“Мақсат пен Мақсат” тобы тыңдармандарымен қайта қауышпақ
«Мақсат&Мақсат» тобы “Таңшолпанның” Алматыдағы студиясының жұлдызды қонағы болды. Топ мүшелері Мақсат Құрақбаев пен Ғалымжан Қалмырзаев өнердегі жаңалықтарын бөлісті.
Бұл туралы «Таңшолпан» бағдарламасында айтылды.
– Топтарыңыздың аты – «Мақсат пен Мақсат». Жалпы жұрт осыған қарап Ғалымжанды «Мақсат» деп атап кеткен шығар?
– Иә, мені Мақсат деп шақырып жатады. Бір шетінен, құлағым да үйреніп қалды.
– Наурыздың бірі күні жеке шығармашылық кештеріңізді өткізгелі жатырсыздар. Дайындықтарыңыз қалай болып жатыр?
– Дайындығымыз қызу жүріп жатыр. 1 наурыз күні құдай қаласа, Алматы қаласының «Алатау» өнер театрында алғашқы «Асыл ана» атты ән кешіміз өтеді. Барынша дайындалып, жүгіріп жүрген жайымыз бар.
– Кештеріңізде әріптестеріңізден кімдер өнер көрсетеді?
– Кештің қонақтары – «Алдараспан» театрының директоры Нұржан Төлендиев ағамыз, Тоқтар мен Бейбіт, Жазира мен Жанболат, Еркін Нұржанов, Нұржан Қалжан, Гауһар Әлімбекова және т.б.- лар. Біраз жаңа дуэттер орындалады.
– Сахнада жүргендеріңе 10 жылдың төңірегі болды. Тыңдармандарыңыздың көңілінен шығу үшін ерекше өтетін шығар?
– Құдай қаласа, өнерімізді жан-жақты көрсетеміз. Орыс тілінде ән орындамаймыз. Барлығы қазақша әндер болады. Бірақ, әр әннің стилінің әртүрлі болатыны сөзсіз. Бар құпиямызды қазір ашып айтпай-ақ қояйын.
– Соңғы кезде өздеріңіз туралы қандай пікірлерді жиі естіп жүрсіздер?
– Бізден кейін шыққан жас буындар бірнеше рет концерт берді. Сол себепті біздің концерт беруімізге ерте деп айта алмас едім. Концертті кеш беріп жатырмыз деп те айтуға болмайды. Бізде хит ән соңғы рет 2006-2007 жылдары ғана болды. Осыған байланысты «Жаңа хит әндерің жоқ. Концерт беруге әлі ерте» деп айтқан бір ағамыз болды. Өкінішке орай, жақсы әндерімізді әлі күнге дейін халыққа таныстыра алмай келе жатырмыз. Олар міндетті түрде осы концертте орындалады. Егер осы концертіміз сәтті өтсе, Астана қаласына баруды да жоспарлап отырмыз. Қатты толқып тұрғанымыз өтірік емес.
– Ғалымжан, топқа келіп қосылып жатырсың. Өзіңнің ішкі дайындығың қалай?
– Менде барлығы жақсы. Ойдағыдай дайындық жүріп жатыр.
Жіберіп алмаңыз:
Төреғали Төреәлі өзі сынаған “Ninety one” тобының образын қайталады
Лара Фабиан Димашты жеңісімен құттықтады
Ата-анасы: Ауылдың ауасымен тыныс алған Димашқа қалған 7 кезең оңай болады (видео)