Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Легионерлерге азаматтық беріп, ел атынан додаға қосу тәжірибесін доғару керек – Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Париж олимпиадасындағы спортшылар мен бапкерлерді салтанатты жиында жетістіктерімен құттықтап, шетелдік спортшыларға азаматтық беруді доғару керек екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Akorda.kz

Мемлекет басшысы легионердің ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін жас әрі болашағынан көп үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кесетінін айтты.  

“Кез келген легионер ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін жас әрі болашағынан көп үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кеседі. Одан гөрі қазір бізде дамуы кенжелеп тұрған спорт түрлерінен мықты шетелдік бапкерлерді тарту мүмкіндігін қарастырған жөн. Легионер-спортшылардың жетістігі бүгін мерейіңді өсіргенмен, ертең абыройыңды асқақтатпайды. Бұл жерде кәсіби бапкерге басымдық берген жөн,– деді президент. 


"Талантты бапкерлер өз елімізден қолдау таппай, шетел асып жатыр": Президент спорттағы жемқорлық фактілері туралы айтты


Сондай-ақ мемлекет басшысы кәсіби спортта шешімін күткен түйткілді мәселелер де баршылық екеніне тоқталды. 

“Мемлекет ең жоғары деңгейдегі спортшыларды дайындауға жеткілікті мөлшерде қаржы бөледі. Сондықтан жұртшылықтың халықаралық жарыстарда кейбір спорт түрлерінен жүлде күтуі – заңдылық. Салалық ведомство спорттың олимпиадалық түрлерін дамыту ісінде кеткен жүйелі қателіктерді егжей-тегжейлі талдауға тиіс. Кешенді реформа жасайтын уақыт келді. Ал оны жүзеге асыру үшін құзыретті министрлік, Ұлттық олимпиада комитеті және спорт федерациялары үйлесімді әрекет етуі керек. Спортта әділ бәсекелестік рухы салтанат құруы қажет. Жемқорлықпен табанды түрде күресіп, жоғары нәтижеге қол жеткізуге кедергі келтіретін протекционизм секілді факторлардан іргені аулақ салған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске салайық, бұған дейін Қасым-ЖомартТоқаев Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездескені туралы хабарлаған едік. 

Талқылау