"Мақсатымыз Ауғанстаннан қашып кету емес": Жырақтағы қандасымыз Қазақстан елшілігімен байланыса алмай отырғанын айтты
Stan.kz тілшісі Ауғанстанды тастап қашқан экс-президенті Ашраф Ғанидың тұсында халықаралық ұйымдарда жұмыс істеген Бабур Шаһ Акбармен сұхбат жүргізді. Ол 2017 жылдан бері Қазақстан елшілігімен байланысуға тырысса да, елшіліктен мардымды жауаптар болмағанын сөз етті.
– Амансыз ба? Сізбен жақын таныссақ, өзіңіз жайлы, отбасыңыз жайлы айтып берсеңіз. Жалпы жағдайларыңыз қалай?
– Рахмет! Бірінші кезекте өзімді таныстырып кетейін. Ауғанстанның Тахар провинциясындағы Қазақ ауылында дүниеге келдім. Қазір ел астанасы Кабул қаласында тұрамын. Елде экономикалық жағдай бұрын да мәз емес еді. Қазір одан бетер нашарлап кетті. Доллар бағамының да күрт көтерілгенін атап өтсек болады. Ауғанстан – сыртқы импортқа тәуелді ел. Сондықтан да барлық заттың бағасы қымбаттап жатыр. Бізде қазір өмір сүруден гөрі тірі қалу маңыздырақ. Қарапайым халық дағдарыстың зардабын әлі де тартуда.
Төрт балам бар. Бұрын Тахарда тұрдық. Қазіргі кезде Кабулдамыз. 2019 жылы қазақтардың ішкі төлқұжатқа ұлтын жазуына атсалыстым. 2017 жылдан бері қазақ елшілігіне барып жүрмін. Жоғары білімім бар. Экономика саласы бойынша және мемлекеттік әкімшілік басқару жағын бітіргенмін. 2009 жылдардан бастап әртүрлі халықаралық гуманитарлық мекемелерде жұмыс істедім. Жұмыс орным оқырмандарыңызға құпия болып қалсын. Қазіргі тәліптердің тұсында да бұрынғы жұмысымды жалғастырудамын. Бұрынғы басшылар мен қазіргі басшылардың жұмыс талабында айтарлықтай өзгерістер жоқ. Жұмыстарымыз бұрынғы процестер бойынша жүруде.
– Ата-бабаларыңыз ауған жеріне қалай келген?
– Аталарымыздың тарихына қарайтын болсақ, Мәлікзадахан және Қызыластанахан екеуі Қазақстанда тұрған. Олардың балаларының бірі Ақынбек Ауғанстанға 20 үймен Арқадан көшіп келсе керек. Көшу себебі атажұрттағы ортасында араздықтар болған. Олар бірінші Ауғанстанның Бадғыс уалаятына келген. Кейін Фариябқа қоныс аударыпты. Сосын Мазари-Шариф пен Балх аймақтарында біраз тұрақтайды. Уақыт өте келе Тахарға жетіп, өздері "Қазақ" ауылын жасап алған. Олар мал шаруашылығымен айналысқан соң, осында тұрақтап қалған. Біздің ата-бабаларымыздан қалған аманаттар көп. Олар ұрпақтан-ұрпаққа қазақ екендіктерімізді ұмытпай айтыңдар дейтін. Бірақ та қолымызда ешбір дәлелді құжаттар жоқ. Өзім "Қазақ ауылы" деген жерде өстім. Балалық-шағымыз қиын жағдайлардан өтті. Ауғанстандағы аумалы-төкпелі заманда бірнеше рет құнды мәліметтер мен кітаптарымыз өртенді. Соғыс болғалы бері үйімізге де төрт-бес рет ұры-қары түскен. Осындай жағдайлар әлі де өтуде. Одан бөлек әкемнің парсы тілінде ауған қазақтары туралы жазған кітабы да бар. Әкем өзі Ауғанстанның су министрлігінде жұмыс істеген. Көптеген провинцияларды аралап, қандастарымыз туралы ақпараттарды жинапты. 2017 жылы осы кітапты баспадан шығарды. Төрт айдай бұрын Кабулдағы Қазақстан елшілігіндегі Зия деген жігітке осы кітапты тапсырдым. Кітап басқа да қандастарымызға таратылды.
Біз қаншама жылдардан бері ауызша шежіремізді бір-бірімізге аманаттап отырамыз. Маған да атам "қазақпыз" деп кеткендей, мен де балаларыма қазақ екендігімізді жиі айтамын. Атамыз "атажұрттағы Арқа өңірінен келдік" деп жиі айтушы еді. Жалпы Орта жүздің қазақтарымыз. Атамның жазған кітабында қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрлері туралы да көрсетілген. Міндетті түрде кітапты тауып, сіздерге жіберемін.
– БАҚ беттерінде тәліптер бұрынғы үкіметте жұмыс істеген дерді жазалап жатқаны айтылған еді. Бұл қаншалықты рас?
– Айып етпеңіз, бірақ мұндай саяси сұрақтарыңызға жауап бере алмаймын. Бір жағынан өзіме және отбасыма қауіпті.
– Қазақстан елшілігімен байланысып көрдіңіз бе?
– 2003 жылы экономика саласында оқып жүрген, атажұртымыздың егемендігін тойлауға мен және әкемнің ағасы Ауғанстандағы қазақ елшілігіне қонақ ретінде бардық. Елшілікпен одан кейін дұрыстап байланыса алмадым. 2016 жылы елшілікке арнайы бардым. Өкінішке орай, елшіліктің ішіне кіре алмай қайттым. Қызметкерлері жөнді сөйлеспейді. 2017 жылы өз шежіремді жазып тағы бардым. Ол кезде де елшіге кіргізбей қайтарып жіберді. Сол жердегі күзетші Ауғанстандағы қазақтардың басшылары бар деді. Аты-жөнін "Мамур Жәлел" деген болатын. Ол кісімен де байланысқым келді. Бірақ ешқандай да байланыс нөмірін немесе мекенжайын бермеген. Құндыздағы достармен хабарласып, Мамур Жәлелді өз бетіммен іздестіріп көрдім. Сөйтсем, Кабул қаласында тұрады екен. Бір хабарласқанымда Кабулда еместігін айтты. Өзімді жақсы таныстырдым. Елдегі жағдай шиеленіскен тұста Тахар қаласына қайтадан бардым. Онымен келісіп кездесетін болдық. Ертесіне Құндыз провинциясындағы Имам Сайып ауданына қарай келдім. Үйіне барғанымда өзі болмады. Маған бір айтқаны "Қазақстанның ешкімді қабылдатамайтынын" жеткізді. "Қабылдаса да көп қаражат керек" дейді. Бұл 2017 жылы болған оқиға. Кейін 100 мың доллар берсең де, атамекенге баратын мүмкіндіктер жоқ деді. Қайтадан Тахарға келіп хабарластым. Сол кезде Қазақстан елшілігіне қонақтар келді, соларды қыдыртып жүрмін дейді. Содан кейін Мамур Жәлел арқылы елшілікке қол жеткізе алмайтынымды түсіндім. Мақсатымыз Қазақстанға кетіп қалу емес. Елшлікке өз ой-пікірімді айтқым келген. Әрбір байланысу талпыныстарым сәтсіздіктерге ұшыраған соң, 2019 жылға дейін хабарласпадым. Кейін Мазари-Шарифтың қазағы Хаятоллаһ Садықимен таныстым. Ол кісіні сіз де жақсы танисыз. Ол кісі Ауғанстандағы түрлі-түрлі этностардың басын біріктіретін жобаларадың жүріп жатқанын айтты. Бірге жұмыс істейтін әріптесіммен сол мекемеге бардық. Бұл жерде Ауғанстандағы қазақтардың мәселесін көтердік. Өзіміздің ішкі құжаттарымызға ұлтымыздың жазылуын да сұрадық. Содан кейін ұлттар арасындағы ынтымақтастық бөлімін аштық. Өзім де жаңадан құрылған мекемеге мұрындық болып басы-қасында жүрдім. Оның ішіне қазақтарымыздан бөлек басқа ұлттарды да қостық. Қазір де бұл ұйым жұмыс істейді. Хаятоллаһ екеуміз "Қазақ қоғамы" ұйымын осы орталықтың ішіне қостық. Осыған жету үшін бір жылдай уақытымыз кетті. Ақыры ішкі құжатымызға қазақ екенімізді жазалатын болдық. Бәріміз жоғары білімді азаматтарымыздың басын қосып, осылай қандастарымыздың ұйымын құрдық. Қандай да бір жағдайларға байланысты сұрақтар болса, сол қоғамымызда көптеген мәселелерді көтереміз. Ауғанстандағы соңғы өзгерістерге байланысты қазақ елшілігінің ғимаратаның табалдырығын тоздыруға мәжбүр болдық. Төрт ай бұрын елшілікке барсақ, есіктің алдынан "Зия" деген жігіт күтіп алды. Өзі Қазақстанда оқып, қазір Ауғанстандағы қазақ елшілігінде жұмыс істейді екен. Бізге өзіміз хабарласамыз деп, байланыс нөмерлерімізді алып қалған. Қанша уақыт өтсе де ешім хабарласпады. Көптеген қазақтарымыз елшіліктің есігін жағалап жүр. Әкем де барып, атамның кітабын тапсырған. Бәріміз де бара-бара шаршадық. Бес сағат есіктің алдында тосылып тұрасыз. Ешқандай мардымды жауап жоқ. Мүмкін елшілердің хабарсыз шығар. Біздің есіктің алдында жүргенімізді білмеуі де мүмкін. Қазақстан елшілігіне сонда да өкпем жоқ. Елшіліктің есігіне біздің сөзімізді жеткізетін жандарды қойсыншы. Бізді ешқайсысы елшімен байланыстырмайды. Елшілікті де кінәлағым келмейді. Қазақстан елшілігінен соңғы естіген ақпараттарым "Ауғанстанда тек 20 үйдей ғана қаза қалды" депті. Біз қауымдастықты құрғаннан кейін, қанша қандасымыздың бар екенін жақсы білеміз. Алайда қазақ елшілігі бізді де білмейді. Бізбен байланысып қажетті ақпараттарды сұрайтын болса, барлығын да айтып береміз. Тура солай Қазақстанның үкіметі де бізді білмеуі мүмкін.
– Ауғанстандағы қандастардың саны шамамен қанша болуы мүмкін?
– Жалпы ауған халқының нақты санағының дерегі жоқ. Сол сияқты қазақтарымыздың да нақты санын айту қиын. 2019 жылдан бастап құжаттарымызға қазақ деп жазуды бастадық. Жалпылама деректерді табу қиын. Ауызша айтатын болсақ миллионға жуықтап қалады.
– Елшілікке айтқым келетін ұсыныстарым бар деп едіңіз? Бұл қандай ұсыныс?
– 2017 жылы елшілікке барғанымда, бірнеше ұсыныстарды айтпақ болдым. Қазақстан үкіметі ауған студенттеріне арнап арнайы 500-дей тегін грант бөледі. Сол гранттардың бір 50-ін ғана қазақ балаларына арнаса, қандай жақсы болар еді. Біздің ішіміздегі жағдайлары төмен қазақ отбасылар көп. Соларға өзіміздің "Қазақ қоғамы" ұйымымен елшіліктің арасында экономикалық көмек көрсетуді де қолға алғымыз келді. Ауғанстандағы қазақ ауылдарына қазақ мектептерін ашып, балалардың ана тілдерін үйренуге жағдайлар жасаса өте жақсы болатын еді. Ақылы мектеп қылса да, жағдайы жоқ жандарға жартылай бағасын төлейтін қылсын. Бізде мемлекеттік мектептерде балалар 12 сыныпқа дейін оқиды. Олардың ішінен жақсы оқитындары да шығады. Кейбірі қаражаттың тапшылығына қарай көбісі университеттерге тапсыра алмайды. Сондай балаларға да бірлесіп көмектессек. Өзіміздің жастарымыз білім ізденіп Түркия мен Иранға кетеді. Сондықтан да Қазақстанмен ғылыми түрде байланысуға елшілік көмектессе екен. Кезінде осындай жоспарларымыз болды. Елшілік ешқайсысын айтуға мүмкіндік бермеді.
– Сұхбаттасқаныңызға рахмет! Біз үшін сіздердің қауіпсіздіктеріңіз маңызды. Ауғанстандағы этникалық қазақтар туралы құнды деректерді бізге тапсырғаныңызға алғыс білдіреміз. Аман болыңыз!
Stan.kz редакциясы Бабур Шаһ Акбармен бізді байланыстырған Хамидуллаһ Тадашқа және арамызда аудармашы болып көмектескен Қажы Акпар Аюбиге ерекше алғыс білдіреміз.
Жырақтағы қандасымыз аты-жөнін атаумызға қарсылық білдірмеді. Дегенмен жеке суреттері және қызмет орнын көрсетпеуді өтінді. Алайда бізге парсы тіліндегі қазақтарымызға қатысты жазылған билбодтардың бір данасы мен өзінің жеке шежіресін де жіберді.
Ауғанстандағы этникалық қазақтың Бабур Шаһ Акбардың әкесі жазған кітабында түркі халықтарының тарихы туралы жазып, әрбір провинциялардағы қазақтарды жік-жікке бөліп зерттеген. Stan.kz редакциясы Ауғанстандағы қандастарымыз туралы деректерді қазақ тіліне аударып, бірге жұмыстар жасағысы келетін ұйымдармен байланысуға әзір.
Сұхбаттасқан: Қадірәлі САРЫПБЕК