Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Лакшми Митталға көмір мен темір қымбат, ал халыққа өмір қымбат - депутат

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Аманжол Әлтай Қазақстан Республикасы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Депутат Аманжол Әлтай Теміртауды Теміртау емес Түтінтау деп бағалады. Оның айтуынша, қала тұрғындары қап-қара қардың үстінде ащы түтін мен улы газға тұншығып, күркілдеп жөтеліп жатыр. 

“"АрселорМиттал Теміртау" компаниясында 28 жылдың ішінде еңбек заңы белден басылды, жұмысшылардың құқығы қорғалмады, еңбек қауіпсіздігі сақталмауының кесірінен шахталардағы жарылыстан жүздеген адам мерт болды, модернизация жүргізілмей, өндірістегі жабдықтар әбден тозды, экологиялық қондырғылар жаңартылмады, соның кесірінен бүгінде атмосфераға тарайтын зиянды қалдықтар белгіленген нормадан бірнеше есе асып түсіп отыр.  Теміртау қаласы бойынша шығарындылардың нақты көлемі 2021 жылы – 243 мың, 2020 жылы – 242 мың тонна деп көрсетілген. Алайда бұл статистикалық деректер шындыққа мүлдем сәйкеспейді. Мәселен, 2019 жылы азот диоксиді 12 есе, күкірт сутегі 13 есе, күкірт диоксиді 10 есе асып кетуімен зиянды заттардың 61 жағдайы тіркелген. Сондықтан сараптау жүргізіп, нақты ақиқатты ашып көрсететін тәуелсіз экологиялық эксперттік аудит жүргізуді талап етеміз”, - деді Аманжол Әлтай. 

Депутаттың айтуынша, әлемнің 18 мемлекетінде өндірістік кәсіпорындары бар "АрселорМиттал" компаниялар тобынан атмосфераға тарайтын зиянды шығарындыларының 50%-ға жуығы Теміртау комбинатына тиесілі және көмір қолданатын жалғыз кәсіпорын. 

“Өндіріс орнынан қоршаған ортаға жыл сайын таралатын зиянды қалдықтардың мөлшерден бірнеше есе артық болуы, шаруашылық-тұрмыстық сарқынды суларды төгу кезінде экологиялық талаптардың сақталмауы қала тұрғындарының денсаулығына зиян тигізуімен қатар, қала маңындағы өзен-суларды да ластауда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғаруынша, адам денсаулығына ең қатерлі жағдайлардың бірі – қоршаған ортадағы ауаның ластануы. Оның салдары түрлі дерттің көбеюіне әкелетіні белгілі”, - деді депутат.

Депутаттық сауалында Аманжол Әлтай Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға бірнеше талаптар қойды. 

“Лакшми Митталға көмір мен темір қымбат, ал халыққа өмір қымбат! Құрметті Роман Васильевич, төмендегі талаптардың орындалуына ықпал етуіңізді сұраймын:

1. "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-на тәуелсіз экологиялық эксперттік аудит жүргізілсін; 
2. Модернизация жүргізу, заман талабына сай экологиялық қондырғылар, автоматты мониторинг аспаптарын орнату талап етілсін;
3. Жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігін сақтау қатаң бақылауға алынсын;
4. Табиғатты қорғау шаралары күшейтілсін, әлеуметтік салаға көмектесуге назар аударылсын;
5. Жұмысшылардың еңбекақысын көтеру мәселесі қолға алынсын.
Жауапты заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша ұсынуыңызды сұраймын”, - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Аманжол Әлтай. 


 

Талқылау