Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жалақымыз 60-65 мың теңге": Мақатта өрт сөндірушілер жұмысқа шығудан бас тартты

21 қаңтарда Мақат ауылында "Батыс Сервис Плюс" ЖШС 17 өрт сөндірушісі жұмыстарын тоқтатты. Олар өз жалақыларын көтеруді талап етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі АқЖайық басылымына сілтеме жасап. 

өрт сөндірушілер

Наразылық білдіргендер Мақат ауылынан 2 шақырым жерде орналасқан депо алдына жиналды. 

"Біз жұмысты тоқтаттық. Соңғы 10 жылдан бері жалақымыз көтерілмеді. Барлығыңыз білесіздер, бұл уақытта баға өсіп кетті. Қазір біздің 60-65 мың теңгемен күн көру мүмкін емес. Басшылық біздің өтінішімізді тыңдағысы келмейді. Сонымен қатар бізге еңбек демалысы мен мерзімінен артық жалақы төленбейді. Сондықтан ереуілге шықтық", – дейді өрт сөндірушілер. 

Ереуілге қатысты пікір білдірген аудан басшылығы өрт сөндірушілердің жалақысы өскенін және жаңа еңбек келісімінің жасалғанын мәлімдеді. 

"Интергаз Центральная Азия" АҚ басшысымен оқиға орнына барып, өрт сөндірушілердің талаптарын тыңдадық. Олардың жалақысын 30% көтеру туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар қызметкерлер арнайы форма және жаңа техникамен қамтамасыз етіледі. Ереуілшілер шешіммен келісті. Әрі ЖШС мен жұмысшылар арасында жаңа еңбек келісімі жасалды. Мұнда мейрам және түнгі уақытта жұмыс істегені үшін қосымша қаржы мен еңбек демалысын төлеу мәселесі қарастырылған", – деді Мақат ауданының әкімі Шәкір Кейкин. 

"Батыс Сервис Плюс"ЖШС Мақат ауданынан бөлек Атырау мен Құлсары қалалары, Индер және Құрманғазы, Исатай аудандарында өрт сөндіру бөлімдеріне иелік етеді. Әр бөлімде 17 адамнан жұмыс істейді. 

Талқылау