиялық зерттеу институты аңшылар аулаған шибөрілерден сынама алып жатыр. Осылайша шибөрі қаптаған аумақта қандай мал ауруы бар екенін анықтамақ. Ал ауыл айналасын ну орман басып бара жатқан Майтөбе ауылының әкімдігі қалың қамысты өртеп, жиделі тоғайды отауға кіріспек.
Бұған дейін Ақмола облысындағы балабақшалардың бірінде бүрге қаптап, балалардың жиі ауырып жүргені туралы жазған едік.
Қазақстан әйелдерінің үйдегі тегін еңбегінің құны қанша: Есептеп көрдік