Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ливандағы жарылыстар, Wildberries кеңсесіндегі атыс, Грузияның ЛГБТ насихатына тыйым салуы: Әлем жаңалықтарына шолу

Осы аптада Таяу Шығыстағы текетірес жаңа сипатқа ие болды. Ливандағы пейджерлер мен рациалардың жаппай жарылуы жағдайды тіпті қиындатты. Сонымен қатар, танымал маркетплейс Wildberries кеңсесінде атыс болған. Ал АҚШ-тың бұрынғы пезиденті Дональд Трамп тағы бір өлімнен аман қалды. Оған қоса Пашинян ҰҚШҰ Арменияның қауіпсіздігі мен егемендігіне қауіп төндіретінін айтты. Stan.kz тілшісі осы аптадағы әлем жаңалықтарына шолу ұсынады.

2800 адам жаралан: Ливанда бір уақытта 5 мыңға жуық пейджер жарылды

Бейрутте және Ливанның басқа қалаларында 17 қыркүйек күні бірқатар жарылыстар орын алды. Ливандық Хезболла қозғалысы мүшелерінің 4 мыңға жуық пейджерлері бір уақытта жаппай жарыла бастаған. Жарылыстар 30 минуттан астам уақытқа созылды.

Фото: Reuters

Жараланғандар арасында "Хезболла" мүшелері мен дәрігерлер, Иранның Ливандағы елшісі де бар. 12 адам қаза тауып, 2800 адам жараланды.

Мұнымен жарылыстар біте қоймады. 18 қыркүйек күні Ливанның оңтүстігінде және Бейруттің оңтүстік шетінде Хезболла пайдаланатын портативті рациалар жарылған.

Ливанның денсаулық сақтау министрлігі 20 адам қаза тауып, 450-ден астамы жараланғанын хабарлады.

Жарылыстарға кім жауапты?

Фото видеодан алынған

Израиль жарылыстарға жауапкершілікті өз мойнына алған жоқ. 

Пейджерлер операциясының алдында Израиль басшылығы тек әскери әрекет қана Хезболланың шабуылдарын тоқтатып, Израильдің бейбіт тұрғындарына Ливанмен шекараға жақын жердегі үйлеріне қайтуға мүмкіндік беретінін ашық ескерткен болатын.

Кейбір израильдік шолушылар жарылыстарды операциялық сәтті деп бағалады. Алайда Израиль құрылғыларды қазір жаруды жоспарламағанын, ақпараттың ағып кеткендіктен  миссияға нұқсан келеді деп алаңдағанын хабарлады.

"Иерусалимдегі шенеуніктер, қорғаныс мекемелері мен бірнеше сарапшылар Ливанда жан-жақты науқанды бастау үшін қазіргі уақытты пайдалану керек деп санайды. Бұл науқан Израильдің ішкі майданына үлкен қауіп төндіретін Иранның көмегімен сатып алынған Хезболланың зымырандық және басқа да мүмкіндіктерінің маңызды бөлігін жоюы мүмкін", – деп жазды Израильдің Ynet жаңалықтар сайтында соғыс ардагері Рон Бен-Йишай.

Ливан мен Хезболла шабуылдың артында Израиль тұрса, бұл бұрын-соңды болмаған үлкен қақтығысқа себеп болуы мүмкін екенін алға тартады.

Дүйсенбі күні Израильдің қорғаныс министрі Йоав Галлант АҚШ өкілі Амос Хокштейнмен кездесуі барысында Хезболламен дипломатиялық келісім жасау осымен тоқтағанын, енді әскери күш жұмылдырылатыны айтқан. Осы мәлімдемеден кейін бірнеше сағат өткен соң пейджерлердің жарылысы орын алған.

Ливан сыртқы істер министрлігі пейджерлердің жарылыстарын "Израильдің кибершабуылы" деп атады, бірақ дәлелдер келтірмеді. Ливанның ақпарат министрі бұл әрекетті Ливанның егемендігіне төнген қауіп деп мәлімдеді.

Ал АҚШ мемлекеттік департаменті бұл оқиғаға қатысы жоқ екенін және ақпарат жинап жатқанын айтты. Пентагон Таяу Шығыстағы АҚШ күштерінің ұстанымы өзгеріссіз қалғанын растады.

Сарапшылар Израиль мен Хезболла арасындағы қақтығыс қаупі туралы ескертеді.

Мэттью Левиттің айтуынша, пейджерлердің жарылысы уақытша қиындық тудырғанымен, бұл қақтығысты шешпейді. Ал Джонатан Паникофф егер дипломатия сәтсіздікке ұшыраса, шиеленіс жаппай соғысқа айналуы мүмкін екенін ескертті.

Жарылған пейджерлер Тайваньда өндірілген

Фото: Reuters

Ливандық дереккөздің хабарлауынша, Хезболланың соңғы айларда сатып алған пейджерлер жарылған.

Израильдің Моссад тыңшылық қызметі жарылыста бірнеше ай бұрын Ливандағы Хезболла тобы Тайваньда жасалған 5 000 жуық пейджерді тапсырыспен алғанын, сол пейджерлердің ішінде жарылғыш болғанын алға тартады.

Ливандық дереккөздің айтуынша, Хезболла тобы Тайваньдық Gold Apollo компаниясына пейджерлерге тапсырыс берген. Пейджерлер жылдың басында жеткізілген.

Ал Gold Apollo компаниясы Ливандағы жарылыстарда пайдаланылған пейджерлерді өндірмегендерін айтты. Оларды Тайвань фирмасының брендін пайдалануға құқығы бар Еуропадағы компания шығарған.

Wildberries кеңсесіндегі атыс

Фото: TASS

Сәрсенбі, 18 қыркүйекте Мәскеу орталығындағы Wildberries кеңсесінің жанында атыс орын алды. Қақтығыс кезінде екі күзетші қаза тауып, жеті адам жарақат алды, оның ішінде екі құқық қорғау қызметкері бар. Оқиға "Романов Двор" бизнес орталығында болды, мұнда Wildberries кеңсесі орналасқан.

Wildberries иесі Татьяна Бакальчуктың күйеуі Владислав Бакальчук бұл қақтығысты келіссөздермен байланыстырды, алайда Татьяна мұны жоққа шығарып, оқиғаны "рейдерлік шабуылдың сәтсіз әрекеті" деп атады. Владислав Wildberries-тің 1% акциясына иелік етеді, бірақ компания қызметкері емес. Оның жақтастары кеңсеге кірмек болған кезде, жанжал шығып, атыс басталған.

Оқиғадан кейін Wildberries қызметкерлері қашықтан жұмыс режиміне көшірілді, алайда компанияның қызметі бұзылмағаны хабарланды. Тергеу комитеті бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қозғады, оның ішінде кісі өлтіру және құқық қорғау қызметкерлерінің өміріне қауіп төндіру баптары бар.

Қақтығыстың себебі Бакальчуктар арасындағы ажырасу үдерісімен байланысты болуы мүмкін. Ерлі-зайыптылар мүлікке қатысты таласқа түсіп, бірнеше айдан бері дауласуда. Татьяна Бакальчук Wildberries пен жарнама операторы Russ арасындағы серіктестікке қарсы шығып, күйеуін рейдерлік әрекетке қатысы бар деп айыптауда.

Владислав Бакальчуктың нұсқасы

Фото: t.me/WBakalchuk

Владислав Бакальчуктың айтуынша, оның адвокаттары Wildberries-ке кеңсеге бару туралы ресми түрде хабарлаған болатын. Түстен кейін VB Development компаниясының бөлшек сауда қоймаларының құрылысын тоқтатуға байланысты мәселені шешу үшін келіссөздер өтуі керек еді. Алайда, бизнес орталықтың күзетшілері оны өткізуден бас тартып, содан кейін атыс басталды. Бакальчукпен бірге жүрген полиция қызметкерлерінің бірі жарақат алды, ал WB серіктесі бұл оқиғаны "арандатушылық әрекеті" деп сипаттады.

"Қайталап айтамын: біз қоймалар құрылысын тоқтатуға байланысты жағдайды тез шешу үшін бейбіт келіссөздер жүргізуді жоспарлағанбыз", – деп атап өтті Владислав Бакальчук. Ол арандатушылық болуы мүмкін екенін болжағандықтан, бір күн бұрын Ішкі істер министрлігінің бас штабына қарулы қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы өтінішпен жүгінгенін айтты. Сол себепті ол полиция қызметкерлерінің сүйемелдеуімен Wildberries кеңсесіне келді.

Татьяна Бакальчук пен Wildberries компаниясының нұсқасы

Фото: wildberries.ru

Wildberries компаниясының баспасөз қызметі Forbes-ке берген мәлімдемесінде, Владислав Бакальчук және онымен бірге келген қауіпсіздік қызметкерлерінің кеңсеге кіруге әрекеттенгенін айтты. Оқиға барысында қарулы адамдар бірінші болып оқ жаудырған. Бұл оқиға екі жерде орын алған: "Романов Двор" бизнес орталығында және "Искра-Парк" бизнес орталығында, соңғысы Forbes дерегіне сәйкес Wildberries кеңсесіне жақын жерде орналасқан. Компания өкілдері бұл жағдайдың "келіссөздер жоспарланбағанын" көрсететінін мәлімдеді.

Татьяна Бакальчук өзінің Telegram-арнасында бұл оқиғаны Владислав Бакальчук, Сергей Ануфриев (Wildberries компаниясының негізін қалаушы) және Владимир Бакин (Wildberries банкі директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы) тарапынан жасалған "Wildberries кеңселерін басып алуға сәтсіз әрекет" деп атады. Ол Мәскеудегі кеңсеге қарулы топ келгенін мәлімдеп, құқық қорғау органдарын жағдайды бақылауға шақырды.

"Бізде жасырын ештеңе жоқ. Сондықтан осы жағдайды ұйымдастырғандардың іс-әрекеттерін тергеу нәтижелерінің жариялануын сұраймын", – деп жазды Татьяна Бакальчук.

Владислав Бакальчук қамауға алынды

Владислав Бакальчукке Wildberries кеңсесіндегі атыстан кейін адам өлтіру, өлтіруге оқталу, құқық қорғау органының қызметкерін өлтіруге оқталу және озбырлық жасады деген айып тағылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Forbes-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Владислав Бакальчук 48 сағатқа қамауға алынды. 19 қыркүйек күні таңертең оған қатысты Қылмыстық кодекстің “Кісі өлтіру", “Адам өлтіруге оқталу", “Құқық қорғау органының қызметкерін өлтіруге оқталу” және “Озбырлық” баптары бойынша іс қозғалды. Бұл туралы Бакальчуктың қорғаушылары мәлімдеді.

Қорғаушыларының айтуынша, бұл айыптаулар негізсіз және олардың клиентінің құқықтары бұзылуда. Адвокаттар кісі өлтіруге тағылған айыптарды абсурд деп атап, тергеудің оларға қысым көрсетіп жатқанын айтты. Сонымен қатар, қорғаушылары "тергеу Мирзоян ағайындылары мен Татьяна Бакальчуктың қарулы қылмыскерлермен ынтымақтастығына назар аудармай отыр" деп мәлімдеді.

Трампқа екінші рет жасалған қастандық

Фото: AP

АҚШ президенттігіне кандидат Дональд Трамп өткен жексенбі Флорида штатында гольф ойнап жүрген жерінде тағы да қастандық жасалды.

“Бұрынғы президент Трамп қазір қауіпсіз жерде", – деді оның сайлауалды науқанының коммуникациялар жөніндегі директоры Стивен Чунг.

Оқиғадан төрт сағат өткен соң өткен баспасөз мәслихатында ФБР, Құпия қызмет және жергілікті полиция өкілдері Трамптың гольф клубының жанында көлікпен қашуға әрекеттенген ер адамның ұсталғанын хабарлады. Сондай-ақ, қала сыртындағы бұталардан Калашников типті автомат табылғаны айтылды.

АҚШ-тың бұрынғы президентіне қастандық жасамақ болған кім?

Президенттер мен экс-президенттерді қорғайтын құпиялық қызмет өкілінің айтуынша, олардың қызметкері бұталардың арасынан мылтықты байқап қалып, әріптестерімен бірге күдіктіге оқ жаудырған. Күдікті қара Nissan көлігіне мініп, қашып кеткен. Полицейлер ер адамды көрші округтегі тас жолда ұстады.

Құпиялық қызмет өкілдерінің айтуынша, күдікті Гавайи аралдарының 58 жастағы тұрғыны Райан Уэсли Роут оқ атпаған.

ФБР мен Флорида билігі тергеуді жалғастыруда. Райан Уэсли Роуттың не себепті бұл әрекетке барғаны белгісіз.

Флорида штатының Мартин округінің шерифі Уильям Снайдер күдікті қамауға алу кезінде өзін сабырлы ұстағанын алға тартты.

"Ол не болғанын сұрамады. Полицейлер мылтықпен басып алып, суретке түсіріп, қарбалас болып жатқанда да өзін сабырлы ұстады", - деді Шериф Снайдер.

Сейсенбі күні Дональд Трамп Мичиган штатының Флинт қаласында жексенбі күнгі қастандықтан кейін алғаш рет сөз сөйлейді. Мичиган - президенттік сайлауға түсетін негізгі штаттардың бірі және жергілікті сайлаушылардың дауысы сайлаудың нәтижесін шешуге көмектеседі.

Алайда сарапшылар жаңа шабуыл Трамптың сайлауалды жоспарына әсер етпейтінін айтады.

Пашинян: ҰҚШҰ Арменияның егемендігіне қауіп төндіреді

Фото: ria.ru

Ұжымдық қауіпсіздік шартын ұйымдастыру (ҰҚШҰ) Арменияның қауіпсіздігіне, өмір сүруіне және егемендігіне қауіп төндіреді, деп мәлімдеді Армения премьер-министрі Никол Пашинян.

"Біз ҰҚШҰ-ға мүшелігімізді тоқтаттық, себебі ҰҚШҰ Арменияның қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өз міндеттемелерін орындамайды. Сонымен қатар, ҰҚШҰ Арменияның қауіпсіздігіне, оның одан әрі өмір сүруіне, егемендігі мен мемлекеттілігіне қауіп төндіреді", – деді ол Бүкілармяндық форумда сөйлеген сөзінде.

Сонымен қатар ол ҰҚШҰ екі жылдан бері уәдесін орындамағанын, алдағы уақытта да уәдесінде тұруға ниетті емес екенін айтты.

"ҰҚШҰ-ға оралу туралы Армения Республикасы не ойлайтыны туралы мәселе көп талқылануда. Біз талаптарымыз орындалғанда ҰҚШҰ-дағы қызметімізді толықтай қалпына келтіреміз деп айтқан болатынбыз. Алайда, бұл мәселе бойынша жауаптар әлі берілмеген, және олардың жақын арада берілмейтіні анық", – деді ол.

Пашинян Арменияның ҰҚШҰ-мен қарым-қатынасында "қайтпайтын нүктеге" жақын екенін атап өтті.

Сонымен бірге, Армения премьер-министрі Ереванның Еуразиялық экономикалық одақпен (ЕАЭО) немесе Ресеймен қарым-қатынасын үзуге ниеті жоқ екенін атап

"Арменияның тауар айналымын қысқарту немесе Ресеймен және ЕАЭО елдерімен экономикалық байланыстарды үзуге ниетті емес", – деді ол.

Грузия парламенті ЛГБТ насихатына тыйым салатын заң жобасын мақұлдады

Фото: shutterstock

Грузия парламенті соңғы оқылымда "Отбасы құндылықтары және кәмелетке толмағандарды қорғау" туралы заңнамалық пакетті қабылдады.

Парламенттік көпшіліктің пікірінше, заңнамалық пакет тек ЛГБТ қауымдастығын насихаттауды шектеуге бағытталған (бұл қозғалыс Ресей Федерациясында экстремистік деп танылып, тыйым салынған).

Тбилисидегі Ұлыбритания елшілігі заң жобасының қабылдануына теріс реакция білдіріп, адамның негізгі құқықтары, соның ішінде сөз және жиналыс бостандығын әлсірететін, сондай-ақ қоғамның белгілі бір тобына стигматизация қаупін тудыратын заңнамалық пакеттің қабылдануына алаңдаушылық танытты. Елшілік мәлімдемесінде бұл заңның Венеция комиссиясының ұсынымдарына қайшы келетіні айтылған.

Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе сәуір айында ЛГБТ қауымдастығын насихаттау ел үшін қолайсыз екенін және тиісті заңның міндетті түрде қабылданатынын мәлімдеген. Ол ЛГБТ насихаты Еуропада туындаған демографиялық мәселелерге себеп болғанын атап өтіп, соңғы жеті жылда Еуропада өздерін ЛГБТ қауымдастығына жатқызатын адамдар саны үш есе өскенін алға тартты.

Сонымен қатар, Кобахидзе Грузияның барлық азаматтарының құқықтары қорғалатынын, бірақ билік ЛГБТ қауымдастығын насихаттауға жол бермейтінін айтты.

Талқылау