"Халық әртісі берілгенде байым қуанған жоқ": Мақпал Жүнісова марқұм жолдасы жайлы ел білмейтін шындығын айтты

Қазақстанның Халық әртісі, әнші Мақпал Жүнісова марқұм жолдасы Заманбек Нұрқаділов туралы ел білмейтін шындығын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында өзі туралы пікір білдірген композитор Қалдыбек Құрманәлінің видеосын жүктеген. Кадрларда композитор Мақпал Жүнісова Заманбек Нұрқаділовқа күйеуге шықпаса да Халық әртісі атағын алатынын, тіпті елдегі ең бай әншілердің біріне айналуы да әбден мүмкін болғанын айтқан.
“Мақпал Жүнісова тағдырлы әнші. Ол Заманбек Нұрқаділовқа күйеуге шықпаса да, Мақпал Жүнісова Халық әртісі болатын еді, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болатын еді. Қайта ол Нұрқаділовқа тимегенде Мақпал Жүнісова ең бай әншілердің бірі болуы мүмкін еді. Ол оған тұрмысқа шығу арқылы көп тойларға бара алмады, көп сахнаға шыға алмады”, – деді ол.
Оның сөзінше, Мақпал Жүнісова – табиғатынан әнші болу үшін жаратылған, сирек кездесетін дауыс иесі.
“Мақпалды Нұрқаділовқа тигеннен кейін ғана осындай атақтарды алды дейтін адамдар қателеседі. Мақпал алладан әнші боп туған адам, басқа мұндай әнші жоқ. Ол әнді керең еститіндей, соқыр көретіндей, мылқау түсінетіндей етіп айтады. Ол Заманбекке барып, мені алшы деген жоққой, ол Мақпалды ұнатып алды. Мына заманда аңызда қалатын адамдар болады, әлі үлкен дастандар жазылуы мүмкін. Заманбек Мақпал деген үлкен жырға айналады, тіпті фильмдер түсірілуі мүмкін. Оны Мақпал да, мен де көрмеуім мүмкін. Себебі Заманбек те, Мақпал да тарихта қалатын адамдар”, – деді ол.
Мақпал Жүнісованың өзі бұл пікірге жеке жауап берді. Әнші композитордың сөзін жоғары бағалап, өзіне қатысты айтылып жүрген түрлі әңгімелерге тоқталды.
“Қалдыбек жақсы нүкте қойыпсыз, әлі де менің жеке жазатын аузы қышығандар бар, бірақ мұндайларға жауап беруге де құлқым жоқ, бір айтарым ғана бар, маған Халық әртісі берілгенде байым қуанған жоқ…бірақ кейіннен менің әншілігімді мойындадым деп үлкен баға бергеніне мен қатты қуандым”, – деп жазды ол.
Айта кетейік, бұған дейін Заманбек Нұрқаділовтың соңғы өлеңдері жарияланған еді.
Қолданыста жүргеніне 50 жылдан асқан: Астанадан ұшқан қазақстандық ұшақтағы түсқағазды көріп жағасын ұстады (видео)