Мақпал Жүнісова басқа қызды жүкті етіп, өзін тастап кеткен жігіті туралы айтты
Мақпал Жүнісова халықтың алдындағы беделі мен абыройын сақтап қалу үшін бүгінде көп жұмыс істейді. Сахнаның адамы болғандықтан, әнші әр қадамын аңдап басуға тырысады, сондай-ақ сыртқы келбеті мен денсаулығына жіті мән береді. Алайда оның бәрі Жүнісоваға бір күнде келе қойған жоқ.
Бір кездері талмай-тынбай үкіметке жұмыс істеген ол соның кесірінен денсаулығына да зақым келтіріп алған. Бұл туралы Халық артисі Әйгерім Сейфолланың “Сырласу” бағдарламасында айтты, деп жазады Stan.kz.
Бұл орайда әнші жас кезінде неге баланы көп тумағанын айтты.
“Ол кезде денсаулығым дұрыс болмады. Мен бірден Халық әртісі болып кеткен жоқпын ғой, мемлекеттік сыйлықты алғаннан кейін, осы атақ-даңққа сай болу керек деп өзімді өзім күтіп еңбектенгенім рас. Жалпы 1-2 бала түсіп қалды, бірнеше отадан өттім, ауруханада да жаттым. Атақты Мұстафаев деген кісі операция жасады. Сондай-сондай қиындықтардан өттік”, – дейді әнші.
Оның үстіне Жүнісова жастай тұрмысқа шықпағандықтан да, бала көтеруім қиын болды, дейді.
“Зәкең мені 26 жасымда қағып алып кетті. Оған дейін күйеуге шықпаған адаммын. Жатақханада 9 жыл тұрдым. 4 қыз бір бөлмеде. Менің артымнан ешкім жүгірмеді дей алмаймын. Құдайға шүкір, әп-әдемі қыз болдық, талай жігіттер жүрегін ұстап, хат жазып, ғашықпын дегендер болды. Бірақ біздер жоспар бойынша, айына 60 концерт беретін едік. “Гүлдер” ансамблінің жоспары болатын, біз тек үкіметке жұмыс жасадық. Ол кезде мен 90 сом ғана аламын мен. Бірақ біз күнде станция, совхоз, колхоз, бәрін қатар-қатар, үлкен автобустарға мініп алып, аралап жүрдік. Күйеуге шықпадық, үкіметтің планын жасадық”, – дейді Халық артисі.
Сұхбат барысында Халық артисі осы уақытқа дейін ешкімге айтпаған жан сырымен бөлісті. Жүнісова жас кезінде айырылып қалған махаббаты туралы сыр шертті.
“Жақсы көретін жігітім болды. Ол байғұс бір қыздың обалына қалып, екіқабат қылып қойған соң, соған үйленуге тура келді. Өйткені соттатамыз деді. Сонымен махаббатпен қоштастым. Жылап, 4-5 жыл “Кетсең де шалғай”, “Аққу сенімді” айтып жүрген кезім сол болатын”, – деп ағынан жарылды ол.
Бұған дейін, Мақпал Жүнісова қызының болашағы үшін бір тиын да ақша жинамағанын айтты.
Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.