"Маған ыңғайлы": Бірыңғай уақыт белдеуіне көшуді ұсынған қазақстандық депутат көпшіліктің шағымына жауап берді
Еліміздің бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге бастамашы болған Еркін Әбіл қазақстандықтардың шағымдарына жауап берді. Ол қалалардағы қараңғылықты, автобустар мен мектеп оқушыларының оқу кестесіне қатысты мәселелерді жергілікті билік шешуі керек екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Еркін Әбілдің Instagram желісінен
Депутаттың айтуынша, күндізгі уақыттың қысқаруы үкіметтің шешіміне байланысты емес.
"Егер біз кешке жарық болатындай етіп жылжытсақ, таңертең бәрібір қараңғы болады. Бұл – субъективті сұрақ. Біреуге кешке жарық болған ұнаса, басқасы таңның жарық болып тұрғанын қалайды. Барлық қазақстандықтарды 100% қанағаттандыратын шешім қабылдау мүмкін емес. Табиғи уақыт бар. Қазақстанда да табиғи уақыттың жақтаушылары бар", – деді ол.
Депутат сонымен қатар Қазақстанның кейбір қалаларында сағат 16:00-де қараңғы түсуіне байланысты ойын білдірді.
"Мәселен, маған осылай да ыңғайлы. Біз тағы да субъективті мәселелерге қайта оралып отырмыз. Еуропаның негізгі қалаларында – Берлин, Лондон, Киевте сағат төртте қараңғы түседі. Бұл – қалыпты табиғи уақыт. Халықаралық альянс Еуропаны бұл уақытты қыста аудармауға шақырады", – деп атап өтті Әбіл.
Депутат сондай-ақ электр энергиясының құны өсуін қараңғының ерте түсуінен емес, тарифтердің өсуімен байланысты екенін жеткізді. Ал қалалардағы қоғамдық көлік немесе жарықтандыру мәселелерін әкімдіктер шешуі керек.
"Мыңдаған қазақстандықтар үкіметтің шешімін қолдайды. Белгілі бір мәселелердің бар екенімен келісемін. Біз бұл мәселелерді талқылауға дайынбыз. Соның ішінде оқу мен жұмыс уақытын. Бастапқыда жергілікті әкімдіктерге бұл мәселелерді ұсындық және одан әрі жұмыс істеуге ниеттіміз. Шығыс Қазақстан облысының жартысы іс жүзінде UTC+5 табиғи белдеуінде, жартысы UTC+6-да. Бұл мәселені де талқылайық", – деп түйіндеді Еркін Әбіл.