Лондонда теракті болып, 7 адам ажал құшты (фото)
Лондондағы көпірде және Боро базары аумағында сенбіден жексенбіге қараған түні екі теракті болды.
Ғаламторда жарияланған видеода автобус көшедегі адамдарды қаққан. Жылдамдықпен келген көліктен пышақ ұстаған адамдар шығып, көшедегі жаяу жүргіншілерге шабуылдаған.
Кадрларды Daily Mail басылымы жариялады. Мәліметтер бойынша, жеті адам ажал құшып, 20-дан астам адам жарақат алды. Ел билігі бұл оқиғаны теракті деп атады.
Куәгерлердің айтуынша, полицейлер бір күдіктіні қолға түсірген. Алайда, бұл ақпарат рас болмай шықты. Ешбір қылмыскерді тірідей ұстау мүмкін болмаған.
Sun газетінің мәліметінше, екі күдіктіні полицейлер атып өлтірген. Желіде бір күдіктінің денесінің суреті жарияланды.
Суретте ер адамның денесінде жарылғыш зат бары байқалады. Автор мұның бомбадан гөрі, жасанды затқа ұқсайтынын айтады. Полицейлер ұзақ уақытқа дейін ақпарат бермеді. Тәртіп сақшылары қауіпті толықтай жойдық деп сенімді айта алмады. Полицейлер күдіктілердің бәрінің көзі жойылмаған болуы мүмкін екенін ескертті.
Түнгі сағат 4-те полицейлер үш күдіктінің өлтірілгенін айтты, Олар күдіктілердің денесінде шынында да муляж болғанын атады. Полицейлер үш күдіктіден басқа шабуылға ешкім қатыспағанына сенімді. Сондықтан қазіргі уақытта ешқандай қауіп жоқ. Қалай дегенмен де олар тұрғындардан сақтанып жүруге шақырды.
Бұдан басқа осы кеште Воксхолл ауданында тағы бір төтенше жағдай болды, бірақ бұл лаңкестікке жатқызылған жоқ.
Лондондағы террорлық акті жайында ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов өзінің желідегі парақшасында жазды.
«Лондон полициясы бүгін түнде болған оқиғаны террористік әрекет деп бағалады. Осы уақытқа дейін бар ақпарат бойынша, Лондондағы шабуылдар салдарынан қаза болған және зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Бұл алдын ала ақпарат. Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігі тиісті анықтау жұмыстарын жалғастыруда», – деп жазды Әнуар Жайнақов.
Тағы да оқыңыз:
Журналист Сәуле Әбединова өзіне қарсы уәж айтқан Меруерт Өтекешованың сынына жауап берді