Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Лагостан Вашингтонға бағыт алған ұшақ төменге күрт құлдилады: 38 жолаушы зардап шекті

Америкалық United Airlines әуе компаниясының Boeing 787-8 Dreamliner ұшағы жұма күні сағат 23:59-да Нигерияның Лагос қаласынан Вашингтонға (АҚШ) бағыт алды. Бірақ ұшақ кенет төменге қарай құлдилай бастаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bild-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Depositphotos.com

Лагос-Вашингтон рейсіндегі бортта 245 жолаушы, сегіз стюардесса және үш ұшқыш болған. FlightRadar24 агенттігінің мәліметінше, ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін шамамен 93 минут өткенде кенеттен шамамен 10 937 биіктіктен төмендей бастаған. Бұған дейін ұшақтағы жолаушылар қатты соққыны сезген. Олар биіктікте тұрып ұшақтың үш рет күрт төмендегенін айтқан. 

Нигерияның федералды әуежайлар басқармасы (FAAN) ұшқыш таңғы сағат 01:20-да қауіп туралы белгі беріп, апатты жағдайда қонатынын жариялағанын мәлімдеді. Кейін ұшақ сағат 03:22-де Лагосқа оралып, Муртала Мұхаммед халықаралық әуежайына аман-есен қонды. 

Ұшақта 38 жолаушы зардап шекті. Құтқарушылар зардап шеккендерге алғашқы медицина көмегін көрсету үшін оларды жолаушылар шығатын жерде күтіп тұрған. Төрт жолаушы мен екі жолсерік ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Тағы 27 жолаушы мен бес экипаж мүшесі ауыр емес жарақат алған. Сондықтан үйіне жіберілді.



United Airlines компаниясының өкілі апатты қону болғанын растады, бірақ оқиғаның нақты себебін айтпады. Әуе компаниясы ұшақта турбуленттік жағдай болғанын жоққа шығарды.

Бұған дейін премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясы ұшағының қара жәшігіндегі интернетке тараған диалог шындыққа сәйкес келмейтінін айтқан еді. 

Талқылау