Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Маған бір тиын да берген жоқ”: Депутат Сорос қорынан қаржыландыру алғанын жоққа шығарды

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова 2021 жылы Сорос қорына не себепті алғыс білдіргенін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Ирина Смирнованың желідегі парақшасынан

Бүгін мәжілісте Ирина Смирнова Қазақстанда шетелдік агенттер туралы заң қабылдауды ұсынды. Кейіннен әлеуметтік желі қолданушылары депутаттың өзі америкалық миллиардер Джордж Соростың үкіметтік емес қайырымдылық ұйымы – Сорос қорымен серіктестікте болғанына назар аударды.

2021 жылы "Сорос-Қазақстан қоры" сайтында Ирина Смирнованың сөздері келтірілген мақала жарияланған. Онда депутат ұйыммен жұмысының азамат ретінде қалыптасуына көмектескенін айтқан.

“Білім беру жүйесі үшін, соның ішінде мен үшін де қиын кезең болды. Ал Сорос-Қазақстан қорында мен моральдық қолдау мен қажетті эксперттік қауымдастық таптым. Басынан бастап бұл ынтымақтастық тек мен үшін ғана емес, оқытушылар қауымдастығы үшін де маңызды екенін түсіндім. Солай болды да. Бізге сол кезде Сорос-Қазақстан қорының білім беру бағдарламасының директоры Сауле Аманжолқызы Каликова көп нәрсе үйретті, оған жеке өзім көп рахмет айтамын”, – деген еді Смирнова қорға алғыс білдіріп. 

Осылайша, 2008-2010 жылдары Смирнова Сорос-Қазақстан қорының жұмысына қатысып, азаматтық көзқарасының қалыптасуы дәл осы қормен жұмыс істегеннен кейін басталғанын мәлімдеген.

Мәжіліс дәлізінде журналистерге берген сұхбатында Ирина Смирнова Сорос қорынан ешқандай қаржыландыру алмағанын, бірақ ұйымның іс-шараларына қатысқанын мәлімдеді.


“Қазақстанға 2 млрд доллар бөлген”: Сарапшылар USAID-ке қатысты тәуелсіз тергеу жүргізуді сұрады


"Мені сол кезде Алматыда өткен Саяси шешімдер институты клубы шақырды. Онда өзекті мәселелер қаралды. Сорос қоры маған бір тиын да берген жоқ. Мен ешқандай бағдарлама бойынша ақша алған жоқпын. Мені тек сол жердегі проблемалар туралы айту үшін шақырды", – деді депутат.

Ол өз сауалында тек қаржыландыру көздерін көрсету керектігін айтқанын атап өтті.

"Біз бар болғаны қаржыландыру көзі туралы ашық ақпарат болуы керек деп айтып отырмыз. Егер сізді біреу қаржыландырса, кім екенін, қанша қаражат бөлінгенін және қандай мақсатта қаражат бөлгенін айтыңыз”, – деді депутат.

Еске салайық, бүгін мәжілісте Ирина Смирнова Қазақстандағы шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне алаңдаушылық білдіріп, тиісті заң қабылдауды ұсынған еді.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 12 Ақпан, 2025 20:48