Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Лондоннан Сингапурға ұшып, турбуленттікке тап болған рейс үшін әуекомпания зардап шеккендерге өтемақы төлейді

Singapore Airlines 20 мамырда Лондоннан Сингапурға ұшатын SQ321 рейсінде қатты турбуленттіктен зардап шеккен жолаушыларға өтемақы төлеуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: AFP

Компания жеңіл жарақат алғандарға 10 000 доллар (4 миллион 450 мың теңге) , ауыр жарақат алғандарға 25 000 долларға дейін (11 миллион теңге) төлеуді ұсынды.

"Аса ауыр жарақат алғандарды өздерін жақсы сезініп, тілдесуге дайын болған кезде өтемақы туралы ұсынысты талқылауға шақырдық", – делінген әуекомпанияның мәлімдемесінде.

Мьянма әуе кеңістігінде шамамен 11 км биіктікте ондаған жолаушы жарақат алып, британиялық қария жүрек талмасынан көз жұмды. Бортта 211 жолаушы мен 18 экипаж мүшесі болған. Boeing 777-300ER экипажы Бангкоктағы Суварнабхуми әуежайына қонуға шешім қабылдады. Онда зардап шеккендерге көмек көрсетілді.

Жылдамдықтың кенеттен өзгеруінен ұшақ 5 секундтан аз уақытта 54 метр құлап, салдарынан белдік тақпаған жолаушылар жарақат алды. 

Сингапур көлік министрлігінің хабарлауынша, борттық жүйелер ұшу биіктігінің өзгергенін байқаған, ұшқыштар  "қауіпсіздік белдіктерін тағу керек” деген белгіні қосқан. 8 секундтан кейін оқыс оқиға болған. 

Қатты турбуленттіктен кейін олар автопилотты өшіріп, ұшақты 21 секунд қолмен ұшырды. 17 минуттан кейін олар төмен түсіп, Бангкокқа аман-есен қонды.

Singapore Airlines SQ321 рейсінің барлық жолаушысының билеттерін қайтаратынын хабарлады.

"Барлық жолаушы ЕО немесе Ұлыбританияның тиісті ережелеріне сәйкес рейс кешіккені үшін өтемақы алады", – деді компания.

Бангкоктан Сингапурға ұшатын жолаушыларға төтенше жағдай шығындарын жабу үшін мың сингапурлық доллар (333 мың теңге) төленді.

Тасымалдаушы медициналық шығынды да өз мойнына алып, зардап шеккендердің отбасы мүшелерін Таиландқа тегін ұшырды.

Оқиғаға қатысты тергеу жалғасып жатыр. Тергеу тобына Сингапурдан келген өкілдерден басқа, АҚШ ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесінің (NTSB), АҚШ федералды авиация әкімшілігінің (FAA) және Boeing сарапшылары кіреді.

Еске салсақ, Лондоннан Сингапурға ұшқан ұшақ турбулентті аймаққа тап болып, бір жолаушы көз жұмған еді.

Талқылау