Лор дю Тейе: Қазақстанның ең үлкен байлығы – әйелдер, ерлеріңіз сіздерді бағалай бермейтін сияқты
Лор дю Тейе Қазақстанға тұңғыш рет 2005 жылы келіп, халықтың қонақжайлылығына, даланың кеңдігіне таңғалған. Қазір «Француз Альянсы» мәдени орталығын басқаруға келген мадам дю Тейе еліміздің өркендеп-өсіп жатқанын айтады. Қазақ тілін үйреніп, сонау Парижден Алматыға қоныс аударған Лор дю Тейенің қазақ әйелдері, шымкенттік жүргізушілер және екі ел мәдениетін тоғыстырған қызметі жайында пікірі туралы Stan.kz сайтының тілшісіне берген сұхбатында ұсынамыз.
Сіз бұған дейін Қазақстанда екі мәрте болдыңыз. Біздің елді өзіңіздің зерттеу жұмысыңызға арқау ету себебі неде?
Бұл тақырыпты оқып жүргенде таңдадым. Мен Сорбоннаның Шығыс тілдер институтында оқып жүрдім. Менің профессорым, Катрин Пужоль, Орталық Азияны қатты жақсы көретін.Сорбоннада Орталық Азия тілдерін оқуға ұсынды. Мен қазақ тілін таңдадым. Шолпан есімді қазақ оқытушым болды. Қазақстанды зерттегендіктен, тілін де үйренуім керек болды. Маған қазақ тілі өте қатты ұнайды, себебі естілуі француз тіліне ұқсайды. Бірақ қазақ тілін үйреніп бастағаныма 20 жылдай болып қалды, одан кейін үңіліп оқуға мүмкіндігім болмады.
«Француз Альянсын» басқаруға келгеніңіз кездейсоқтық болды ма?
Бұл лауазым Қазақстан туралы білімді, аймақ мәдениетін және тілді қажет етті. Оған дейін Альянстың жұмысын жақсы білетінмін, себебі 1998 жылы Қырғызстандағы Француз Альянсында тәжірибеден өттім. Қызметпен Қазақстанға екі жарым жыл бұрын келдім.
Қазақстанға келгендегі сіздің алған әсеріңіз?
Алғаш рет 2005 жылы келгенімде, мен ол кезде Тың көтеру тақырыбына диссертациялық зерттеуімді жазып жүрген едім. Ол кезде сұхбаттар өткізуге, зерттеуімді тереңдетіп жүргізуге келдім, Ұлттық мұрағат пен кітапханада болдым. Дәл сол кезде елдеріңіз туралы алғашқы әсерім қалыптасқан болар. Қазақстан дегенде менің көз алдыма дархан дала елестейді. Ол кезде халық туралы да, ел туралы да білмеген едім. Мен алғашқы сапарымда адамдармен танысып, түрлі отбасылардың үйінде болдым. Бір адаммен таныссам, ол басқа адаммен таныстырып, сөйтіп, диссертациямды жазуға үлесін қосқан адамдармен табыстым. Мен өз диссертациямды үйлерін, жүрегін ашқан қазақстандықтарға арнадым.
Сізге дамыған елден біздің елге келуге қиын болмады ма?
Бұл жерде де жайлы өмір сүремін, кеңсеміз орталықта. Әрине, бұл жердегі өмір басқа. Басқа мәдениет. Бірақ бұл жерде Францияға, менің тіліме ғашық, біздің мәдениетті сыйлайтын адамдармен жұмыс істеймін. Сондықтан мұндай адамдармен маған жұмыс істеу ыңғайлы, олар менің елімді қалай сыйласа, мен де Қазақстанды солай сыйлаймын. Осында отбасыммен, жұбайым мен қызыммен келдім.
Мадам Лор, қаншалықты ұзақ үйрендіңіз осы жердегі мәдениетке, тұрмысқа?
Менің жұбайым Австрия тумасы. Мен тұрмыс құрғанша ешқашан бұл елде болмағанмын, алғаш рет отбасы құрғанда бардым, біз сонда көшіп кеттік. Бір Еуропа болғанына қарамастан соның өзінде мен «мәдени шок» алғанмын. Қандай ел екені маңызды емес, кез-келген елдің өз мәдениеті, ерекшелігі болғандықтан, бәрібір таңданыс, шамалы үйреніспеушілік болады. Барлық жерде болады.
Демалыс кезінде үйіңізге барғанда, туған-туыс, жора-жолдастарыңыз Қазақстан туралы көп сұрақтар қоятын болуы керек?
Иә, әрине. Үнемі маған Қазақстан туралы сұрақ қояды. Олар мұнда қатты суық деп ойлайды. Мен күлем, «Еуропада олай емес па? Австрия суық емес па деп?» деп. Алыс ел болғандықтан адамдарымызда теріс пікір қалыптасып қалған, дамымаған ел ретінде. Оның сыртында «Стан»-ға аяқталады. Совет өкіметі құлағаннан кейін менің отандастарым, бөлінген елдердің бір-бірінен айырмашылығы неде екенін түсініп үлгермеді. ТМД-ны бір мемлекет ретінде қабылдайды. Өзбекстан дегенде Бұқара, Самарқанд, Қырғызстан дегенде - треккинг, ал Қазақстан дегенде кең дала көз алдарына елестейді.
Қазақстандағы қызметіңіз қалай дамып жатыр?
Қазір ағылшын тілі, әрине, бүкіл дүние жүзінде бірінші орында. Дегенмен француз тіліне деген сұраныс та бар. Себебі бұл Франкофонияның (Құрамына французтілді 58 мүше-мемлекет кіретін Халықаралық ұйым – ред.) тілі. Сонымен қатар «Абай-Верн» атындағы стипендиалды бағдарламаны жүзеге асырғасын француз тіліне деген сұраныс артты. Біз жыл сайын білімін жалғастырамын деушілерге 100 грант бөлеміз. Барлығы француз тілі мәдениет, махаббат тілі деп қабылдаса, мен француз тілін технология, инновация, болашақ тілі ретінде таныстырғым келеді. Қазір бағдарлама 2-нші жыл жүзеге асып жатыр.
Қазақ халқының өзіңізге ұнайтын, керісінше, ұнамайтын қырлары қандай?
Сіздің халық өте шыдамсыз болады, ал кейде керісінше, тым шыдамды болып кетеді. Жалпы осындай қырлар таңғалдырады, кейде мәдениеттілік жетпей жатады. Мәселен, далада. Тіпті, біздің Альянста да ондай кездеседі. Өте мәдениетті, тәрбиелі адамдар бар, ал кейбірі керісінше, сыйластық дегенді болмайды.
Мен ойлаймын, Қазақстаннның ең үлкен байлығы – әйелдер. Сіздердің әйелдеріңіз өте еңбекқор және ерлеріңіз сіздерді бағалай бермейтін сияқты.
Бізде «Галета күні» болған, осында қонақтарымызды шақырып, барлығын алма бәлішінен дәм таттырдық. Ал бізге екі күннен кейін бір әйел хабарласып, менің галетам қайда деп айқайға басты. Ал менің осындағы командама қарасам, олардың өте ақкөңіл, адал, сенімді екенін түсінемін.
Мен ойлаймын, Қазақстаннның ең үлкен байлығы – әйелдер. Сіздердің әйелдеріңіз өте еңбекқор және ерлеріңіз сіздерді бағалай бермейтін сияқты. Бұл – менің пікірім, менің көзіме түскен нәрсе. Қазақ әйелдері бірегей қасиеттерге ие, бірақ ерлеріңіз соның бағасына жете бермейді. Тым ерке деп айтсам болады. Мен осы жерде әйелдердің қандай жауапкершілікпен жұмыс істейтінін көремін, ал еркектерде ондай байқалмайды. ТМД-ның басқа елдерінде деп жұмыс істедім, бірақ дәл қазақ әйелдерінікіндей қасиеттерді байқамадым.
Әлемдегі ең ұлы кухня атағына ие француз азаматшасы Қазақтың кухнясы туралы не айтады?
Мен етті қатты жақсы көрмеймін. Сондықтан ұлттық тағамдарыңыздан етті, қазы-қартаны да жақсы көрем деп айта алмаймын. Бірақ қызым жылқынын етін жеді (күледі -ред.).Нанды жақсы көрем, француз ірімшігін. Саяхаттаған кезде маған қиындық тудыратын нәрсе, ол – тамақ. Біздің нанымыз бен ірімшігімді қатты жақсы көретіндігім соншалықты, оны қайдан табамын деп уайымдаймын. Француздар үшін гастрономия мәдениетіміздің айнымас бөлшегі, сондықтан осы тұсынан қиналам. Тіпті жұбайымның еліндегі кухняға да қатты үйрене алмадым, иә дәмді, бірақ біздің елдікіне жетпейді дедім (күледі – ред.).
Біздің қазақтарды етті көп жейді деп жүрсем, сөйтсе француздар ет жеуден қазақтардан асып кетеді екен ғой. Парижге барғанда соны байқадым.
Иә, түсте де, кешке де ет жейтін адамдар бар. Бірақ мен оны түсіне алмаймын.
Қазақстаннның тағы қандай қалаларын араладыңыз?
Алматы, Астана (Нұр-Сұлтан), Қарағанда, Астана, Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Байқоңыр, Бурабай.
Не есте қалды, мадам Лор?
Табиғат. Табиғаттарыңыз өте әдемі. Шарын шатқалы, Қапшағай, теңіз сияқты. Кең жазық далаларыңыз. Сіздерде бәрі бар, көл де, тау да, жазық дала да. Бұл көп туристерді қызықтыра алады, бірақ инфрақұрылымдарыңыз өкінішке орай, қатты дамымаған. Елдеріңіз өте үлкен болғандықтан, бір жерден бір жерге жету қиынға соғады.
Ал Шымкент қандай естелік қалдырды?
(Күледі-ред.) Шымкент оңтүстік болғандықтан, бірден сол көзге түседі. Жүргізушілердің көлік жүргізу мәнері қызық, өзімнің қауіпсіздігіме уайымдадым. Және жайбарақат, ештеңеге уайымдамайды, қорықпаңыз, шешімін табамыз дейді.
Елімізде біраз уақыт өткіздіңіз. Қандай позитивті тенденциялар байқайсыз?
Бірінші рет 2005-нші жылы келгенде жүрген жерімде интернет-кафе іздеп шарқ ұрғам, маған хат жазу, жұмысымды жүргізу үшін интернет керек болатын. Табу қиын еді. Ал қазір барлық жерде интернет бар. Бұл өте ыңғайлы. Бұл елдің дамып жатқанының белгісі.
Үлкен қымбат көліктердің көптігіне, жалпы көліктің көптігіне таңғалдым. Өмірімде көрмеген қымбат көліктерді осы жерде көрдім. Одан кейін қатты таңғалдыратыны – өте бай адамдармен қатар өте кедей адамдардың көптігі. Алдыкүні жолдың жиегінде бір әжей гүл сатып отырды, қандай аянышты жағдай, өмірбойы жұмыс істеп, қазір күнін көру үшін гүл сатуға мәжбүр. Бірақ мұндай құбылыс барлық елде кездеседі, өкінішке орай.
Жақсы жақтарынан – әдемі, замануи ғимараттар көп салынуда, адамдар ашық болуға тырысады. Араласуға-тануға тырысады.
Мадам Лор, сұхбатыңызға зор алғысымызды білдіреміз. Қазақстандағы мәдени миссияның өркендей берсін!
Сұхбат алған: Жанар Жансейіт

“Үш жерде жұмыс істесем де, отбасымды асырауға жетпеді”: Шотландияға кеткен отандасымыз Қазақстандағыдан 10 есе көп жалақы алатынын айтты
