LRT-ның жерүсті желісі Қосшыға дейін салынады
Фото: GTS
LRT-нің келесі желісі Қосшы бағытына қарай салынады. Бұл туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әкімнің айтуынша, күн сайын Қосшыдан елордаға 15-20 мыңға дейін автокөлік кіреді, бұл қала жолдарына айтарлықтай салмақ түсіреді.
"Қосшы өсіп келе жатқан ірі серіктес қала, ол қаланың жүктемесін азайтуда Астанаға едәуір көмек көрсетіп отыр. Сондықтан Қосшыдан қалаға белсенді қозғалыс бар, біз келесі кезеңді осы бағытта салатын боламыз", - деді қала басшысы.
Қасымбектің айтуынша, бұл жобаның екінші кезеңіндегі тармақтардың бірі ғана. Екінші тармақ Сығанақ көшесі арқылы Тұранға, одан әрі қаланың ескі бөлігіне – теміржол вокзалына дейін өтеді. Ал Қосшыға баратын бірінші бөлікті бір жарым жыл ішінде аяқтау жоспарланып отыр.
Қаржыландыруға қатысты әкім қаражаттың қарыз түрінде алынуы мүмкін екенін айтты.
Сондай-ақ ол Қосшы бағытына баратын желінің бір бөлігі жер үстімен өтетінін айтты.
"Қазіргі таңда әр таң сайын 50 мыңнан астам адам Қосшыдан қалаға көлікпен, әсіресе сағат 08:00 шамасында келеді. Бұл Тұран, Қабанбай батыр және Мәңгілік Ел даңғылдарына үлкен жүктеме түсіреді", – деді әкім.
Айта кетейік, бұған дейін 29 қыркүйекте Астанада жеңіл рельсті көлік жүйесін сынақ режимінде пайдалану басталғаны хабарланды.
ТЭЦ-тің газға ауысуы Алматыдағы лас ауа проблемасын шеше ала ма: Сарапшылар мегаполистегі қалың тұмша неден түзілетінін талдап берді