Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Маған өзі жазды": Бақыт Тұрман продюсер Мөлдір Мұқановамен қандай қарым-қатынаста екенін айтты

Бақыт Тұрман Мөлдір Мұқановамен қарым-қатынасы жайлыФото: Stan.kz коллажы

Танымал әзілкеш Қайрат Әділгерейдің жары әрі әнші Бақыт Тұрман “Kezdesu” бағдарламасына берген сұхбатында продюсер Мөлдір Мұқановамен қарым-қатынасы жайлы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ол біздің қоғамда өз ойыңды білдіруге әлі де рұқсат жоғын түсінгенін айтты.

“Мен ол фильмді алғашқылардың бірі болып тамашаладым. Келіп өз ойымды айттым, сол ретте халыққа түсініксіздеу болып қалды. Мен әрдайым фильмнің көрсетілімен шыға сала фильм туралы ойымды айтамын. Оны білетіндер бар, ал білмейтіндерге бұл қылығым ерсі көрініп, “Неге бұлай істедіңіз?” дегендей сұрады”, – деді ол.

Әнші тек жеке пікірін білдіргенін, бұл фильмнің табысына әсер етпегенін алға тартты.

“Негізі жаман-жақсы деп емес, ұнады-ұнамады деп айтуға болады. Неге ұнамағанын нақты фактілермен дәлелдейсіз. Бұл фильмнен хабарың бар екенін білдіреді, ал “керемет екен” деу жалпылама сөз. Кейде өтірік болуы да мүмкін. Мен өзіме ұнамаған дүниені айттым, менің сөзімнен фильм тоқтап қалған жоқ, халық бармай қалған жоқ. Өйткені халық өзі біледі, өзі шешеді. Бұл тек пікір”, – деді ол.

Бақыт Тұрман фильмге баға бергеннен кейін Мөлдір Мұқанмен жеке сөйлескен.

“Мен ештеңені бүлдірген жоқпын, тек фильм туралы ойымды айттым. Әр сөзіме өзім жауап беремін. Ешкім мені қорғаудың қажеті жоқ. Сын айтылғаннан кейін ертесіне Мөлдір ханым маған жеке жазды. Мен көтерген әр мәселеге жауап берді. Костюмер жұмысына қатысты айтқаныммен келісті. Ал дыбыстауға қатысты пікіріме: “Біз дубляж жасамағанбыз” деді. Яғни ол кісі айтылған сынның орынды екенін қабылдады. Осы жерде тақырып жабылған еді. Бірақ көпшілік оны қайтадан қоздырып жіберді”, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Мөлдір Мұқанова фильміне сын айтқан Бақыт Тұрманның әрекетін опасыздыққа теңегені хабарланған еді.

Оқиғаның мән-жайы

20 қарашадан бастап танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы әйелі әрі продюсер Мөлдір Мұқанова түсірген “Шәй в большом городе” фильмі қалың көрерменге жол тартқан еді. Алайда фильмді көрген қазақстандықтар өнер иесінің алғашқы туындысын сынға алды. Жобаны сынағандардың қатарында танымыл әзілкеш, актер Қайрат Әділгерейдің жары Бақыт Тұрман да болды.

Ол фильм продюсердің жақында шыққан сұхбатындағы әңгімелердің көрінісі екенін айтты. Сонымен қатар фильмнің актерлік құрамы әлсіз екенін алға тартты. 

Сондай-ақ Бақыт Тұрман фильмнің костюмерінің жұмысын сынады. Оның сөзінше, фильмнің дыбысталуы құлаққа түрпідей естілген.

“Сосын фильмнің дыбысталуы құлаққа жағымсыз естілді. Мен актерлердің сөйлеу мәнерін айтпай-ақ қояйын, өйткені көбі сахна тілін оқымағандар ғой. Жалпы дыбыстың сапасы төмен. Мысалы телефон жерге түссе, оның дауысы шығады ғой, ал фильмде жоқ. Кәсіби фильмде мұндайдың бәрі дыбысталуға тиіс. Басқа адамдар байқамаған шығар, бірақ менің байқағаным осы болды”, – деді ол.

Әнші Мөлдір Мұқанның жобасы миллиардап касса жинаған өзге де отандық фильмдерге бәсекелес бола да алмайтынын жеткізді.

Балнұр Жұмаділла
Жұма, 12 Желтоқсан, 2025 13:03