Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мадридтік “Реалдың” жұлдызды ойыншысы клубпен ортақ шешімге келе алмай, командадан кетпек

Фото:Getty images

Мадридтік "Реалдың" жұлдызды шабуылшысы Винисиус Жуниор клубпен жаңа келісімшарт жөнінде ортақ шешімге келе алмай жатыр. Соның салдарынан футболшының командадан кету ықтималдығы арта түсті. Бұл туралы Stan.kz  ақпарат агенттігі хабарлады.

Испаниялық БАҚ жазған ақпаратқа сүйенсек, бұған дейін айтылған "Реал Винисиусты сатуы мүмкін" деген сыбыстар шындыққа айналуы ықтимал.

Fichajes таратқан дерекке сай, Лондонның "Челси" клубы бразилиялық шабуылшыны қатарына қосуды көздеп отыр. Алдын ала мәлімет бойынша ағылшын клубы 150 млн еуро көлемінде ұсыныс жасауға дайын. Егер тараптар келісімге келсе, Винисиус "Челси" тарихындағы ең қымбат трансфер атануы мүмкін.
Лондондық клуб жаңа маусымда бразилиялық шабуылшылардан құралған үштік жасақтауды көздеуде. Жоао Педро мен Эстевао биыл командаға қосылған болса, Винисиус келсе, "Челсидің" бразилиялық триосы жасақталмақ.

Айта кетейік, "Реал Мадрид" 2017 жылы Винисиусты сатып алу туралы келісімшартқа қол қойған. Ол келісім футболшы 18 жасқа толған күні – 2018 жылдың 12 шілдесінен бастап күшіне енді. Сол кезде Винисиус әлі 18 жасқа толмаған еді. Оның трансфер құны 46 миллион еуроны құрады. Бұл сол кезеңде Бразилия футболы тарихындағы ең қымбат сатылымдардың бірі атанды әрі 18 жасқа толмаған ойыншы үшін төленген рекордтық сома болды.

"Реал Мадрид" 2018 жылы Винисиусты ресми түрде таныстырып, оған 28-нөмірлі жейде табыстады. Сол жылы қыркүйекте ол "Атлетико Мадридке" қарсы матчта алғаш рет алаңға шығып, доп тепті. Ал 31 қазанда Копа дель Рей турнирінде "Мелильяға" қарсы ойында алғаш рет негізгі құрамда шығып, екі нәтижелі пас беріп, матчтың үздігі атанды.
3 қараша күні "Вальядолидке" қарсы ойында ол "Реал" сапындағы алғашқы голын соқты.

Айнұр Мұхади
Дүйсенбі, 17 Қараша, 2025 21:43
Талқылау